• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Экономика 05 Қыркүйек, 2019

Әлеуметтік көмек кәсіпкерліктің бастауы

310 рет
көрсетілді

Президент бизнесті қолдау бойын­ша мемлекеттік бағдарламаларды жаң­ғырту керектігін айтып, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша Үкі­метке қосымша 250 млрд теңге бөлуді тап­сырды.

Соның ішінде әлеуметтік аспек­тілерге – отбасылық кәсіп ашуға, соның ішінде көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың жеке іс бастауына мүмкіндік беру керектігін айтты.

Халыққа көмек ретінде берілген әлеуметтік төлемдердің инфляцияны күшейтіп, масыл­дықты өршіту қаупі бар. Сол қара­жат кәсіп ашу үшін берілер болса, микро және шағын бизнесті кө­бейтіп, экономиканы оңалтуға ық­пал етер еді. Мемлекет басшысы мең­зеп отырған негізгі бағдар да осы.

«Соңғы 5 жылда Қазақстанда атау­лы әлеуметтік көмек алушылар саны 70 мыңнан жарты миллион адамға дейін көбейді. Әлеуметтік қолдауға бағыт­талған бюджет қаражатының көлемі 2017 жылдан бері 17 есе өсті» деген Прези­дент­тің айтуынша, бұл үрдіс қоғамда ма­сылдық психологияны оятқан. Осы орайда, Үкіметтің ендігі міндеті – мем­лекеттік қолдауды әлеуметтік әл­сіз адамдарға берілген қаражат ре­тінде емес, тұрмысын оңалту үшін іс бастағысы келетіндерді кө­­тер­мелейтін көмекке айналдыру.

Жыл басынан бері Үкіметтің әлеуметтік аз қамтылған азамат­тарды қолдауы айтарлықтай арт­қаны анық. Ең төменгі жала­қы көлемінің азаюы, табыс салығының төмендеуі, жал­ғызбасты аналар мен көп балалы от­басыларға жаңа әлеуметтік кө­мектің енгізілуі жалпы төменгі орта таптың күнкөрісіне оң әсер еткені анық. Нәтижесінде, Ста­тистика комитетінің мәлі­метінше, былтырғы мау­сым айымен салыстырғанда биылғы маусымда халықтың нақты ақшалай кірісі 9,4 пайыз өсіп, 99 003 теңгені құрады. Халықтың табы­сы жалақы мен кәсіпкерлік қыз­меттен емес, негізінен әлеуметтік кө­мек есебінен өскен. Олай дей­тініміз, орташа жалақы былтырғы екінші тоқсанмен салыстырғанда биыл екінші тоқсанда 8,9 пайызға ұлғайып, 186537 теңгені құрады. Орташа жалақы өсімі жалпы ақшалай табыстан төмен болса, демек кәсіпкерлік қызмет немесе әлеуметтік төлем айтарлықтай артты деген сөз. Ал 2019 жыл­ғы мау­сымда халықтың атаулы ақ­шалай табыстарының құры­лымында жеке кәсіпкерлік қыз­мет­тен түскен табыс 11,1%-ды, ал әлеуметтік трансферттер тү­ріндегі табыстар 17%-ды құра­ғанын ескерсек, қазақстан­дық­тардың ақшалай кірістерінің артуына бірінші кезекте әлеуметтік көмектің өскені түрткі болғанын байқаймыз.

Инфляцияның күшеюіне бірінші кезекте Үкіметтің әлеу­меттік науқанының ықпал еткені байқалуда. Бұл туралы газетіміздің бұған дейінгі сандарында бірнеше рет жазған болатынбыз. Ұлттық банк төр­ағасы Ерболат Досаев өткен айда Үкімет отырысында инфля­цияның бекітілген 4-6 пайыз дәлізінен асып кету қаупі бар еке­нін ескерткен еді. Бас банкирдің айтуынша, оған азық-түліктің қымбаттауы әсер еткен.

Мәселен, соңғы бір жылдағы инфляция 5,4 пайыз болса, соның ішінде азық-түліктің қымбаттауы 9 пайызға жақындаған. Жыл басынан бергі сегіз айдың өзінде азық-түлік бағасы 6,1 пайызға өсіп отыр. 

Ішкі өндіріс демекші, Үкімет әлеу­меттік төлемдер үшін жұмсаған қара­жатты ішкі өндірісті дамытуға микро және шағын бизнеске бөлгенде тиімдірек болар еді. Өйткені қазіргі жағдайда табысы көбейген халық инфляцияның күшеюіне себеп болып жатқанын жоғарыда айттық. Ал әлгі әлеуметтік қаражат ха­лық­тың «ішіп-жемі» үшін емес, кәсіп ашып, ішкі өндірісті дамытқанда халық­тың тұтыну деңгейі өспес еді, сөйтіп инфляцияны да күшейтпес еді. Соның ішінде ауыл шаруашылығын, қосалқы үй шаруашылығын дамыту елдегі азық-түлік импортын азайтып, бұл өз кезегінде бағаның тұрақтануына мүмкіндік берер еді. Экономика ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Майдырованың ай­туынша, әлеуметтік әлсіз топ өкіл­де­рінің алдымен өзін өзі асырап, кейін экономикаға үлес қосатындай кәсіпкер болуы бір күннің шаруасы емес. «Маслоу теориясы бойынша адам баласы ең алдымен өзінің күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерін қанағаттандырмайынша, тұлға ретінде дами алмайды. Сол секілді әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтардың тамағы тоқ, басында баспанасы болмайынша, кәсіпкер ретінде жетілмейді. Жалпы, кәсіпкерлік екінің біріне бері­ле бермейтін қасиет. Қазір біз тіпті кәсіп­керлікті пән ретінде оқытып жатыр­мыз. Сондықтан бұл саланы арнайы мең­гер­мейінше, халықтың жаппай кәсіп­керге айналуы қиын. Ал бұл тұрғыда мем­ле­кеттің міндеті әлеуметтік әлсіз топтың қамсыз өмір сүруіне мүмкіндік беру» деген экономист қазіргі таңда Үкімет бұл міндетін орындап отырғанын жеткізді. «Негізінен нарықтық экономикада халық үкіметке арқа сүйемеуі керек. Дегенмен, біздің ел әлеуметтік саясатты сақтап отыр», дейді экономист.