Қайраткер. Ғалым. Ұстаз. Республикамыздың зиялы қауымы өкілдері, есімі елге елеулі азамат, жаны жайсаң жан Амангелді Айталыны осы үш бірдей биік қасиетті бір бойына тоғыстыра білген асыл азамат ретінде біледі деген ойдамыз. Оның қайраткерлігі мен ел-жұртқа деген жанашырлығы Парламент Мәжілісінің екі дүркін депутаты болған жылдарында анық көрінсе, ғалымдығы мен ұстаздығы қазіргі күні де елдің рухани әлеуетін байыта түсуге қосылған бір үлес ретінде қызмет етіп келеді. Біз Амангелді Әбдірахманұлын 80 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, туған топыраққа деген перзенттік парыз, бүгінгі қоғам мен замана тынысы төңірегінде өрбіген осы сұхбатты оқырман назарына ұсындық.
– Амангелді Әбдірахманұлы, бүгінгі әңгімеміздің басын туған жер, туған топырақ, өскен орта жөніндегі жүрек толқытарлық мәселеден бастауға қалай қарайсыз? Таяуда туған жеріңіз Ресейдің Астрахань аймағына барып қайтқаныңыздан хабардармыз. Бұл сапар қандай ой салды? Туған жер алдындағы перзенттік парыз деген ұғымды қалай түсінесіз?
– Түрліше көңіл күйде болдым, көп дүниені еске түсірдім. Туған жерім туралы әңгіме болғанда мен әзіл-шыны аралас «совет заманының оралманымын» деймін. Бүгін Астрахань жерінде кейбір есептер бойынша 180 мыңға жуық қазақ тұрады. Олар өздерінің атажұртында тұрып жатыр, диаспора емес, басқа жерден ауып, болмаса босып келген жоқ. 1920 жылы Ресей Федерациясында шекаралар анықталғанда Ресей жағында қалып қойған. Қазтуған жырау «Алаң да алаң, алаң жұрт, ақала ордам қонған жұрт... Қайран менің Еділім, Мен салмадым, сен салдың, қайырлы болсын сіздерге, Менен қалған мынау Еділ жұрт» деп жырлаған ғой.
Ресей сулы, нулы, шөбі шүйгін, балығы мол жерлерді өздеріне қалдырып, шөл, құм жерлерді қазақтарға беріпті.Алла тағала қазақтардың несібесін жер астына жасырып сақтаған екен, бүгін сол аймақтың байлығы (мұнай, газ) ел ырысына жарап жатыр. Ал сол нулы, сулы жер бүгін экологиялық дағдарыста. Астарахан облысының қазақ жері екендігін жер-су аттары да айтып тұр: Ақкөл, Ақтөбе, Бестөбе, Қарабайлы, Сасықкөл, Құмөзек сияқты жүздеген елді мекен бар. Мен сол атажұртта 1939 жылы қыркүйек айында өмірге келіппін. Анамның айтуынша, менің 1932 жылдың қапылысында туған, аты да Қапылыс ағам, 1939 жылы алғаш мектепке барғанда дүние есігін ашыппын. 1981 жылы Қалмақ автономиялық облысының Элиста қаласында ұлт мәселесіне арналған Бүкілодақтық ғылыми конференция өтті. Қалмақтар менің аз-кем еңбектеріммен таныс екен, мені үнемі белгілі ғалым, академик Бромлей Юлиан Владимировичпен дастарқандас етті. Бірінші күні өзімді Амангелди Абдрахманович деп таныстырғанымда жұбайы: «О, как трудно произносить ваше имя, отчество», деді. Академик-этнограф жұбайының сөзіне ыңғайсызданды ма, «Он казах, а казахи поэтический народ, они не просто дают имя своим детям. Спросите,за его именем стоит целая история не только одной семьи, но и целого народа», – деді. Әкем қуғын-сүргінге ұшырап, кейін қуынып жоғары жаққа хат жазып ақталып, аман-есен келгеннен кейін өмірге келген ұлын Амангелді депті.
Туған жерім – Еділ өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасындағы қазақ ауылы. Негізгі кәсібі – балықшылық. Олардың өмірін көрнекті жазушы, сол елдің тумасы Әнес Сарай шығармаларында жан-жақты суреттеді. Адамның өмірді тануы оның әлеуметтік, табиғи ортасына байланысты. Бала күнімді елестетсем, ағынды сулар, нулы орман, камыс, қоға, жабайы жеміс-жидектер, балықшылардың ауыр тұрмысы, кедей өмір, балалары соғыстан оралмаған кемпір-шалдар, жалғыз қалған аналарды көремін. Балығы тайдай тулаған өлкеде балықшылар қой баққан қойшылардай өзен-судың қай жерінде қай балық жайылатынын біліп ау салады. Балалардың көпшілігінің теңізші болу қиялдары болды, табысы да жоқ емес. Дегенмен мені балықшылардың өмірі қызықтырмады, каникул кезінде теңізді де көрдім, қауіпсіз де емес, түнде жатқаныңда 4-5 сантиметр тақтайдың аржағында шылпылдаған судың дыбысы естіліп тұрады.
Анамның айтуынша, мен балықшы кәсібіне бейім болмаппын, кітапқа үйір екенімді көріп, оқытайын деп ойлаған. Сонымен жолым болып, Володар ауданындағы Қазақ педучилищесіне конкурстан өтіп түстім. Ол кезде Астрахань облысында көптеген қазақ мектептері бар еді. Бұл оқу орны қазақ балалары үшін академия еді, барлық гуманитарлық және жаратылыстану пәндерінің негіздерін оқытатын. Оны бітіргендер, аға буын өкілдері
– Қазақстан Коммунисттік партиясының хатшысы Мұхамбетқали Сужиков, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Исағали Шәріпов, менің курстасым, Қазақстан Жоғарғы сотының төрағасы Тамас Айтмұхамбетов, Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Нәжмедин Есқалиев, көптеген ғылым докторы мен кандидаттары, беделді қызметкерлер шықты.
Астрахань облысында ол кезде қазақтарды «нацмен», еврейлерді кейде «жид» деп кемсітетін. «Нацмен» – национальное меньшинство – азшылық ұлттық топ дегенді білдіретін, ол кемсітудің, кейде мүсіркеудің бір түрі. Орыстар ортасында қазақтарға, әсіресе, интеллигенция өкілдеріне жұмыста өсу қиын. Қазір де полиция қызметінде көптеген қазақ жігіттері, білімді мамандар бар, бірақ біздің өсетін шеніміз әрі кеткенде майор, сиректеу подполковник» дейді қазақтар, басқару жұмыстарына жібермейді. Бүгін Ресей қазақтары, әсіресе, жастар кеңес заманындағыдай ағылып Қазақстанға қоныс аудармайды. Байқаймын, қазақтар қазақтығынан алыстап бара жатыр, қазақ елі де олардан алыстауда, бауырына тарта бермейді. Себебі олар қазақ болғанымен басқа мемлекеттің азаматтары, мемлекеттердің заңдары, білім жүйесі, ақпарат құралдарының ұстанымы, идеологиясы ерекше, бізге араласа беруге болмайды, барлық мәселе мемлекетаралық келісіммен, дипломатиялық жолмен шешіледі. Басқа елдердегі қазақтармен де байланыс осы халықаралық шарттарға байланысты. Ал кеңес заманында бір ел болғандықтан білім алу, қоныс аудару оңай болды. Ұлттық фактор да бар. «Нацмен» болу да қазақтарды ойландырады, ұлттық ортаға тартады. Бүгін қазақтарға Ресейде өмір сүру бұрынғыдан да қиындау: «орыстан артық болғанда ғана өзімізді мойындатамыз» дейді кәсіпкерлер. Сондай-ақ орыстана бастаған жастар қазақылыққа салқындау болып барады. Тек мұсылманшылық, жерлеу рәсімдері мен дәстүрлері жақсы сақталған, қазақы менталитетті бекітуге негіз болып тұр.
– Орыс тілін білесіз, орыс тілінде де жазасыз, бірақ еңбектеріңізді негізінен қазақ тілінде жазып жүргеніңізді ел-жұрт жақсы біледі. Анық сыры неде?
– Оның сыры тереңде. Біздің қазақ интеллигенциясының толық мойындамай жүрген бір ақиқаты бар. Коғамтанушылар, ақындар, жазушылар, композиторлардың бірқатары партияның ұлттық саясатын қолдап, ал ол отарлау саясаты өлеңдер, романдар, музыкалық шығармалар, ғылыми еңбектер жазды. Соның бірі мен. Партия, кеңес қызметкерлерінің еңбегі өз алдына. Құдіретті идеология орыстануды достық деп, ұлтсыздануды бауырмалдық деп санаға сіңіруге тырысты. Оның аражігін ажырата алмадық, күнкөріс қамымен жүрдік. Біз ұлтымыз алдында айыптымыз деп ойлаймын.
Тәуелсіздік тұсында ұлттық құндылықтарымызды, дәстүрлі дінімізді, тілімізді меңгеруге мүмкіндік туды, ұлт алдында парызымыздың ең бір биігі – ол ана тілін терең меңгеру, ол тілді ғылымның тіліне айналдыру. Тіліміздің байлығын терең меңгере отырып, өзіміз де рухани жағынан жетіле бастадық, орысша ойлап, жазып калғандықтан санамызда тілдер араласуы, ықпалдастығы үзілмейді. Еңбек жазғанда орысша-қазақша, қазақша-орысша, шет тілдер, синоним, басқа да сөздіктерге жүгіну әдетке айналды.
Көптеген терминдерді, сөз тіркестерін басқа тілден қазақ тіліне аударғанда тіліміздің мәнді, мағыналы астарын терең түсінеміз. Аударуға келмейтін, ешқандай басқа тілде дәл мәнін бере алмайтын фразеологизмдер тілімізде қаншама? Бейнелі-метафоралық, қайталанбас ұлттық болмысты білдіретін тіркестер ұлттың тіл байлығының бірден-бір белгісі деп есептейді әлемдік тіл мамандары. Осы байлығымызбен енді қауышып жатырмыз.
Елімізде қазақ тіліне оппозиция бар: орыс тілінің басымдығын қолдайтындар, енжар, намысы төмен қазақтар. Отарлау саясатына икемдеген конформист, қазақ интеллигенцияның көбі бүгін ақша алға шыққан заманда ұлт алдындағы парызынан гөрі банкілерге бережақ қарыздарын ойлап кетті. Құбылмалы ұлт, тіл саясаты да тиімді бағыт бере алмай келеді. Ал орыс тілінің сұранысқа қарай қолданылуы жөн, жасанды қолдаудың қажеті жоқ.
– Әбеке, өмір мектебі деген ұғым бар ғой. Яғни, белгілі бір жас адам қанша жерден екінің бірі қол жеткізе бермейтін элиталық жоғары оқу орнын бітірсе де, өмірде бағыт-бағдар, үлгі-өнеге бере алатын жақсы адамдардың алдын көрмесе, «бір кем дүние» болып шықпай ма? «Жаман жігіт емес, әйтсе де көрген мектебі жоқ» деген сөз осындайда айтылса керек. Яғни, сізге жас кезіңізде өмірде қамқорлық, өнеге көрсеткен, азамат болып қалыптасуыңызға әсер еткен жандар бар ма?
– Осы жасқа дейін ешқашан есімнен шығармайтын құрметті адамдар көп. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, осы күнге жетуіме өмірге әкелген, тәрбиелеген анама, жас болса да әкедей болған ағама, отбасыма, ұстаздарыма, өскен ортам Ақтөбе университетіне ризамын. Мен көп адамды айта аламын, жығылмай, бүгілмей қолдап қиындықта сүйемелдеп, қолұшын берген, жақсылығымды асырған, кемшілігімді түсінген, абыройымды көтерген, әсіресе, ақтөбеліктерге көңілім ерекше.
– Сіз – ең алдымен ғалымсыз. Бүгінгі отандық ғылымның қабырғалы өкілінің бірісіз. Ғылым жолы қалпақпен соғып ала қоятындай оңай жол емес екендігі белгілі. Оның өзіне тән күрмеуі мен қиындығы мол деп ойлаймыз. Осындай жолды таңдауыңызға не себепші болды? Ғылым сізді несімен қызықтырды?
– Ойпырмай, асыра мақтадыңыз ғой. Ал шындықты айтсам, мәселе өте күрделі. А.Эйнштейін өзінің ізденісі туралы айта келіп: «Бұл мая шөп ішінен инені іздеумен тең, бірақ көп адамдар бір ине табады да, тоқтап калады, ал мен екінші, үшінші инені іздеймін, сәті түссе төртіншісін, бесіншісін табармын» депті. Ал кеңес заманында қоғамтанушылырға партия қолымызға дайын ине, марксизмнің большевиктік нұсқасын ұстатты, басқа инені іздеу қылмысқа тең болды. Социализм ыдырағаннан кейін саяси идеологиялық, экономикалық ұстанымдар түгелдей дерлік өзгерді. Біз социализмді өркениет жолынан адасу деп қабылдап, өткенмен ешқандай сабақтастық жоқ деп үзілді-кесілді бас тарттық. Құндылықтардың ауысуын, идеологиялық дағдарысты социология ілімінде аномия, абыржу, өткенді көксеу, жаңаны тосырқау, үрку дейді. Осы құбылысты жеке адам да, қоғам да, ғалымдар да басынан өткізді. Бірақ қоғамдық сананың дамуының өз заңдылықтары бар, бүгіннен ертеңге өзгере салмайды, өткенді ұмыту мүмкін емес, сана ауыстыра салатын техникалық құрал емес. Енді бізге талай дүниені ой елегінен өткізуге тура келеді.
Бір идеологияның үстемдігінен біз өмірге тек бір терезеден қарадық, басқа ақиқатты көрмедік, Батыс ғалымдарын айтпағанда Алаш арыстарының еңбектерін білмедік. Сондықтан алуан түрлі көзқарастармен бетпе-бет келгенде абыржып қалдық, студенттерге де дәріс оқу оңай болмады. Педагог әр кезде де байсалды жолды ұстануы керек. Кеше Кеңес өкіметін қолдаған ұстаз, бүгін жалт бұрылып, екінші жаққа шығып жамандап, сынап жатса, онда не бедел болады? Хамелеон деген сол емес пе? Сондықтан қолдан келгенше ақты ақ, қараны қара деуге тырыстық. Бір ақиқат – тәуелсіздіктің құндылығын жастарға жеткізу болды.
Бүгінгі қазақстандықтардың санасында сталинизмнің жеке басқа табыну, брежневтік тоқыраудың, горбачевтік «перестройканың» іздері бар. Тек бүгінгі 35-40 жастағылар өзгеше ойлайды, батыл сөйлейді. Қазақстанды шет елдермен салыстырады, елдің жаңаруын қалайды. Бірақ біздің ұрпақ тек кетпей, бүгінгі жастарды өздеріне ұқсағанын қалайды, жастарға тағатын айыптары да аз емес. Бұл қарттықтың емі жоқ ауруы қай заманда да болған. Қоғамдық ғылымдар әлі де қалыптасу үстінде. Бүгін тарих, қазақ философиясы саласында жетістіктер де бар.
Дегенмен біздерді философ ғалымдар деуден гөрі, философия пәнінің оқытушылары десек орынды болар. Ал енді ғылымның деңгейін ғылым магистрі, кандидаты, докторы атағы барларымен өлшесек алдамыз. Әсіресе, шенеуніктердің арасында аудан әкіміне дейін ғылыми атақтары бар, ғылыми атақ төсбелгі сияқты болды. Сол ғылыми атақтары барлардың арасынан ғалымды табу қиын. Олардың көбі студенттерге жүйелі курс оқуға бармайды, тұшымды еңбек жаза алмайды. Солармен мені салыстырып отырсыз ғой. Ал енді сарай ғалымдарының жолы болып тұр.
– Амангелді Әбдірахманұлы, ғұмырбаяныңызға байланысты көпшілік біле бермейтін деректерге, яғни өмір жолыңыздың айрықша бір беттеріне оқырмандар енжар, селсоқ қарай алмайды деген ойдамыз. Сондықтан өзіңізге айрықша әсер еткен, із қалдырған, ой салған өмірдің кейбір кездері жөнінде айтып бере аласыз ба? Сіздің ойыңызша өмірдің мәні мен сәні неде?
– Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін 20 миллион әкесіз және тұл жетім болды. Мен әкесіз өскендердің бірімін. Тек ана тәрбиесін көрдім. Анам тәртіпті, үлгілі болуға «әке тәрбиесін көрмеген, анасы тәрбие бере алмаған деген сөзге қалдырма, әкесі бар балалардан кем емес, тіпті артық бол» дейтін. Анамды үятқа қалдырмадым, бірақ әкем болса жақсы болар едім деп біраз жасқа дейін ойлап жүрдім. Бірте-бірте, тек әкеге деген сағыныш қалды, ізденіс жалғаса берді. Әкесінің басына барып тағзым еткендерге іштей қызығатын едім. Әкемнің жерленген жері табылатынынан күдер үзіп, Айталы атамның қасына әкемнің атын, туған жылын көрсетіп, соғыста қаза тапты деп ескерткіш қойдық. Ол кейінгі ұрпақ есте сақтасын деген ойымыз.
2016 жылы ізденісіміз үлкен жаңалық әкелді. «Мемориал» порталынан кіші сержант танкіге қарсы қарудың командирі Айталиев Абдрахман 1942 жылы 12 қыркүйекте Кабардина-Балкария елінің Майск ауданының Пришиб станицасында немістің бес танксін қиратып, өзі де оққа ұшты деген ақпарат келді. Күнгей Кавказ майданы командирінің бұйрығымен әкеме қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Жоғарғы Кеңесінің атынан (соғыс кезінде майдан командирінде сондай өкілеттілік болған екен) бірінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені беріліпті. «Мемориал» порталында осылай деп көрсетілген.
Сонымен бірге бауырластар зиратында жерленген 99-жауынгердің аты-жөндері де архив құжаттарында анықталыпты, солардың бірі – біздің әкеміз. Сол жылы әкемнің басына барып тағзым еттік, терең толқыдым, көңілім босады. Жергілікті кәсіпкерлер оларға үлкен ескерткіш қойыпты. Келе жатқанымызды хабарлап едік, соғыс көрген елдің ұрпақтары ғой, біздің жерімізді қорғаған қазақ жауынгерінің ұрпақтары келді деп, үлкен құрметпен біраз адам қарсы алды. Біз де рахметімізді білдіріп, көңіліміз үлкен жұбанышқа бөленіп, шүкіршілік айтып елге оралдық. Екінші жылы біздің балаларымыз аталарының басына барды. Менің бұл көңіл күйім барлық соғыстың әкесіз жетімдеріне ортақ сезім. Біздің ұрпақ әкелерін іздейді, сағынады, олармен мақтанады. Әкелері тастап кеткен бүгінгі балалардың мінез-құлқы, сезімі, әрине өзгеше.
– «Шәкіртсіз – ұстаз тұл» дегендей сексеннің сеңгіріне көтеріліп отырған қазіргі кезіңізде сіздің алдыңыздан қанша шәкірт тәрбие алғанын, олардың қандай жетістікке жеткенін білгіміз келеді. Мақтан тұтар шәкірттеріңіз бар шығар? Біз бүгінгі күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде сіз өз мектебіңізді қалыптастыра алдыңыз деп санаймыз. Бұл жөнінде өзіңіз не айтар едіңіз?
– Дайындаған ғылым кандидаттары бар. Ал әртүрлі салада еңбек етіп жүрген шәкірттерім бар. Солардың бірі – мемлекет, қоғам қайраткері Елеусін Сағындықов, бүгінгі облыс әкімі Оңдасын Оразалин. Басқа да елге сыйлы шәкірттерім көп.
Менің шәкірттерім – педагогтар қауымы. 1999, 2004 жылдары Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат болғанымда (ол сайлауларда сайлаушылар партияға емес, жеке адамдарға дауыс беретін) мені шәкірттерім қолдап кетті. Олар – мұғалімдер, мектеп басшылары, білім саласының қызметшілері. Олар менімен кездесуге депутаттыққа кандидатпен емес, ұстазымен кездесуге келді. Қарсыластарым менің кездесуімді жоғары жақ әдейі ұйымдастырады деп БАҚ-та ақпарат таратты. Мен сұхбатымда «шәкірттерім сыйлап, кездесуге келсе, жаман педагог болмағаным ғой» деймін. Кейде тіпті кездесуге келгенімде шәкірттерім мен дәріс оқуға келгендей тұрып қарсы алатын. Мен сол шәкірттерімнің, белсенді қызметімнің де арқасында депутат болдым. Бірақ мен олардың осындай құрметіне сай бола алдым ба деп іштей ойланамын.
– Сіз біраз жылдар бойы елордамызда тұрып еңбек еттіңіз. Парламент Мәжілісінің екі шақырылымына депутат болып сайландыңыз. Әйтсе де кейінгі кезде бас қаладан еліміздің шалғай облыстарының біріне қоныс аудардыңыз. Мұндай шешім қабылдауыңыздың сыры неде?
– Ақтөбе шалғай облыс емес қой, жан-жақты дамыған өлке, тоғыз жолдың торабында тұр. Сондықтан болар, Ақтөбе облысында еліміздің әр аймақтарынан азаматтар еңбек етуде, жершілдік, рушылдық деген дерттен ақтөбеліктер таза. Мені екі мәрте депутат етіп сайлаудың сыры осында. Елде жақсы азаматтар баршылық, дегенмен Ақтөбеден сайланған депутаттардың арасында қызылордалықтар да, орынборлықтар да болды. Осындай елге шындығында әркім де қарыздар. Бойымдағы жиған-терген білімімді ақтөбелік жастарға берейін деген ниетпен оралдым.
Тағы да бір адамдық фактор бар. Елордамыз біздің мақтанышымыз. Сұлу қала салдық, қала салған халық қана ұлт болады деген қағида бар. Елорда – Үш жүздің қазығын бір қазанда қайнатып, Қазақстан азаматтары етіп ұйыстырып жатыр. Елорда жастардың қаласы. Жас кезіңде дос та, жолдас та көп. Есейгенде дос табу қиын, таңдау да, талап та жоғары, мені де таңдайды, мен де таңдаймын. Сондықтан қала тек ғимаратымен ғана емес,сыйлас, сырлас адамдармен қымбат. Қымбат адамдарымның басым көбі Ақтөбеде.
– Амангелді Әбдірахманұлы, біздің бүгінгі сұхбатымыз Елбасының сөзімен айтқанда Отанымыздың бас газеті – «Егемен Қазақстанның» жүз жылдық торқалы тойы қарсаңында жүргізіліп отыр. Біз сізді басылымның тұрақты оқырманы ретінде де арқа тұтамыз. Өйткені газет мәртебесін көтере түсетіндер де ең алдымен өзіңіз секілді елге айтары бар авторлар тобы деп санаймыз. Осы тұрғыда өзіңіз газет ұжымы мен оқырмандарға қандай тілек айтар едіңіз?
– 20 жылдай «Егеменнің» авторы болып келемін, онымен мақтанамын. Еліміздің бас газеті мені қазақ қоғамына таныстырды, толғағы жеткен талай мәселелер төңірегінде елмен ой бөлісемін. Торқалы той қарсаңында «Егеменге» өз оқырмандарының ойынан шығып, ашық, бүкпесіз ақиқатты жеткізіп интернеттік бәсекелестікке дайын бола берсін деген ниеттемін. Заман, адамдар туралы ой бөлісуге, балалық шақты еске алып, айтылмай жүрген өзіндік пікірлеріммен ой бөлісуге мүмкіндік жасағандарыңа ризашылығымды білдіремін. Әңгімеміздің аяғында еліміздің бүгінгі күніне тоба деп, ертеңгі күніне үлкен үмітпен қарайтынымды айтқым келеді.
– Құрметті Амангелді аға, шын көңілден ашылып айтқан жүрекжарды әңгімелеріңіз үшін сізге көп рахмет!
ӘңгімелескенТемір Құсайын,«Egemen Qazaqstan»
АҚТӨБЕ