Тұрақты жұмысы бар жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтердің қандай тәртіппен берілетіні белгілі болды. Оның тиісті қағидалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми сайтында жарияланды.
Сонымен Ақпарат және қоғамдық даму министрінің биылғы жылдың 29 тамызындағы бұйрығына, соған орай бекітілген ережеге сәйкес, сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер 5 жылға беріледі. Оны алу үшін өтініш беруші азамат тиісті өкілетті органға бірқатар құжатты тапсыруы керек.
Тапсырылатын құжаттардың тізіміне тоқталар болсақ, тиісті өтінішпен қоса азаматтың жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, білімі туралы құжаттың көшірмесі, отбасылы болған жағдайда неке куәліктің, балаларының туу туралы куәлігінің көшірмесі қоса ұсынылады.
Өтініш берушінің және оның отбасының барлық мүшелерінің жылжымайтын мүлігі жоқ екені туралы анықтама да тапсырылатын құжаттар тізімінде бар. Бір айта кетерлігі, өтініш берушінің ай сайынғы табысы кемінде 40 айлық есептік көрсеткіштен, яғни, 101 000 теңгеден кем болмауы тиіс. Еңбек өтілін растайтын, түрлі қызмет салаларындағы жеке жетістіктерін растайтын құжаттары да оның баспанаға қол жеткізу мүмкіндігін арттыра түседі.
Өтініш берушілердің, яғни, баспана алуға конкурсқа қатысушылардың мүмкіндіктері жинаған балы бойынша анықталады. Айталық, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес бекітілген, нарықта ең жоғары сұранысқа ие кәсіптің иелеріне автоматты түрде 10 балл беріледі. Бұл 100 мамандықтың қатарында IT-мамандар, 3D модельдеу инженері, эколог, өндіріс және қоршаған ортаны қорғау инженері және оның көмекшісі, ағаш ұстасы, тас қалаушы, құрылысшы-монтажшы, сантехник, интерьер дизайнері және декоратор, «Ақылды үй» инфрақұрылымының операторы, слесарі және жөндеушілері, тракторшылар, сондай-ақ комбайндар мен өзге де ауыл шаруашылығы жабдықтарының операторлары, ет және балықты жартылай фабрикаттармен азық-түлік және ұнтақтар өндірушілер және басқалары бар.
Сол сияқты отбасылы азаматқа – 5 балл, некеде тіркелген әрбір жылы үшін – 2 балл; бір балаға – 1 балл, әрбір кейінгі бала үшін – 2 балл; жеке кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін әр жылына – 5 балл деген сынды ереже бойынша жиған тиісті балы қосылады. Жоғары балл жинаған азамат сәйкесінше жалдамалы пәтерге ие болады.