• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Қыркүйек, 2019

Түркі әлемінің алтын бесігі

781 рет
көрсетілді

Өскеменде «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық конференция өтті. Осымен бесінші мәрте ұйымдастырылған мәдени шараға еліміздің археолог-тарихшыларынан бөлек Франция, Түркия, Әзербайжан, Жапония, Ресей мемлекеттерінің ғалымдары, бірнеше елшіліктің ресми өкілдері қатысты.

Конференцияның ашылу салтанатында Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Темірболат Бақытжан сөз алып, Шығыс Қазақстанның «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға қосып жатқан үлесі қомақты екендігін ерекше атап өтті. «Көшпенділердің әлем­дік өркениеттегі алар орнына бұған дейін әртүрлі себептермен дұрыс баға берілмей келді. Облыста қабылданған арнайы бағдарлама аясында өңірден табылған құнды жәдігерлер көшпенділер өркениетінің қандай деңгейде болған­дығын, Қазақстан көшпелі өркениеттің алтын бесігі екендігін анық көрсетіп отыр» деген министрлік өкілі Шығыс Қазақстанның 13 нысаны еліміздің киелі орындар тізіміне енгенін жеткізді.

 

Алтын толы  қапшық табылды

Халықаралық шараға модераторлық еткен облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова аймақ басшысының бастамасымен жүзеге асырылған археологияны дамыту бағдарламасы шеңберінде 2016-2019 жылдары белгілі археологтар Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаевтың жетекшілігімен ауқымды жұмыстар жүргізіліп, сенсациялық жа­ңалықтар ашылғанын айтты. «Осы төрт жыл көлеміндегі археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде 25 мыңнан астам жәдігер табылды. Табылған дү­ниелерді  музейге қою жұмыстарына да ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мәселен, Шіліктіден шыққан «Алтын адам» мен «Үржар ханшайымы» қалпына келтірілді. Әсіресе соңғы екі жыл өңірдің мәдениет саласы үшін табысты болды. Былтыр Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы жайлауынан бұзылмай сақталған «Алтын адам» табылды. Биыл Ұлан ауданындағы Ақбауыр үңгірінің жанынан қола дәуіріне жататын сақ қонысының орны анықталды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», дейді ол. 

Конференцияда Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаев биылғы Ақбауыр үңгірі маңында, Елеке сазы жайла­уында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер, олардың ерекшеліктері туралы баяндады. «Ақ­бауыр­дан табылған сақ қонысының мерзімін біздің эрамызға дейінгі IX-XI ғасыр деп межелесек, Елеке сазындағы ескерткіштер мерзімін IX ғасыр орта­сы деп шамалауға болады. Демек, Еле­ке сазындағы сақтар Ақбауырдағы сақ­тардың жалғасы. Биылғы жылдың бас­ты жаңалығы – «Патша» қорымынан табылған мүйізі алтын сымнан өріл­ген бұғының бейнесі және алтыннан құйылған арқар мүсіндері мен ұсақ мон­шақтар. Бұл жәдігерлер бұған дейін бірнеше рет тоналған «Патша» қоры­мын­дағы тастардың арасынан кішкене қапшық ішінен шықты. Қорған сондай үлкен. Диаметрі 100 метрден асады. Таңғалдырғаны, патшаны жерді 5 метр қазып, жерлеген. Бұл – Елеке сазындағы ең үлкен оба. Қорым ең биік жерде тұр. Жазықтағы бүкіл қорғандар көрінеді. Ал алтын әшекейлер патша жерленген кезде қолданылып, кейін алғашқы тонау­шылар оны байқамай ұмытып кеткен болуы мүмкін. Өкініштісі сол, патшаның сүйегі жоқ. Табылғанда қандай ғажап болар еді» деп өкінішін жеткізген архео­лог З.Самашев биыл Елеке сазындағы қорғандардың бірінен ерекше үлгідегі әйелдің бас киімі табылғанын, мұндай киім үлгісі Таяу Шығыс елдеріне тән екендігін, демек, қорымда жерленген кісі Алтайдың ханзадасына ұзатылып келуі мүмкін деген болжамын алға тартты.

 

Төрт мың жыл бұрынғы су қоймасы

Ал археолог Әбдеш Төлеубаев биыл Елеке сазы жайлауында 10 қорғанды зерттегенін, екі тізбектен 200-ге жуық ескерткішті анықтағанын, Елеке сазы мен Шілікті қорымдарының өзара ұқ­састықтары, өзара байланыстары, ортақ белгілері көп екендігіне тоқталды. «2003 жылы «Алтын адам» шыққан Шілікті мен 2018 жылы «Алтын адам» табылған Елеке сазының арасы тура жолмен барсаңыз 100-150 шақырым. Бұл екі мәдениеттің жақындығын көрсетеді. Бізді таңғалдырған, тебі­рен­дірген бір дүние, биыл Елеке са­зындағы қорымдардың бірінен ана мен бала қабірі табылды. Екеуі бірге жерленіпті. Баланың бас және қабырға сүйектері ғана сақталған. Анасы бір қырынан жатып, баласын оң қолымен құшақтап алыпты. Әйелдің басына тас жастық төселіпті. Мұндай дәстүр біздің халқымызда да болған» деген зерттеуші Елеке сазынан алғаш рет ауыздық табылғанын, бұл көне ауыздық түріне жататынын айтты. Ар­­хеолог сонымен қатар Елеке сазы аумағынан ұзындығы 700-800 метр болатын, қола дәуіріне жататын көне су қоймасы табылғанын да сүйіншілей баян­дады. «Мұндай су қоймасын ертеректе Орталық Қазақстанның қола дәуірі ескерткіштерінен әйгілі археолог Әлкей Марғұлан тапқан еді. Одан кейін ешкім бұған мән бермей кетті. Қола дәуірінен бастап жер игеру жақсы дамыған. Тар­бағатайдан табылған су қоймасы шамамен осыдан үш жарым-төрт мың жыл бұрын салынған. Екі таудың арасындағы сайдың батыс жағынан көлік өтетін жол қалдырған. Сайдың ортасында бұлақ ағып жатыр. Сол бұлақтың суын жинаған болуы керек», дейді археолог.

 

Жапондармен туыстығымыз бар ма?

Халықаралық шараға сонау Жа­пония­дан келген ғалым, Токио уни­вер­ситетінің профессоры Сайто Нарайя Берел қорғандарына жүргізген зерт­теулерінің нәтижесін жария етті. «Зерт­теулер қорытындысы бойын­ша Берел­ден табылған адамның генети­калық коды қазақ, өзбек және қырғыз халық­тарымен ғана емес, бүкіл Шығыс Азия халықтарымен, атап айтсақ, жапондармен де байланысты», деді ол. Конференцияда Түркиядағы Едитепе университетінің тарих бөлімінің жетекшісі, профессор Ахмет Ташағыл «Қытай дереккөздері бойынша ежелгі түріктердің тарихы», Әзербайжан Ұлттық ғылым академия­сы Археология және этнография инс­титутының жетекші ғылыми қыз­мет­кері, доктор Тахир Шахбазов «Әзер­байжандағы қыпшақтар: топонимдерде сақталған тарих» тақырыбында баян­дамалар жасады. Семейдегі Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң универ­ситеті жанындағы «Алаштану» ғылыми орталығының директоры Тұр­дықұл Шаң­­бай Алтай тауының қадіріне жете алмай отырғанымызды, Моңғолия мен Катонқарағай арасындағы төте жол жөн­делмей, жұрт екі мың шақырым жолды айналуға мәжбүр болып жүргенін қынжыла айтып, Өскеменде жарық көретін облыстық «Дидар» газетін «Хан Алтай» деп атау қажет деген ұсынысын көпшілік талқысына тастады.

 

ӨСКЕМЕН