Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен Шетелдерде кадрлар дайындау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы болды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жасалған шетелдерде мамандар дайындау жөніндегі “Болашақ” бағдарламасы қазірдің өзінде өзінің өміршеңдігін көрсете бастады. Осы бағдарламамен шетелде оқып, маман болып келіп жатқан жастар ел экономикасын әлемнің барынша дамыған, бәсекелестікке төтеп бере алатын елдерінің қатарына шығару жолында жемісті еңбек етіп жүр. Қазақстан экономикасының жоғары деңгейде дамуы және еліміздің гүлденуі нақ осы мамандардың білімі мен білігіне тікелей байланысты, деді комиссия жұмысын жүргізіп отырған Қ.Саудабаев.
“Болашақ” стипендиясына үміткерлерді конкурстық тәсілмен таңдау 2010 жылдың 13-26 ақпаны аралығында жүргізілген болатын. Оның екі турынан өткен 196 үміткердің жеке істері Республикалық комиссияның қарауына ұсынылды. Соның ішінде 135 үміткер шетелдік жоғары оқу орындарына өздігінен түскендер, ал 61-і жалпы конкурс бойынша қатысқандар болып шықты. Үміткерлердің 22-сі бакалавр, 41-і магистратура, 133-і ғылыми тәжірибеден өтуге бармақшы екен.
Үміткерлердің ең көбі Ұлыбритания жоо-ларына баруды қалаған көрінеді. Олардың саны 55 адам, ал Ресейге – 50 және АҚШ-қа 31 үміткер баруды көздеп отыр. Сондай-ақ Польша, Испания, Словакия, Швейцария, Германия, Франция, Канада, Италия, Бельгия, Малайзия, Сингапур және т.б. елдерді қалағандар да бар. “Болашақтықтар” таңдаған басымды мамандықтар арасында “Кәсіби білімнің теориясы мен методикасы”, “Педагогикалық диагностика, білім сапасын бағалау мен басқару”, “Шығыстану”, “Ақпараттық технология”, “Экология”, “Құқық”, “Экономика”, “Биотехнология”, “Мемлекеттік саясат”, “Қоғамдық денсаулық сақтау”, “Менеджмент” және басқалар бар.
Отырыс қорытындысы бойынша Республикалық комиссия “Болашақ” стипендиясын 139 үміткерге беретіндігі жөнінде шешім қабылдады. Оның үлкен бөлігін, жоғарыда айтқанымыздай, ғылыми тәжірибеден өтуге баратын үміткерлер иеленді.
Жақсыбай САМРАТ.