• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Экономика 06 Қыркүйек, 2019

Үшінші индустрияландыруға Қазақстан дайын ба?

1258 рет
көрсетілді

Жасыратыны жоқ, еліміздің экономикасы шикізат ресурсына тәуелді. Осы тәуелділіктен арылту үшін мемлекет экономиканы әртараптандырудың қам-қарекетіне көшіп жатыр. Бұл тарапта индустрияландыру басым бағыт ретінде қол­ға алынды. Жаһандық экологияның конъюнктурасы қиын­даған заманда өркендеудің балама жолына түсу заңды­лық. Индустрияландырудың екінші бесжылдығы биыл тәмам­далады. Осы аралықта белгіленген меже орындалды ма? Өңдеуші секторда ұпайы­мыз қаншалықты түгенделген? Көкейдегі сан сұраққа жауап табуға тырыстық.

2025 жылы ІЖӨ 5%-ға өсуі тиіс

«Қазақстан экономикасы жаһан­дық сипаттағы қиындықтарға қара­мас­­тан ілгерілеп келеді. Жыл басынан бері оның өсімі орташа әлем­дік көрсет­кіштен жоғары болды. Егер қажетті құрылымдық өзгеріс­терді жүзеге асырсақ, 2025 жылға қарай ІЖӨ-нің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5%-ға немесе одан да жоғары дең­гейге жеткізуге болады». Халыққа арна­ған Жолдауында осылай деген Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев шикі­затқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптан­дыруға баса назар аудару керек­тігіне тоқталды. Ол үшін барлық қате­ліктер мен олқылықтарды ескеріп, индустрияландырудың үшінші бесжылдығын тиімді жүргізуді Үкі­­метке тапсырды. Президенттің ми­нистр­лер кабинетіне бұлай пәрмен беруі жөн-ақ. Өйткені өндірісті өркен­де­тудің екі бесжылдығында сәтті орындалған жобалармен бірге әттеген-ай дейтін тұстар да аз болмады. Міне, осыған жол бермеудің амалын Асқар Мамин басқаратын Үкімет мүшелері пысықтамақ. Ал бұл ауыр жүкті билік өкілдері қаншалықты арқалай алатынын уақыт көрсетеді. Сәтсіздіктерге әлі де оралармыз, алдымен атқарылған шаруаны тізбектеп өтсек.

Екі бесжылдықта 1250 кәсіпорын құрылды

Индустрияландыру кезеңінде Қа­зақстанда 1250 жаңа кәсіпорын құ­рылып, 300 мыңнан астам жұмыс ор­ны ашылды. Бүгінде әлемнің 110 елі отандық өнімді тұтынуда. Соңғы жылдары бұған дейін елімізде бұрын шығарылмаған бұйымдардың 500-ден астам түрі дайындалып, 50-ге жуық тауар түрі экспортталып келеді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың айтуынша, соңғы 10 жылда Қазақстан шикізат секторынан өңдеуші салаға бет бұрып, жақсы нәтижелерге қол жеткізе бастаған. Ол экономиканы әртараптандыру арқылы өңдеу өнеркәсібінде өнім 3,5 есеге өскенін жеткізген еді. Бұл ретте индустрияландыру жылдары шикізаттық емес экспортта 70 жаңа тауар өндірісі қарқын алып, одан түскен қаражат 1 млрд доллардан асты, деді ведомство басшысы. Осының нәтижесінде күрделі экономикалық индекс рейтингінде Қазақстан 108-ші орыннан 2017 жылы 81-ші орынға көтерілді. Мемлекет басшысының қатысуымен өткен индустриялық-инновациялық дамуға арналған отырыста сала министрі екінші бесжылдықта өңдеу өнеркәсібінде жалпы қосылған құн 1,7 есеге артып, 7 трлн теңгеден асқанын айтты. «Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,5 есеге өсіп, 1,3 трлн теңгені құрады. Экспорт 12,3%-ға көбейіп, еңбек өнімділігінің өсімі 35 мың долларға жуықтады» деді Р.Скляр. Министрліктің дерегінше, 500 жаңа жобаның іске асуымен 45 мың тұрақты жұмыс орны ашылыпты.

Ал биыл жыл басынан бері 300-ден аса тұрақты жұмыс орны құрылып, 10 индустриялық жоба іске қосылды. Бұл туралы аталған ведомствоның вице-министрі Аманияз Ержанов баспасөз жиындарының бірінде айтқан еді. Оның сөзіне сүйенсек, 2019 жылдың 5 айында өнеркәсіптік өнім өндірісі 2%-ға өсіп, 11,8 трлн теңгені құрады. Бұған тау-кен өндірісі секторының 0,7%-ға (6,8 трлн теңге) және өңдеу өнеркәсібінің 3,6%-ға (4,3 трлн теңге) өсуі ықпал еткен.

– 2015 жылдан бастап елімізде индустрияландырудың екінші бесжыл­дығы жүзеге асырылуда. Биыл бесжылдық түйінделеді. Былтыр Индустрияландыру картасы аясында 13 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылып, 1,3 трлн теңгеге 102 жоба іске қосылды. 2018 жылдың қорытындысына сәйкес индус­трияландыру бағдарламасының барлық мақсатты индикаторлары оң нәтиже көрсетті. Биыл біз 1,1 трлн теңгеге 20 мың тұрақты жұмыс орнын құру арқылы Индустрияландыру картасының 120-дан астам жобасын енгізуді жоспарлап отырмыз. 2019 жылы 4 ай ішінде 8 млрд теңгеге 317 тұрақты жұмыс орнын ашу арқылы 10 жоба іске қосылды, – деген болатын вице-министр.

Есеп беріп, перспективалық жос­парды жариялаудан шенеуніктер озып тұр. Дегенмен статистика жақсы бол­ғанымен іске келгенде барлығы кері­сін­ше шығатыны да рас. Мәселен, Ақтаудағы планшет құрастыру зауы­ты­ның тағдыры баршаға мәлім. 2011 жылы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығында телекөпірде көрсетіліп, іске қосылған кәсіпорынның ғұмыры баянды болмады. Компания басшылары планшеттен бөлек, қазақстандықтарды заманауи плазмалық теледидар және мониторлармен қамтимыз деп уәдені төккен-ді. Алайда мұның барлығы сол күйі орындалмай қалды. Құзырлы орган өкілдері анықтағандай, кәсіпорын қытайлық да­йын өнімдерді сатып алып, оны отандық тауар ретінде шығаруды көздепті. Ақыры қылмыстық іс қозғалып, инновациялық кәсіпорын жабылып тынды.

Маңғыстаулық зауыттың тағ­ды­рын Қарағанды облысында ұшақ құ­рас­ты­ра­тын компания да қайталады. 1,6 млрд теңгеге салынған кәсіпорында «Сұңқар», «Фермер» сынды түрлі мақсаттағы ұшақтарды жасау жоспарланған еді. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жоба қаржыландырылып, индустрия­лан­дыру картасына енді. Әйтсе де біраз уақыт өткенде бірде-бір ұшақ құрас­ты­рылмағаны белгілі болды. Себебі өндірісті техникалық құжат және сертификатсыз жүргізуге заңмен тыйым салынған. Қажетті құжатты компанияға ресейлік әріптестері беруден бас тартыпты. Салдарынан ұшақ құрастыру зауытын жауып, мекеме басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғауға тура келген. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Аузы дуалы сарапшылар бюджеттің қыруар қаржысын болашағы жоқ жобаларға оңды-соңды жұмсағанша, бұрыннан жолға қойылған салаларды дамытуға арнаған жөн деп есептейді.

– Кейде қолымыздан келмейтін істі қолға аламыз. Бізде ертеден келе жатқан өнеркәсіп салалары бар. Атап айтсақ, металлургия, химия, машина құрастыру өнеркәсіптері, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп сынды бағыттарға күш салуымыз керек. Ал жаңа технология өндірісі дамымаған мемлекетте планшет құрастыратын кәсіпорынды ашу қисынсыз. Идеясы мен мақсаты жақсы болған шығар. Бірақ оны жүзеге асыру барысында Қытайдың ескі өнімін елге әкеліп, күлкіге қалдық. Сол сияқты ұшақ жасау ісі де оңай шаруа емес. Осы ретте бұл саланың көшбасшы ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеу қажет еді. Алдымен ұшақ өндірісіне қажетті бөлшектерді жасауға мән беріп, саланы біртіндеп ілгерілетудің амалын қарастырған жөн деп ойлаймын. Негізі бұл үрдіс бізде бар. Мәселен, Өскемендегі титан-магний комбинаты ұшаққа арналған да­йын өнімдерді шығарады. Оны ұшақ өндірісіне пайдаланады. Бұрын тек шикізат ретінде да­йындалатын. Осыны ескеріп, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде осындай әріптестіктерді дамытып, жаңа өндірістерді ашуымыз керек. Сол секілді кезінде Петропавлдағы биоэтанол кәсіпорынын мысалға келтіруге болады. Әрине бидай қалдықтарынан экологиялық таза бензин шығару жақсы идея. Дегенмен экобензинді шығару барысында оның құны еуропалық баламасынан қымбат болып кетті. Әлбетте оны ешкім алғысы келмеді. Бұл орайда Еуропадағы ұйымдармен әріптестік байланыс орнатқан артық болмас еді. Жалпы өсу барысында мұндай олқылықтардың орын алатыны заңды құбылыс. Бұған қатты алаңдауға негіз жоқ. Алайда осы бағытқа мемлекеттің бюджеті жұмсалса, оны қатаң бақылауға алу қажет, – деді белгілі экономист Сапарбай Жұбаев. Ғылым мен бизнестің байланысын нығайту қажет

Жыл соңына дейін еліміздегі үшін­ші индустрияландыру науқанының бағдарламасы бекітілуі тиіс. Негізгі тәсілдер индустриялық-инновациялық даму тұжырымдамасына енгізілген. Ендігі меже – өңдеу өнеркәсібінің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін ынталандырып, экспорттық әлеуетті арттыру. Осы орайда сарапшы жоғарыдағы кемшіліктерді ескеріп, келесі мәселелерге назар аударуға кеңес береді.

– Әлемдік үрдістен қалып қоймау үшін АҚШ, Жапония және Қытай сынды алпауыт елдердің қарқынына ілесудің амалын ойластыруымыз қажет. Бұл үшін алдымен мамандарды дайындау мәселесіне жіті көңіл бөлгеніміз дұрыс. Сол сияқты цифрлы экономиканы қолға алған артық етпес. Неге десеңіз, қазір ақылды жүйелерге, сондай-ақ Big data яғни үлкен деректер аналитикасына сұраныс күшейіп келеді. Өйткені бұл салалардың экономиканы дамытудағы рөлі айрықша болмақ. Аталған бағытта, әсіресе Үндістанда жақсы нәтижелер байқалуда. Бүгінде Еуропа мен басқа да дамыған мемлекеттерде жаңа технология мамандарының дені осы елдің азаматтары. Демек, Үндістанда білім мен ғылымға ерекше мән беріледі. Олар осы істі 10-20 жыл бұрын бастаған еді. Қазір жемісін көріп жатыр. Сондықтан көштен қалғымыз келмесе, білім мен ғылымды жүйелі түрде дамытқанымыз ләзім. Бәлкім, оның нәтижесі бірден байқалмайтын да шығар, дей тұрғанмен, бірнеше жылдан кейін ол пайдасын беретініне күмән келтірмеймін. Ал мұны іске асыру үшін білім мен ғылым саласындағы жемқорлықты жою керек, – деді С.Жұбаев.

Осы мазмұндағы пікірді былтыр индустрияландырудың 9 жылдығына арналған телемарафонда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та білдірген еді. «Экономиканың нақты секторына ғылыми-техникалық қызметтер нәтижесін енгізу жөніндегі жұмыстарды жандандырған жөн. Мысалы, қазірдің өзінде Назарбаев Университетте 120 ғылыми-зерттеу зертханасы ашылды. Ғылыми әзірлемелер өндірістік міндеттерді шешуді көздейтін нақты кәсіпорындардың тапсырыстарына, соның ішінде жеке инвестициялар есебінен берілетін тапсырыстарға бағытталуға тиіс», деп өндірістік жаң­ғы­рудың жолдарын ұсынған болатын Н.Назарбаев.

Демек, дамудың кепілі – ысырап­шыл­дық­қа жол бермей, ғылым мен бизнестің өзара ынтымақтастығында жатса керек. Ал оның іс жүзіндегі орындалуы үшінші индустрияландыруда байқалуға тиіс. Бұл орайда «Төртінші өнеркәсіптік революция» кітабының авторы Клаус Швабтың мына бір сөзі еске оралады. «Болып жатқан өзгерістердің ауқымдылығы соншалық, әлем тарихы мұндай дәуірді әлі өткермеген. Бұл – үлкен мүмкіндіктер мен тәуекелдің уақыты».