• RUB:
    4.97
  • USD:
    497.26
  • EUR:
    525.21
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Қыркүйек, 2019

Тұңғыш Президент Қорының сыйлығы

213 рет
көрсетілді

Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры жылдағы игі дәстүр бойынша жалпыұлттық акциясы аясында оқу жылының басталуына дайындық кезінде аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсетуде.

Осындай ізгілікті істің бір парасы Ақмола облы­сының Қорғалжын ауданында өтті. Еліміз бойынша биыл Тұңғыш Президент Қоры оқушы­ларға мектепке қажетті 500 сөмке әзірлеп, таратты. Әрине, олардың бір бөлігі осы айтулы шара ұйым­дастырылған қорғалжындық оқушыларға тиді.

Биылғы сыйлықтың жылдағыдан бір ерекше­лігі – сөмке іші балалардың спорттық киімімен толықтырылған. Оған қоса, сөмкелер жарық шағылыстыратын элементтермен жабдықталған екен. Бұл ерекшелік баланың жолдан өтердегі қауіп­сіздігіне аса қажет дүние. Сондай-ақ әр сөм­кеге төтенше жағдай кезінде қажет қауіпсіздік жадынамасы, қалта шамы, дабыл құралы (ысқырық) салынған.

Осы шаруаның басы-қасында жүрген Қазақ­станның Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының аға үйлестірушісі Гүлнара Ершіманова аз қам­тамасыз етілген және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларды барынша қамту дәстүрге айнал­ғанын жеткізді.

– Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры соңғы 10 жыл ішінде «Мектепке жол» акциясы аясында еліміздің барлық аймақтарынан 9 мың балаға мектеп сөмкелері мен кеңсе тауарлары түрінде материалдық көмек көрсетті. Мектеп сөм­келері тек қалалар ғана емес, сонымен қатар еліміз­дің осы аймақтарының шалғайдағы ауылдарына да жеткізілді, – деді Г.Ершіманова.

Биыл «Мектепке жол» кең ауқымды акциясы Ақмола облысы Қорғалжын ауылын­да ұйымдастырылған «Ұлы дала мәде­ниетін­­дегі құстардың символикасы» атты респуб­лика­лық шығармашылық фестивалі барысында ұйымдастырылды. Фестивальге Ресей Феде­рациясы және Қырғыз Республикасының өкіл­дерін қосқанда 150 бала қатысты.

Жоба – Елбасы Қорының Үкіметтік емес ұйым­дарға арналған жыл сайынғы Әлеуметтік идеялар және жобалар іс-шарасының 2018 жыл­ғы жеңімпазы. Фестиваль балалардың дү­ние­танымын, жастардың гуманистік тәрбиесін қа­лып­­тастыруға,  ұлттық мәдениетті на­сихаттауға, патриоттық сезімді қалыптастыруға, ба­лалар мен жастардың шығармашылық, интел­лектуалдық, рухани, физикалық дамуына ықпал етуге бағытталған.

Қазіргі әлемдегі бұл фактор ғылым мен гума­ни­тарлық ғылымдардың өзара әрекеттесуін арттыру-да өте маңызды.

– Әлеуметтік идеялар жәрмеңкесі басталған кезден 250 әлеуметтік жоба іске асырылды. Фести­вальдің бірегейлігі балалардың экологияға назарын аударып, жастардың бойына адамгершілік сезімін сіңіру. Қазіргі заманда бұл ғылыми-жаратылыстану және гуманитарлық білімдердің ынтымақтастығының бірден бір күші, – дейді Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының аға үйлестірушісі.

Іс-шара барысында қызықты тренингтер, түрлі семинарлар және спорттық турнирлер өтті. Қолөнер дүкенінде шеберлер қолөнер бойынша сабақ өткізді. Аудан стадионында спорттық ойын­дар өтті.

Сонымен қатар облыс әкімінің кубогы үшін жастар арасында спорттық туризм бойынша турнир ұйымдастырылды. Фестиваль қонақтары жергілікті бағдарлау бойынша жалпы білім алып, жарыстарға да қатысты.

Барлық сайыстардың жеңімпаздарына Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.