• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Қыркүйек, 2019

Шағын кәсіп шаңырақтан басталса...

729 рет
көрсетілді

«Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген қазақтың қанатты сөзі бар. Адам баласы шыр етіп дүние есігін ашқан күннен бастап Алла тағала оның ризығын тағдыр тақтасына жазып қоятыны белгілі. Аузына ана сүтінен бастап, тіршілікте түрлі тағамның дәмін тату пенденің пешенесінен айналып өтпейді. Бірақ сол ризыққа қол жеткізу адамның іс-әрекетіне байланысты болмақ.

Бірі оқыған мамандығы бойынша қызметтің қызығына кірсе, енді бірі жеке кәсіптің жетегіне еріп, шағын болса да шаруашылықтың тізгінін ұстап, нәпақа табуда. Біздің қоғамда «бизнес бастау қиын, қымбат немесе барлығының қолынан келе бермейді» деген кереғар пікір басым. Зер салып, зейін қойып ойланатын болса, адам баласының атқармайтын ісі қалмайтын еді. «Қолымнан келмейді», деген орынсыз ой кәсіп ашып, жұмыс жүргізуге қарсы қойылған қамал сияқты. Қазіргі заманда базарға шығып сауда жасамай-ақ, үйде отырып үлкен іс тындырып жүргендер жетерлік. Біреулер бөзін, біреулер сөзін саудаға салған бүгінгі бәсекеге толы бәйге өмірде құр қарап тұрудың өзі құрдымға жетелейтіндей...

«Үйде отырып бизнес жасау» деген оқыған білім мен меңгерген маман­ды­ғыңызды, алған дипломыңызды сандыққа сақтап қою деген сөз емес. Керісінше, негізгі жұмысыңызға кедергі келтірмейтін кәсіп көзін кәдеге жаратып, қосымша пайдаға кенелу. Сондай жандардың бірі – астаналық Жанерке Тұрсынғазықызы. Ол үйде отырып әртүрлі қуаныш, тойға арнап тойбастар сыйлықтарын жасап, сатуда.

«Кез келген адам өмірге келіп, айналасын танып, жан-жаққа көз тастаған сәттен бастап, пайда табу, байлыққа кенелу жолын қарастыратыны белгілі. Астанамызға Қазақстанның түкпір-түкпірінен бөлек, шетелдерден де қаншама адам келіп қоныстануда. Сол себепті адам саны артқан сайын қаржы табу жолы да қарқындап, бәсекелестік деңгейі өсетіні белгілі. Тойбастар сыйлықтарын жасауды үш жыл бұрын қолға алған болатынмын. Бірінші баламыз өмірге келгенде, қонақтар шақырдық. Сол кезде қонақтарға ұсынатын тойбастарды сатып алмай, өзім жасап көрсем деген ой келді. Менің жасағанымды ұнатқан жақындарым, таныстарым, достарым маған тапсырыс бере бастады. Қазір жақындарымыздың, жанашырларымыздың жарнамасымен көптеген тұтынушы, тұрақты алушы адамдар тауып, күніне 10-нан аса тапсырыс қабылдаймыз. Сағатына есептегенде 100 дана тойбастар дайындаймыз», дейді Жанерке Тұрсынғазықызы.

Біздің кейіпкеріміздің бір ерекшелігі, ол осы бір кәсіпті қосымша сүйікті ісі ретінде айналысатындығы деуге болады. Себебі Жанерке қазір қаладағы дүкендердің бірінде кассир болып еңбек етуде. Ол бұған дейін «Mega Silk Way», «Хан Шатыр» сияқты ірі ойын-сауық орталықтарында да еңбек еткен.

«Тойбастар сыйлықтарын әзірлеу сүйікті ісім болғандықтан, уақытын белгілеп қойып асықпай дайындаймын. Әрине, оның да өзіндік жауапкершілігі бар. Дегенмен жаның қалап жасаған жұмысты барынша тапсырыс берген адамның талғамынан шығатындай шынайы жасайсың. Бізге сеніп тапсырыс берген адамдардың көңілі қалмау үшін, тиянақты әрі сапалы қылып әзірлейміз», дейді ол.

Қазақстанның түкпір-түкпірінде мұндай кәсіппен айналысатын адамдарды көптеп кездестіруге болады. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. Ғаламтор бетін ақтарып отырсаңыз, әсіресе әйелдер қауымына арналған үйде ақша табу жұмыстары жетіп артылады. Олардың қатарында тамақ істеу, киім тігу, қолөнер бұйымдарын жасау, тоқыма тоқу сияқты іс тетігі көп. Неге әйелдер? «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деген халқымыздың есті сөзін ескерсек, нәзік жандылардың үйде отырып, бала бағуы да заңды. Әйтсе де қолынан келгенше ерінің бір жағына шығысып ақша табуы әбес әрекет емес. Тіпті үйде отырып ақша табуды отбасылық кәсіпке де айналдырып үлгергендер бар. Сондай отбасының бірі – Берік пен Жанар.

«Отбасымызбен үйде отырып тапсырыс қабылдап жүргенімізге алты жылдай уақыт болды. Алғашқыда фото түсіру хобби ретінде басталды. Содан отбасын құрып қалаға келгеннен кейін фотогроф болып табыс таба бастадым. Келіншегім Жанардың ең алғашқы табысы – ішіне картоп салып жасаған бәліш болды. Таңғы төртте тұрып, сегізге дейін пісіріп, кесіп дайындап қояды. Мен жаңа піскен қалпында үйдің маңындағы шаштараздарға, дүкендерге сатып келе­мін. Сосын осы тәсіл­мен тәтті торттар пісірді. Табысы молынан болмаса да, бұл бірігіп жасаған ісіміз бізге шабыт берді. Осылай бірігіп әрекет жасасақ алдағы уақытта жақсы жетістікке жететінімізге сенімді болдық. Әрі қарай интернет арқылы балаларға арналған киімдер саттық. Сосын келіншегім қолөнермен шұғылдана бастады. Алғашқыда срапбук альбомдар сатты, одан кейін оюмен өрнектелген төркөрпелерге тапсырыстар қабылдады. Нәрестелерге арналған арнайы маталардан тігілген бесік жабдығын тапсырыс берушінің талабына сай жасады. Бүгінде 1-8 жас аралығындағы балаларға арналған заманауи Вигвамдар (үйшік) жасап жүр. Адамдар балалар бөлмелерінің дизайнына байланысты немесе өздеріне ұнаған маталар жинағынан тапсырыс береді. Вигвам төрт ағаштан, көркемделіп тігілген шатырдан, ішіне төсейтін арнайы жұмсақ көрпеден, декоративті жастықтардан және әртүрлі әдемі қосымша жабдықтардан тұрады. Вигвамға тапсырыс беретін кісілер балаларының туған күніне арнап немесе туыстарының балаларына сыйлыққа алады. «Дайын вигвамды үйіне апарып құрастырып құрып беремін. Жаңа үйшіктің иесі болған балалардың қуанышын көргенде біз де қуанамыз. Өзіме келетін болсам, фотогроф болып жұмыс істеп жүргеніме бес жылдай болды. Арасында интернет арқылы цифрлы пианино да (цифравое пианино) сатып көрдім. Тендерге де қатыстым. Қазіргі уақытта өзіме ұнай­тын 3 бағытты таңдап, тапсырыстар қабылдаймын. Бірінші бағытым, балаларды түсіру. Нәтижесінде сол күнгі бала­лардың қуанып, шаттыққа бөленіп жүр­ген қайталанбас сәттері естелік болып қалады. Екінші үйлердің ішкі-сыртқы интерьерлерін түсіремін. Әдетте үйлерін сатуға және жалға беретін кісілер немесе кеңсе, мейрамхана, қонақүйлер жарнамаға беруге арнап фото түсіруге тапсырыс береді. Үшінші бағытым интернет дүкендерге арнап фото түсіру. Бұл фотолар тапсырыс берушінің заттарын заманға сай жарнамалауға, заттарының каталогын жасауға, саудасының жүруіне, кәсібінің алға қарай дамуына әсер етеді. Ең негізгісі, жұмысымыз өзімізге ұнайды. Кәсібімізді үздіксіз дамыту жолындамыз», дейді отағасы.

Бүгінгі таңда екі бала тәрбиелеп отырған Берік Шахмұратұлы мен Жанар Серікбайқызы отбасы болып жұмыс істеу барысында қиыншылықтардың да кездескенін жасырмады.

«Сол кезде келіншегім екеуміз бір бірімізге қолдау көрсетіп, тиімді шешім қабылдауға әрекет жасадық. Нәтижесінде жаңа идеялар пайда болды. Сол идеяға байланысты тез арада әрекет етуді үйрен­дік. Жақын достарымның да көмегі көп болды. Олардан әрдайым ақыл-кеңес сұрап тұрамын», дейді олар.

Әрине қолыңнан келіп, қабілетің жетіп тұрса талай іспен айналысуға мүм­кіндік мол. Павлодар облысының тумасы Айжан Қанашқызы да үйде отырып сүйікті ісі арқылы табыс тауып жүрген келіншектердің бірі. Ол негізінен қағаздан, моншақтардан, әртүрлі асыл тастардан сәндік безендіру заттарын жасайды.

Сәндік безендіру заттарын жасауды 2014 жылы бастадым. Қыз-келіншектерге алқа, өңіржиек, белдік, білезік, диадема жасап қана қоймай, балабақша, мектеп жасындағы балаларға арнап түрлі іс-шараларда киетін киімдер тігемін. Негізгі мамандығым – интерьер дизайнері. Білімім жоғары. 2010-2015 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде сәулет-құрылыс факультетінде білім алдым. Студент кезімде қағаздан жасалған оригами техникасында флористикалық көрмелерге қатыстым. Баламен отырғандықтан алғашында тек қызыма жасап жүрдім. Кейін таныс достарымыз балаларына ала бастады. Бір күні сіңлім инстаграм желісінде жеке парақша ашып беріп, жасаған заттарымды соған салуыма кеңес берді. Қазіргі уақытта әлеуметтік желі арқылы әртүрлі қаладан тапсырыстар үзілмей түсуде», дейді Айжан Қанашқызы.

Белгілі кәсіпкер Билл Гейтс «Бизнес – үлкен құмарлық пен азғана ережеден тұратын өте қызық ойын» деген еді. Иә, құмарлық пен қызығушылық қатар жүрмесе, басталған кәсіптің аяқталуы да тез болары сөзсіз.