Биылғы 8 айдың көрсеткіші бойынша елімізде машина жасау өндірісінің көлемі 18 пайызға артты. Бұл туралы кеше Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов айтты.
Соңғы жылдары машина жасау саласында тұрақты өсім байқалады. Былтырғы қорытынды өндіріс көлемі алғаш рет 1 трлн теңгелік межені еңсерді. Биыл да жоғары динамика сақталып отыр.
− Қазақстанда автокөлік құралдарының барлық санаттары құрастырылады. Жалпы 167 модель құрастырылса, оның ішінде 39-ы жеңіл көлік, 22-сі әлемдік брендке жатады. 10 жылдың ішінде автомобиль жасау Қазақстанның машина жасау саласындағы драйверлердің біріне айналды, − деді А.Ержанов. Оның айтуынша, индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру жылдарының ішінде машина жасау саласында жалпы сомасы 276 млрд теңгені құрайтын 114 жоба жүзеге асырылып, шамамен 11 мың жұмыс орны құрылған. Нәтижесінде локомотив, трансформатор, коммуналдық жабдықтар, оптикалық құралдар сынды жаңа өнімдер шығарыла бастады.
− Мұның барлығы да мемлекеттің табысты өнеркәсіптік саясаты арқылы жасалып жатыр. Индустриялық дамуға басымдық беру арқылы Қазақстан экономикасы дамып келеді. Автоөндіріс және теміржол машина жасау саласы белсенді дамып, ауыл шаруашылығы, электротехникалық, тау-кен және мұнай-газ машина жасау салалары айтарлықтай жаңарды. Саланы дамытуға Alstom, General Electric, СМС – JAC Motors, Hyundai және басқалар сияқты ірі трансұлттық корпорациялар тартылды, − деді.
Жиында белгілі болғандай, кооперациялық байланыстарды дамыту үшін ағымдағы жылдың сәуірінде Қазақстан мен Ресей арасында бірлескен іс-қимыл бағдарламасы қабылданды.
Ағымдағы жылдың сәуір айында «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС-ның «Hyundai» маркалы жеңіл автокөліктерін өндіретін жаңа зауытының ірге тасы қаланды. Қытай серіктестерімен ынтымақтастық аясында шиналар мен қозғалтқыш шығаратын зауытты іске қосу жоспарланып отыр.