Көне дәуірдің куәгерлеріндей болған Қызыләуіт – Бәзіл петроглифтері ерте ортағасырлық, ерте темір ғасырына жататын тарихи құндылықтардың бірі. Талас топырағында ықылым заманнан бері жасап келе жатқан Қызыләуіт – Бәзіл петроглифтері Ақтөбе ауылынан 2,4 шақырым оңтүстік-батыста, Бәзіл деп аталатын жердегі бос жатқан тасқа салынған. Ал байырғы Бескепе таңбалары Қызыләуіт ауылынан 3,2 шақырым оңтүстік-батыста, Бескепе деп аталатын жердегі аласалау төбедегі үлкен тас бетіне бедерленген. Қазыналы Қаратаудың шатқалдары мен сайларында ерте дәуірлерден қалған петроглифтер көптеп ұшырасады. Сонымен қатар ғылыми айналымға енген суреттер саны бірнеше мың. Тастағы таңбалар сол кездегі бабалар өркениеті мен танымынан да хабар береді.
«Мұнда көбінде нар мен қос өркешті түйе бейнелері кездеседі. Бескепеде үлкен тас бетіне толық салынған таңбалардың бір шеті сақталған. Сызықтар бойында жалғасып жатқан таңбалар өзіндік бір күрделі өрнекті құрайды. Таңбалар негізінен бір-біріне ұқсас. Үлкен тастың сынып түскен жағында да жалғасы бар. Алайда «Қасиетті Қазақстан» картасына енген, тарихын тереңнен тартқан Талас жеріндегі тарихи мұралардың бұл бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша іргелі, жан-жақты зерттеулерді әлі де жүргізу керек», дейді Талас аудандық мемлекеттік архивінің директоры Алмас Мұхтаров.
Сонымен қатар, Қызыләуіт ауылдық округінің аймағында адамзаттың алғашқы мекендері саналатын Тәңірқазған, Бөріқазған тұрақтары да кездеседі. Кезінде белгілі археолог Хасан Алпысбаев зерттеген бұл тұрақтардан тас дәуірінде табылған заттар орталық археологиялық мұражайға қойылған болатын. Тағы бір тарихи дерек, мұнда жоңғар басқыншыларының ХVІІІ ғасырдың басындағы жойқын шабуылының бір парасы осы жерде болғанын дәлелдейтін қорымдар да бар. Ел аузында қазақтың үш жүз сарбазының жоңғардың он сегіз мың сарбазымен шайқасқанын баяндайтын қисса да сақталған. Мұндағы Күйгенкөл атауы да жау қамыс ішінде жасырынып жатқанда қазақ батырлары көлдің жан-жағындағы қамысқа өрт қойып, оларды қырғынға ұшыратқанымен байланысты шыққан делінеді.
«Жалпы алғанда, тұрақтар маңындағы Қызылдың кемерінде сақ дәуіріндегі петроглиф жазулары көптеп кездеседі. Ол жазулардан ата-бабаларымыздың осыдан екі-үш мың жыл бұрынғы, тіпті одан да әріректегі тұрмысы мен танымдарын тануға болады. Соңғы жылдары бұл тарихи орынға Қаратау қаласындағы мектеп оқушыларын апарып, туған тарихымызбен таныстырдық. Бүгінгі таңда аудандағы тарихи нысандар тізімге алынып, олардың бірқатары мемлекеттің, демеушілердің есебінен жөнделіп, қалпына келтірілуде», дейді Талас аудандық Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының тарихи ескерткіштерді қорғау және сақтау инспекторы Мұхтар Әбсадықов.
Жамбыл облысы