Маңғыстауда «Сисем - елдің есігі, Ердің бесігі» атты жалпыхалықтық рухани астың аясында қорымның мультимедиялық картасы жасалады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте белгілі өлкетанушы Алқажан Еділхан айтты.
Үш жүз алпыс әулиелі Маңғыстау атанған бағзы жұрт, бабатопырақта күллі қазақ, исі мұсылман әлемі үшін құнды саналатын қасиетті орындар аз емес. Солардың бірі – Сисем ата қауымы. Бұл қауымда тарихи тұлғалар, ел қорғаған батырлар, билер мен бектер, жомарт-мырзалар, рубасылары мен рухани көсемдердің әруағы байыз тапқан. Сисем ата туралы тарихи мағлұмат тым аз. Оның ислам дінін таратқан қасиет иесі болғандығы ғана айтылады Сисем ата қорымы – керемет оюларымен, таңғажайып эпиграфикасымен, әр түрлі сәулеттік пішіндермен ерекшеленеді. Маңғыстаулықтар бұл орынды қазақ халқының бірнеше қайраткерлері жерленгендігімен құрмет тұтады.
Сисем ата қорымы Маңғыстау ауданының Сайөтес елді-мекенінен 35 шақырым қашықтықта орналасқан үлкен қауым. Ғылыми тілде пантеон (игі жақсылар, жайсаңдар, рубасылар) деп атайды.
- Жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен, ел ағаларының бастамасымен 13-14 қыркүйек күні өтетін жалпыхалықтық ас шарасында, қазақ күресі, аламан бәйге, жазба ақындар мүшайрасы, ұлттық спорт түрлерінен түрлі сайыстар жоғары деңгейде өтеді деп күтілуде. Қазіргі уақытта Сисем атаға арнайы мультимедиялық интерьактивті карта жасақталып жатыр, яғни ұялы телефонмен QR код арқылы Сисем ата туралы барлық мәліметтерді көруге болады, дейді ұйымдастырушылар.
Рухани шара Өтес елді мекенінен 2 шақырым жерде өтеді. Таңдап алынған арнайы орын күре жолдан 500 метрдей қашықтықта орналасқан. Асқа 130-ға жуық үй тігіліп, 5 мың адам қатысады деп жоспарланған.
Айта кетейік, Қазақстанның батысында орналасқан Сисем ата қорымы республикалық дәрежедегі қорғауға алынған маңызды ескерткіштердің қатарына кіреді.
Маңғыстау облысы