• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 03 Қыркүйек, 2019

Шаршы алаңда – бокс сайыпқырандары

336 рет
көрсетілді

ТМД елдері арасында әзірге баламасы жоқ «Ринг королі» спорттық турнирі Петропавлда осымен үшінші рет өткізіліп, халықаралық сипат алуымен ерекшеленді.

Облыстық әкімдіктің қол­дауына сүйенген Дене шы­нық­ты­ру және спорт басқармасы еліміздің өңірлерінен және Ре­сей­ден жиналған бокс арда­герлері арасында төрт күн­дік іріктеу жарысын ұйым­дас­ты­рып, кіл мықтылар ақтық сайысқа жолдама алды. Күрзі жұдырық иелері арасында 3 халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің, 13 спорт шеберінің, Азия ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлерінің болуы бокс десе, ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлердің зор қызығушылығын тудырды.

Тартысты бәсекені аймақ басшысы Құмар Ақсақалов, бокс­тан Еуропа жеңімпазы, Әлем кубогының күміс жүлдегері Серік Нұрқазов тамашалады.

Шаршы алаңға бірінші болып Нұр-Сұлтан қаласының 36 жастағы өкілі, жазғы Олим­пиа­даға қатысушы Миржан Рахымжанов пен 63 жастағы атыраулық Адик Бермешов көтерілді. 64 кило салмақ бойынша күш сынасқан екеуі де жақсы дайындықпен келгендерін байқатты. Бірінші раундтан кейін М.Рахымжанов өзінен 27 жас үлкен ағасына інілік ізетпен жол берді. Оның бұл қадамына жиналғандар үлкен қошемет көрсетті.

Петропавлдық Мұрат Құр­ман­ғожинов (69 кг) был­тыр­ғы турнирдің жеңімпазы Рустам Жақыповты бірден ауыр соқ­қы­ның астына алып, жерге сұлатып салды. Қалған сал­мақ­тар бойынша астаналық Александр Лучшев (75 кг), қарағандылықтар Қуаныш Исембаев (81 кг), Тимур Байсеркеев (91 кг-ға дейін) жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Ал 91 килодан жоғары аса ауыр салмақта қос ресейлік Сергей Таннагашев пен Сайран Смайылов қолғап түйістірді. Әскерилер арасында әлем чемпионы С.Смайылов жерлесінің бойшаңдығына, қолдарының ұзындығына қарамастан, әбжіл қимыл танытып, айласын асырды. Сөйтіп, өткен жылы алаң иесі Андрей Бейсенбаевтан ұтылып қалған есесін қайтарды. Оған «Ринг королі-2019» белдігін Құмар Іргебайұлы салтанатты түрде тарту етті.

Жеңімпаздар мен жүл­де­гер­лер­ге ақшалай сый­лық­тар да тапсырылды.

Солтүстік Қазақстан облысы