Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевпен әңгіме.
– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын жариялады. Онда азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігіне баса назар аударылған. Әсіресе жыныстық зорлық-зомбылық, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға жазаны қатаңдату қажеттігін тапсырды. Осы орайда сіздің жеке пікіріңіз қандай?
– Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын мен министр ретінде және жеке азамат ретінде де қолдаймын. Бұл мәселелер бізді де қатты толғандырып жүрген. Сондықтан да ІІМ осының алдында электронды ресурстар арқылы есірткі саудалау және есірткі сайттарының мекенжайлары жазылған граффити-жазулар қалдыру әрекеттеріне қылмыстық жауапкершілік қарастыру мәселесін көтерген болатын. Өйткені жыл сайын елімізде 2 мың есірткі қылмысы анықталады. Соның 1,5 мың фактісі есірткіні өткізуге қатысты болып отыр. Егер жаза қатаңдаса, есірткі қылмысымен күрес те нәтижелі болар еді. Сол сияқты жыныстық және тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты кейбір ауыр қылмыс түрлеріне жазаның жеңіл болуы да түптеп келгенде қылмыскерлердің құқық құрығынан сытылып кетуіне мүмкіндік беріп жатады. Ал жазасыз қалған қылмыскер келесіде қайтадан қылмысқа баратыны анық. Сондықтан бұл қылмыстарға жазаны қатаңдату қажеттігін толығымен қолдаймын.
Сонымен бірге Жолдауда халықпен етене жақын жұмыс істейтін әкімшілік полиция бөліністерін реформалау туралы айтылды. Бұл тапсырманы орындау үшін бірқатар іс-шаралар қарастырылады.
– Ерлан Заманбекұлы, биылғы маусым айында өткен халыққа есеп беру жиынында Елбасының тапсырмасы бойынша саланы жаңғырту жөніндегі Жол картасы қабылданып, бірнеше бағыттан тұратын жұмыстар қолға алынғанын айтқан едіңіз. Соның ішінде жаңа форматтағы полицияны қалыптастыруға айрықша тоқталдыңыз. Осы жұмыстардың барысы туралы кеңінен тарқата айтып берсеңіз.
– Елбасы ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі Жол картасының мән-маңызына тоқталғанда «Бізге жаңа формацияның полицейлері қажет. Ол үшін кадрларды даярлау, іріктеу және ілгерілету жүйесі қайтадан қарастырылатын болады. Ведомстволық білім беру ісі айтарлықтай өзгереді. Мамандарды даярлау сапасы әлемдік стандарттарға сай келетін заманауи полиция академияларын қалыптастырған жөн» деп атап көрсетті. Сондықтан Жол картасында кадрларды даярлау, іріктеу, ведомстволық білім саласын жаңғырту мәселесі басым бағыттардың бірі ретінде белгіленді.
Қазіргі уақытта ішкі істер органдары жүйесінде полицейлерді даярлау 12 оқу орнында, соның ішінде 4 жоғары – Қарағанды, Қостанай, Алматы академиялары, ІІМ Ақтөбе заң институты, сондай-ақ 8 оқу орталығында жүргізіледі. Қолға алынып жатқан реформалар нәтижесінде білім ордаларының саны қысқарып, 4 жоғары оқу орны мен Шымкент қаласындағы оқу орталығы ғана қалады.
– Полиция қызметкерлерін әлеуметтік жағынан қолдаудың маңызы зор. Жалақысы көтеріліп, жағдайы түзелсе, тәртіп сақшылары арасында жемқорлық қылмыстары да азаятыны түсінікті...
– Реформалар басталғалы біз штат санын оңтайландыру нәтижесінде бюджет қаржысын 16 млрд теңгеге дейін үнемдеуге қол жеткіздік. Осы босаған қаржы түгелге дерлік қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге, әлеуметтік қолдау жұмыстарына бағытталып отыр. Нақты сандарға тоқтала кетсем, патрульдік полиция қызметкерлерінің еңбекақысы 65 пайызға, жедел тергеу қызметі бөліністері 55, учаскелік инспекторлар (кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар) мен оқытушылардың еңбекақысы 25 пайызға көтерілді. Қылмыстық атқару жүйесі мен полицияның өзге қызметтерінің жалақысы 20 пайызға артты. Мәселен, патрульдік полиция қызметіне енді кіріскендер 146 мың теңге еңбекақы алатын болады. Бұрын олардың жалақысы 103 мың теңгеден аспайтын.
Полицейлердің тұрғын үй мәселесін шешуге баса назар аударылып жатыр. Осы ретте тұрғын үйді жалдау үшін өтемақы алатын қызметкерлердің тізімі кеңейтілді. Бүгінге дейін мұндай құқықты жедел-тергеу бөліністерінің 6452 қызметкері иеленген еді. Енді бұл тізімге кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторлар, патрульдік полиция қызметкерлері мен олардың жетекшілері енгізіледі. Бұған қосымша 8 млрд теңгеден астам қаржы қажет. Үкіметтің тиісті қаулысы шыққаннан кейін бұл мәселе де шешімін табады.
– Соңғы жылдары полиция мен халықтың арасы тым алшақтап кетті деп дабыл қағатындар баршылық. Бұл байбалам негізсіз емес. Халықтың полицияға деген сенімін арттыру бағытында қандай шаралар қабылданып жатыр?
– Біздің жұмысымыздың ең басты көрсеткіші – халықтың бізге деген сенімі. Сондықтан біз полицияның барынша ашық болғанын қалаймыз. Сол үшін бүгінде Полиция департаменттері, басқармалары мен бөлімдері, жалпы полиция құрылымдары жанынан ХҚКО үлгісінде жұмыс істейтін фронт-кеңселер көптеп ашылып жатыр. Фронт-кеңселердің ерекшелігі және ең басты артықшылығы – кез келген адам ешқандай алдын ала жазылусыз, бюрократиялық кедергілерсіз осы жерге келіп, өзін толғандырып жүрген мәселесін, білгісі келген сұрағын тікелей мамандарға қоя алады.
Қазір еліміз аумағында осындай 174 фронт-кеңсе жұмыс істейді. Әр кеңсе күніне 20-30 адамды қабылдап, тиісті кеңестер беруде. Болашақта мұндай кеңселер барлық полиция бөлімшелерінде жұмыс істейтін болады.
Айта кету керек, фронт-кеңселердің жұмысы жолға қойылған уақыттан бастап кезекші бөлімдер мен «102» жедел қызметтерінің жүктемесі біршама азайды. Бұл қызмет желісі құқық бұзушылықтарға және басқа да жағдайларға көбірек көңіл қоюға мүмкіндік алды.
– Өз аттарына түрлі сын айтылып жатқанына қарамастан, тәртіп сақшылары «Полиция – халықтың қорғаны» деген атқа лайықты екендіктерін дәлелдеп келеді. Күні кеше Атырауда судан қызды құтқарам деп қаза болған Ш.Ақымғалиевтің ерлігінің өзі неге тұрады?! Жалпы, осындай төтенше жағдайлар кезінде полицейлердің қаза болуының алдын алу үшін не істеген жөн?
– Біз осындай жағдайларды ескеріп, автопатрульдік көліктерді құтқару құралдарымен жабдықтау туралы шешім қабылдадық. Себебі патрульдік полиция жасақтары оқиға немесе қылмыс орнына ең бірінші жетеді. Кей кездері адамдарды төтенше жағдайлардан құтқару немесе жарақат алғандарға көмектесу қажеттігі туындап қалады.Азаматтық қорғау және медициналық қызметкерлері тарапынан патрульдік полиция қызметкерлеріне адамдарды құтқару және құтқару құралдарын іс жүзінде қолдану бойынша арнайы курстар ұйымдастырылмақ. Бұл шаралар төтенше жағдайларда жедел көмек көрсету кезінде ең бірінші халықтың, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің де қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
– Соңғы он жылда еліміздегі автопарктің көлемі 43 пайызға артқан екен. Автокөлік санының артуы жол қауіпсіздігін сақтауды жылдан-жылға қиындатып бара жатқан жоқ па?
– Дұрыс айтасыз, еліміздегі автокөлік саны жылдан-жылға өсіп келеді. Дегенмен, соған қарамастан, еліміздегі жол қауіпсіздігі тұрақты сақталып отыр. Жолдардағы қадағалау жұмыстары күшейтілді. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері 2,8 млн жол ережесін бұзушылықты анықтап, 103,5 мың жаяу жүргіншіні әкімшілік жауапкершілікке тартты. Шамамен 17,6 мың автокөлік иесі жүргізуші куәлігінен айырылды. Айта кету керек, жол қауіпсіздігін нығайтуда ереже бұзушылықтарды автоматты тіркеу жүйесі үлкен септігін тигізуде. Бүгінде еліміздегі жолдарда 4 мыңнан астам автоматты тіркеу жүйесі бар бейнекамералар қолданылады. Осы автоматты жүйелер жыл сайын 1,5 млн жол ережесін бұзушылықты тіркеуге алады. Бұл жалпы жол ережесін бұзушылықтың 40 пайызы. Бұған қоса, жаңа автоматты жүйе бақылау аймағынан өткен автокөліктердің тіркеу нөмірін оқып, іздестіруде бар-жоғын автоматты түрде анықтайды. Осындай камераларды қолданысқа енгізу жүргізушілердің жол ережесін сақтауына айтарлықтай ықпалын тигізуде.
Биылғы шілде айының басында министрлікте қоғам өкілдері және Парламент депутаттарымен бірге жол қауіпсіздігін сақтау мәселелері бойынша дөңгелек үстел өткізген болатынбыз. Осы отырыста жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты бірқатар ұсыныстар қабылданды. Соның ішінде Ішкі істер министрлігі «орташа жылдамдық» өлшемін енгізуді мойнына алды. Бұл жаңа өзгерісті фото-бейне тіркеудің стационарлық жүйесі арқылы іске асыру жоспарланған.
Бүгінде Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырудың 2019-2020 жылдарға арналған Жол картасы дайындалуда. Бұл ауқымды жобада жүргізуші куәлігінен айырылса да көлік жүргізгендерге жазаны қатаңдату, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден келген көліктерді уақытша тіркеу және басқа көптеген шаралар қаралған.
– Ішкі істер министрлігі құрылымында өз алдына отау болып отырған сала – қылмыстық атқару жүйесі. Қолға алынып жатқан реформалар бұл салада да жүре ме?
– Осы саладағы мәселелерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше ден қойып, бірқатар тапсырмалар да берді. Президент тапсырмаларын орындау шеңберінде біздің ведомство бастамасымен жақында өткен «Ашық диалог – пенитенциарлық жүйені реформалау құралы» атты форумда адам құқығы мен бостандығын сақтау, бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандарды ұстау жағдайын жақсарту мәселелері талқыланды. Онда қылмыстық атқару жүйесін халықаралық стандарттарға жақындататын мәселелер көтерілді. Осы жиындар барысында қоғам тарапынан 200-ге жуық ұсыныс келіп түсті. Осының барлығын алдағы уақытта қарастыратын боламыз.
Таяу күндері түзеу мекемесі қызметкерлерінің сотталғандарға зорлық-зомбылық көрсетуі бейнеленген видео бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланды. Қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлерінің осындай қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға жол беру себептерін жою бойынша жүйелі шаралар кешені қабылдануда және ол менің жеке бақылауымда.
Қылмыстық-атқару жүйесі саласында бірқатар жаңа бастамаларда жүзеге асып жатыр. Атап айтар болсақ, Қазақстандағы сотталғандарға туған-туыстарымен қашықтықтан бейнебайланыс жасау қолжетімді болады. Қазіргі уақытта қанатқақты жоба Ақмола облысында іске қосылды. Сонымен бірге министрлік сотталғандарға қажетті тауарлардың электронды дүкенін іске қосу бағытында жұмыстар жүргізуде. Сол үшін Sizoshop.kz және Vnimaniye.kz интернет-дүкендері құрылды. Алдағы уақытта сотталғандарға өз өтініштерін электронды түрде жолдауға мүмкіндік жасалады.
– Сотталғандарды еңбекпен қамту – оларды тәрбиелеудің ең басты құралы. Жұмыс істеу арқылы олар өзіне де, қоғамға да пайда келтіретіні түсінікті. Бүгінде бұл жұмыстар қалай жүргізілуде?
– Қазір барлық сотталғандардың 75%-ы, яғни жазасын өтеп жатқан 14,6 мың адамның 11 мыңға жуығы еңбекпен қамтылып отыр. Олар жұмыс істеп, ақша табу арқылы өздері зиян келтірген адамдарға материалдық шығынды төлеп қана қоймай, отбасыларына көмектесуге мүмкіндік алады, сондай-ақ бостандыққа шыққаннан кейін қажетті қаражат қорын жинайды.
Осы мақсатта ҚАЖ мекемелерінің өндірістік базасын дамыту шаралары қабылданып жатыр. Қазіргі күні сотталғандар түрлі цехтарда еңбек етуде. Тіпті түзеу мекемелеріне шағын және орта бизнес өкілдері белсенді түрде тартылуда. Олар түрмелерде өз өндіріс орындарын ашып, 3 мың сотталғанды еңбекпен қамтып отыр. Бұдан бөлек, бүгінде 63 сотталған өз бизнесін ашып, атап айтқанда, нан, макарон, консерві өнімдерін шығарып жатыр. Қазіргі күні мекемелерде 3 мың сотталған 35 мамандық бойынша оқытылуда.
Салада жүргізілген ізгілендіру жұмыстарының нәтижесінде «түрме тұрғындары», яғни сотталғандар қатары 2009 жылдан бері екі есеге қысқарды. Қазір еліміз бойынша пенитенциарлық салада 86 мекеме жұмыс істейді. Сотталғандар санының азаюына байланысты соңғы 5 жылда 12 мекеме, соның ішінде биылдың өзінде 4 мекеме жабылды. Елімізде осыдан бірнеше жыл бұрын енгізілген Пробация қызметі сотталғандар санының азаюына ықпал етіп отыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
ӘңгімелескенЖолдыбай БАЗАР,«Egemen Qazaqstan»