• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Сұхбат 16 Қыркүйек, 2019

Ләззат Танысбай: Ұлттық арна назарынан ештеңе де тыс қалмайды

2348 рет
көрсетілді

Орталық Азиядағы ең ауқымды медиа оқиға «Astana Media Week» форумы аясында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының жаңа маусымын таныс­тыру шарасы өтті. Осы орайда «Qazaqstan», «Qazsport», «Tamasha TV», «Balapan» арналарын және «Қазақ радиолары» ЖШС-ына кіретін төрт радионы біріктіріп отырған елдегі ең ірі медиа құрылым – «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Танысбаймен сұхбат­тасудың сәті түсті.

– Ұлттық арна үнемі бүкіл ха­лық­тың назарында. Көк жә­шік­ке телмір­ген көрерменге жаңа маусымда не ұсы­насыз­дар?

– Жаңа маусымға 14 жаңа жоба әзірледік. Көпшілігі қоғамдық-саяси және әлеуметтік бағытты қамтиды. Бі­рінші кезекте тікелей эфирде, бояма­сыз, көпшіліктің қатысуымен, кө­рер­меннің араласуымен өтетін жобаларды кө­бейт­тік. Мақсат – талапшыл да сын­шыл аудиториямыздың сұра­ны­сына жауап беру. Мысалы, дәл бүгін қоғамда қызу талқыланған мәселені кешкі сағат 20:30-да Ұлт­тық арнада тікелей эфирде шығатын «Ashyq alañ» қоғам­дық-саяси ток-шоуынан көре ала­сыздар. Кейінгі жылдары ел­дегі түрлі жағдайлар ашық тал­қы­ға түспей, біртіндеп бітеу жа­раға ұласып кетіп жатыр. Ана­лардың әкімдіктерге баруы,­ түр­лі аймақтардағы іргелі өндіріс орын­дарында қазақ жұ­мыс­шы­лары құқығының бұзы­луы, ха­лыққа көрсетілуі тиіс қыз­мет­терде іркіліс болуы және бас­қасы неден туын­дайды? Осы проб­ле­малардың алдын алу үшін би­лік өкілдерімен ашық талқылаудың болуы маңызды.

Ұлттық арнадағы «Ashyq alañ»-да қоғам өкілдері мен Үкі­мет­тің түрлі буындарындағы жауапты тұлғалар кез­десіп, мәселені ашық талқылайды. Бұған әрбір кө­рермен атсалыса алады. Ол үшін әлеуметтік желілер және ті­келей байланыс телефондары­ жұмыс істейді. Бір эфирдің өзінде тек Whatsapp мессенджері арқылы 4 мыңнан аса сұрақ түссе, 1 са­ғат­тың ішінде 1000-нан астам қо­ңырау болды. Екінші апта эфир­ге шығып жатқан бұл жоба біз үшін үлкен бір проблеманы айқындап отыр. Мемлекеттік органдарда өз ісін мықты білетін маман көп, бірақ қоғам алдына шық­қанда позициясын қорғап, дә­лелдей білетін спикер аз. Оның үстіне, тікелей эфирдегі көрер­мен сұрағынан қашатын шенеу­ніктеріміз қаншама? Продю­серлеріміздің күнделікті келіссөз­де­рін көрсеңіз, таңертең вице-министрмен келіседі, түсте ол ор­нына департамент басшысын ұсы­нады, кеш­кісін эфирге бас сарап­шыны жібереді. Уақыт өте бұл жүйе де қалыптасар деген үміттеміз.

Медиа менеджер ретінде мен үшін тағы бір маңызды жоба «Niet» деп аталады. Байқасаңыздар, біздің қоғамда түрлі көмекке мұқ­таж адам көп, сонымен қоса олар­ға көмектескісі келетіндер де жет­кілікті. Тек жолдарын біле бер­мей­ді. Міне, сондай адамдарды біріктіретін «Niet» әлеуметтік жобасын ашудағы мақсатымыз – сапалы телевизиялық шоу жасау ғана емес, сонымен қоса кез келген қиын жағдайды бірлесе же­ңу­ге мүмкіндік бар екенін көрсету. Бұл те­ле­жобаның тірегі, басқалардан өз­ге­шелігі – білікті де іскер сарапшылар тобы. Мұнда психологиялық көмектен бас­тап, сан салалы мәселелер бойынша нақты қолдаулар ұсынылады. Сту­дияға көмек сұрап келген бірде-бір адам құр қол қайтпайды. 9 қыркүйектен бастап эфирге жол тартқан жобаның алғашқы шығарылымының өзінде ауыр дерт­ке шалдыққан бір жасар сәбиді шетелге емделуге жібер­дік.­ Екінші эфирге тағдыры қиын­дыққа толы Зүлфия Жұ­мабаева есімді бес баланың анасы келді. Паналайтын жер таппай жүрмін деген оған «Qazaqstan» арнасының тікелей эфиріне хабар­ласқан Астана маңындағы Қоян­ды ауылының тұрғыны екі бөл­мелі пәтер сыйлайтынын айтты. Оған қоса, «Қарекет» қайы­рым­дылық қорының өкілі студия­да үш бөлмелі баспананың кіл­тін тапсырды. Бұл бағдарлама ұжы­мы үшін де, көмек сұрап келген көп балалы ана үшін де күтпеген жағдай болды. Біз ақша жинамаймыз, студияға келген кейіпкерге бағдарламаны көріп отырған әр қазақстандық қол ұшын соза алады. Жоба жұмыс күндері сағат 12:00-ден 14:00-ге дейін, екі сағат бойы тікелей эфирге шығады. 

Телевизия – қашанда ұжым­дық ең­бек. Нәтиже режиссер, оператор, дизайнер, монтажер, ре­дактор, продюсер сияқты көп­те­ген маманның шеберлігі мен жауапкершілігіне негізделеді. Бірақ жо­баға жан кіргізетін, сәт­ті немесе сәтсіз шығуына бас­ты себепкер – жүргізуші. Сол­ үшін біздің жаңалықтарды енді­ тек кәсіби журналистер жүр­гі­зеді. Армангүл Тоқтамұрат, Аль­бина Әшім, Саламат Омаш, Шер­хан Жамбылұлы – жас болса да, төртеуінің де тілшілік тәжі­рибелері, не нәрсеге өзін­дік­ көзқарастары бар. Екі жаңа­ ток-шоуды тікелей эфирде жүр­­гізетін Нартай Аралбай мен Гүл­­наз Әлімгерейді ерекше атап өт­кім келе­ді. Ал қазақ телевизия­сы­ның нағыз мэтрі атанған бел­гілі тележурналист Нұр­ті­леу­ Иманғалиұлының эфирге орал­­ға­нына  қалың көрермен қуан­ғаны сөзсіз. «Nur Tileý» бағдарламасы жүргізуші мен кейіпкер арасындағы интеллек­туалды диалогқа құрылады. Белгілі қай­раткерлермен, ел таныған тұлғалармен сұхбатқа Нұртілеу Иманғалиұлынан ас­қан шебер жоқ деп санаймын. Аға­мыз­дың тосын сұрақтарына тосылмай жауап береміз деген саясат, руханият өкілдерін студияда күтеміз.

Атын сақтай отырып, затын өзгер­тудің не екенін көрермендер «Аpta» бағдарламасынан көрді ғой деп білемін. Өтер аптадан қан­дай саяси, экономикалық және рухани бедер қалды, қай құ­былыс қуантты, нендей оқиға опын­дырды?! Бұл ретте автордың тәжі­рибесі, әр оқиғаға деген көз­қарасы маңызды. Біз оған та­нымал журналист, телевизия­ саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар Жайна Сламбекті шақырдық.

Ал ауыл тұрғындарының боя­масыз тұрмыс-тіршілігі, өз алдына кәсіп ашып, түтінін түтетіп отырған шалғай елді ме­кендердегі ағайынның өмір салтын бейнелей­тін «Ауылдастар» жобасы да жаңа маусымдағы негізгі өнімдердің бірі. Бағдарламадан кәсіп ашып, көпті асырап отырған ағайынмен жақынырақ танысасыздар.

Ұлы далада ұлттық және клас­си­­калық мәдениетті тоғыс­тыр­ған өнер ордасы көп. Әрбірінің көпшілік біле бермейтін сырлары бар. «Мәдениет жауһарлары» атты боямасыз бағдарлама көрер­менге сол ордаларды армансыз аралатады.

Бір күнде өз ісінің шебері не тындыра алады? Соны зерттеу үшін «Бір күн» бағдарламасында журналист өнерге өмірін арнаған шын майталманның қасында жү­ріп, ала таңнан қара кешке дейінгі еңбегін көреді, толғаныстарын тыңдайды.

Біле білсеңіздер, Ұлттық арна үшін бұл – 61-ші телевизиялық маусым. Яғ­ни, біз бүгінгі үлкен теле­визиялық та­­рих­тың тары­дай ғана бөлшегіміз. Қа­ра­­шаңы­рақ­тағы  сабақтастықты сақ­тау – парызымыз. Бұл маусымда 14 жа­ңа жобаның тұсауын кессек, көрер­мен­нің жоғары бағасына ие болған 10 бағ­дарлама жалғасын табады. Жаз бойы жасалған ұжым­ның берекелі жұмысының нә­тижесінде көрермендер  түр­ленген «Tañsholpan»-ды, жа­ңарған «Dara jol»-ды, ажары ашыла түскен «Kelbet»-ті тамашалайды. Одан бөлек, «Mа́sele», «Parasat maidany», «Jan jylýy» сияқты бағдарламаларды да көрерменге қайта ұсынып отырмыз.

– Ойын-сауықтық бағыт­тағы жо­ба­ларға қай деңгейде мән беріліп отыр?

– Жаңа маусымнан бастап осы ба­ғыттағы «Екі жұлдыз» му­­зыкалық жобасы, «Толағай» отбасылық бағдарламасы эфирге шығады. Сондай-ақ төл өне­рімізді, қазақтың сөз өнерін дә­ріптейтін ақындар айтысы эфирге тұрақты түрде беріліп тұ­ратын болады.

«Екі жұлдыз» жобасының қа­ты­су­шылары арасында эстрада жұл­дыз­дарынан бөлек, депутаттар, белгілі спорт­шылар, кино және театр актерлері, айтыскер ақындар, кәсіп­кер­лер, те­ле­жүргізушілер бар. Жоба алдағы аптадан басталып жыл соңына дейін жалғасады. 

Ал «24 sağat tabiğat kushağynda» географиялық реалити-шоуы арқылы Тұзкөл, Көлсай көлдері, Шарын, Бозжыра шатқалдары, Сібе көлдері, Марқакөл, Қарқара, Қарқаралы, Бектау ата, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Ұлытау және Ақтау таулары сияқты адам аяғы көп баса бермейтін жерлердің кереметін көрсетеміз.

– Корпорация отандық теле­хикая­ларға байқау жариялады. Өндіруші компанияларға қандай талаптар қоя­сыздар?

– Байқау жариялаудағы бас­­ты мақсат – отандық сериал­дар сапасын арттыру және тақы­рыптар ауқымын кеңейту.  Ұсы­ныс беруші компанияларға қойы­ла­тын не­гізгі талап – телехикая­лар өндірісі сала­сындағы тәжіри­бесінің болуы. Бұл ретте маусым алдында елдегі ірі өндіруші компаниялардың жетекшілерімен басқосу өткізіп, нарықтағы не­гіз­гі мәселелерді сараладық. Биылғы жылы жалпы саны 219 бөлімнен тұратын 14 телехикая түсірілді. Олар түрлі жанрды қамтиды. Соның ішінде алғаш болып көрерменге жол тартқан «47 баланың анасы» телехикаясы арқылы қоғам назарын жетім және тастанды балалар мәселесіне аударуға тырыстық. Туынды көрермендер тарапынан оң бағаға ие болып отыр. Сондай-ақ бұл маусымда көпшілік арна эфирінен алғаш рет детектив жанрындағы телехикаяларды тамашалайтын болады. Та­рихи жанрдағы телехикаялар бүгінгі кино өндірісі саласындағы ерекше қа­­­дам десек, бұл бағыт бойынша да алғашқы қадамдар жасалып жатыр. Жа­қында көрерменге Ұлттық арна түсір­ген «Орбұлақ шайқасы» тарихи телехикаясы жол тартады.

Корпорация 2020 жылы аталып өтетін Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай түсірілетін тележобаға да ашық байқау жа­риялаған болатын. Мерейтой қар­саңында көпшілікке лайықты ең­бек ұсынатын боламыз.

– Өзге де медиа ресурстар­дағы жаңа маусым жөнінде айтып өтсеңіз…

– «Balapan» балалар арнасы жаңа мау­сымда кішкентай көрермендеріне үлкен базарлық әзірледі. Балдырғандар санасы­на сіңіруі тиіс терең тарихымыз бен салт-дәстүріміз отандық 11 ани­мация мен 4 телехикаяда көрініс табатын болады. Сондай-ақ 5 бірдей жаңа бағдарламаның тұсауы кесіледі. 9 қыр­күйектен бастап «Balapan» арнасы таңғы 07:00-ден 00:00-ге дейін  хабар та­ратуға көшті. Яғни, бұрын тәу­лігіне 14 сағат тарайтын арна енді 17 сағат бойы эфирде. Қыркүйек ­айында арна­ның логотипін бала түсінігіне лайықтап, сәл өзгертіп шығардық. Оны кішкентай кө­рермендеріміз аңғарған болар.

Теленарыққа енгеніне 1 жыл толған «Tamasha TV» арнасы биыл міндетті эфирлік арналар қатарына қосылып, көрерменге бұрынғыдан да қолжетімді болды. «Qazsport» арнасынан 2019-2020 жылдарға бірнеше ірі трансляция жос­парланып отыр. Атап айтсақ, қыркүйек айында елордада басталатын күрес түр­лерінен Әлем чемпионаты, футболдан клубтар арасындағы Әлем біріншілігі, қол добынан әйелдер арасындағы Әлем біріншілігі,  Құрлықтық хоккей лигасы, хоккейден жастар арасындағы Әлем чемпионаты, кәсіпқой бокс кештері, Еуропаның үздік бес чемпионатының матчтары, EURO-2020 іріктеу кезеңдері,  ММА жарыстары, «Әлем барысы» халықаралық турнирі және 2020 жылы Токиода өтетін Жазғы Олимпия ойын­дарының көрсетілімдері бар.

Радиоарналарымызда да  әлеу­­меттік, рухани-танымдық бағыт­тағы жобаларға басымдық бері­ліп отыр. «Қазақ радио­лары» ЖШС-ында 42 жаңа жо­баның тұсауы кесілді. «Qazaq radiosy»-ның әуе толқынынан Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай  жаңа бағдарлама жол тартты. «Жүректің көзі ашылса» ра­диохабары ақынның рухани әлемі­нен сыр шертеді. Сондай-ақ ра­дио эфирінен ұлы ақынның «Қара сөздері» беріліп, нақыл сөз­дерінен арнайы аудиоролик­тер әзірленді. Осы орайда «Classic» радиосының ұлттық музыка өне­рі­нің насихатына ден қоя баста­ғанын айта кеткен жөн. Жаңа мау­­сымдағы «Кертолғау» хабары «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасы ая­сында мыңжылдыққа ұласқан қазақтың дала фольклорынан сыр шертеді.

– Көрермен қай арнада болсын жарнаманың көптігін жиі талқыға са­лып жатады. Бұған қатысты сіздің ойы­ңыз қандай?

– Нарық заманында жарнамасыз болмайды. Тек мемлекетке алақан жа­йып отырсақ, біз көп­шілікке ұсынатын қызықты бағдарламалардың біразына қар­жы таппай қалар едік. Жақсы өнім жеткілікті қаржыға түсірілетініне қазір барлық телеарналар көз­ жеткізген. Содан кейін жар­на­ма­ның көптігі – бағдарлама немесе киноөнім өтімді деген сөз. Егер сол кино, бағдарлама шығар уақытта тура сол арна қосулы бол­маса, жарнама берушілер оған келмес еді.

Ал біз тек жарнамадағы сөз­­­дер санаға сыйымды, көп­ті ұялт­пайтындай болуын қада­ға­лай­мыз. Кейбір мәтіндерін қайта жазып, кей көріністерін қайта тү­­сірулерін талап етеміз. Бірақ өз та­­рапымыздан оған ештеңе қосуға немесе алып тастауға хақымыз жоқ.

– Корпорацияның алға қой­ған жос­­­пары, межелеп отырған мақсаты қандай?

– Биылғы көктем мен жаз бойы бір тынбастан қыркүйекте басталатын теле­маусымға дайын­дық жүргіздік. Сан түрлі ұсыныс­тар сараланды. Көрер­мендер тарапынан жиі айтылатын сын-ескертпелер назарға алынды. Бірінші мақсат – ұлттық, рухани дүниелерді сақтай отырып, арнаны нарықта бәсекеге қа­білетті ету. Сала басшысы – министр Д.Абаевтың да қойып отырған тала­бы – осы. Бұл маусым­ды жақ­сы көрсеткіштермен бас­тап отыр­мыз. Ұжымның жаз бой­ғы бере­келі жұмысы нәтиже бе­ре­ бас­тады. TNS Central Asia зерттеу компаниясының де­рек­тері бо­йынша «Qazaqstan» ұлт­тық арнасының рейтингтік көр­сеткіші биылғы көктеммен са­лыстырғанда 121 пайызға өсті.  Бұл ба­ғыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жал­ғаса береді. Бас­ты­сы – мемлекеттік, ұлт­тық мақ­саттарды орындай отырып, қа­ра­­пайым көрерменнің көңілінен шығу. 

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»