Бүгінгі материалымыздың айдарында тұрған «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы өңірде бұдан үш жыл бұрын басталған-ды. Дәл сол кезде өңір халқының өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде ауқымды жұмыстар қолға алынып, жүзеге аса бастады. Әрине жаңа жобаның бұлайша шұғыл өрістеуіне себепші болған жайттар да жоқ емес-ті. Атап айтқанда, 2016 жылдың 5 маусымы күні Ақтөбе қаласында діни экстремизмнің бой көрсетуі салдарынан орын алған қайғылы оқиға мен теракт бұл бағыттағы профилактикалық шараларды ширата түсу қажеттігін ұғындырып кеткені де сол кездің шындығы еді.
Аталған жобаның бастапқы кезеңінде облыс орталығы мен аудандарына орталықтан әрі елдің өзге де аймақтарынан құқық қорғау органдарының өкілдері мен теологтар және әлеуметтік-экономикалық саланың түрлі бағытында қызмет атқаратын белгілі сарапшы мамандар келді. Олар облыстың елді мекендерінде халықпен кездесіп, өкінішті жайттардың себептері мен салдарын анықтауға ұмтылды. Сонымен бірге алдағы уақытта бірінші кезекте ел-жұртты толғандыратын қандай мәселелерге басымдық беру қажеттігін саралап берді. Сөйтіп республикалық ақпараттық-насихаттық топ құрамындағы сарапшылар облыс тұрғындарымен қоян-қолтық жұмыстар жүргізе бастады.
Күрмеуі қиын мәселеге бұлайша жаңаша көзқарас тұрғысынан келу тәсілі оң нәтижесін берді деп толық сеніммен айта аламыз. Осылайша облыста «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» деп аталған қанатқақты жоба халыққа түсінікті бола бастады. Кешенді түрде жүргізілген кең ауқымды түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде халықты алаңдатып жүрген бірқатар әлеуметтік-тұрмыстық мәселе өз шешімін тапты. Бұдан кейінгі кезеңде облыста ел-жұрттың ойы мен көңілінен шыққан аталған жоба аясындағы іс-шараларды әр жыл сайын жалғастырып, жаңғыртып отыру жөнінде ұйғарым жасалды.
Биылғы жылдың 20 тамызы күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасына сәйкес өз жалғасын тапқан «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарындағы ірі елді мекендердің тұрғындарын, олардың кең ауқымды шоғырын қамтыды. Сондай-ақ соңғы уақытта аталған жоба өзінің әу бастағы ауқымы мен шеңберін әжептәуір ұлғайта түскені де сүйінішті жайт. Нақтырақ айтқанда, қазіргі кезде жоба жанашырлары тұрақтылық пен тыныштықты орнықтыру үшін ең алдымен әлеуметтік мәселелер өз шешімін табу керектігіне басымдық беріп келеді. Мұның өзі бұған дейін тәжірибеде өзін өзі ақтаған жобаның жаңа мазмұнмен толыға түсуінің нақты көрінісі. Әрі әлгінде айтылғандай, өңірде тұрақтылық пен тыныштықты сақтау ісінің басты тетігі болмақ. Бүгінде еліміздің кез келген өңіріндегі халықты толғандыратын әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер мен өмір ағысында орын алып жататын түйткілдер аз емес екені аян. Соның ең бастыларының бірі – баспана мен атаулы әлеуметтік көмек екені белгілі.
Осы мәселеге байланысты «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында азаматтарды қабылдау тәртібі белгіленген. Сол кезде олар бұған қатысты тиісті жауаптар ала алады. Мысалы, қазіргі кезде өңірде «Бақытты отбасы», «Өз үйім», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары бойынша көп балалы аналарға пайыздық мөлшерлемесі төмен тұрғын үйлер берілуде. Бұл жөнінде «Тұрғын- үйқұрылысжинақбанкі» АҚ филиалы аймақтағы 8 құрылыс компаниясымен келісімшартқа отырған. Әйтсе де қарапайым тұрғындардың дені төмен пайыздық баспанаға ие болудың жәй-жапсарын біле бермеуі мүмкін. Мұның анық-қанығына жетуге аталған жобаның шапағаты тиіп отыр.
Сондай-ақ тұрғындардың белгілі бір жұмысқа орналасуына да жоба аясындағы іс-шаралар көмегін тигізуде. Мысалы, бүгінгі күні Ақтөбе қаласында 1300-ге жуық бос жұмыс орны бар екен. Ал нақты жұмыс іздеп жүрген жұмыссыздардың саны бұдан әлдеқайда аз болып шықты. Міне, қарама-қайшылық қайда? Бұл ретте бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу тұрақты үрдіске айналып, тұрғындарға әжептәуір көмегін тигізген. Осылайша 6,5 мыңға жуық қала халқы жұмысқа орналастырылған.
Сонымен бірге басы ауырып, балтыры сыздағандарға да жоба бағыттары бойынша қажетті медициналық көмек беру нормалары қарастырылған. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Қайрат Райжанов азаматтардың арасында қабылдауға тегін дәрі-дәрмек алу мәселесі бойынша келетіндер көп екенін айтып берді. Денсаулық сақшылары мұндай жандарға мүмкіндігіне қарай көмек көрсетіп жүр. Бүгінгі күні мемлекет тарапынан онкология, қант диабеті, туберкулез және жүрек-қан тамырлары ауруына дәрі-дәрмектер тегін беріледі. Медицина қызметкерлері осы дерекпен тұрғындарды хабардар етуде.
Жоба шеңберінде ашық есік күндері кезінде тұрғындардың медицина орталықтарына келіп, тиісті тегін тексеруден өткізілуі де оның мәселесін биіктете түседі. Азаматтар үшін арнайы ұйымдастырылған семинарлар кезінде екпеден бас тартпаудың пайдасы мен қажеттілігі, жасөспірім қыздар арасында ерте жүктілікті болдырмау әрі оның алдын алу, қан айналымы жүйесі ауруларынан сақтандыру секілді тақырыптар қозғалуы да қолдауға әбден лайықты.
Алдағы жылы еліміздің денсаулық сақтау саласына міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілмек. Жобада қаралған бағыттардың біріне сәйкес тұрғындарға осы өзгерістер жөнінде толыққанды деректер мен мәліметтер берілуі де оның мазмұнын толықтыра түсуде. Мұндай әңгімелер бүгінгі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры төңірегінде де айтылуда. Бүгінгі күні тұрғындардың басым бөлігінің өздерін толғандырған мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға баруына жағдайлары бола бермейді. Солай болған күннің өзінде олардың бәрін бір мезгілде қабылдау мүмкіндігі тағы да жоқ екені белгілі.
Бұл ретте «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы шеңберіндегі қабылдаулар осы олқылықтың орнын толықтыра түскендей әсер қалдырады. Сонымен бірге оларға электронды қызмет түрлері де қоса көрсетілуде. Бұл – электронды-цифрлы қолтаңбаны қалай қолдану және телеграмм бот арқылы қызметтердің қалай алу керектігін халыққа ұғындыру деген сөз. Мәселен, бүгінгі күні электронды қызметтің 30 түрін бірнеше минутта алуға болады екен. Аталған жобаның басты мақсаттарының бірі, сөз басында айтылғандай, өңір тұрғындары арасында діни сауаттылық деңгейін көтеру болып отыр. Ол үшін Ақтөбе қаласы мен облыстың ірі және шағын елді мекендерінде әртүрлі ұжымдық кәсіпорындар мен оқу орындарында теолог мамандардың қатысуымен кездесулер ұйымдастыру көзделген.
«Дәстүрлі дін дегеніміз не? Оның әртүрлі деструктивтік діни ағымдардан өзгешелігі мен айырмашылығы қандай? Бұл сауалдарға қатысты ақпараттық топ мүшелері халыққа айқын жауаптар қайтарып жүр. Бұл ретте дәстүрлі емес діни экстремизм бағытына бой ұрушылар мемлекеттік саясатқа көлеңке түсіріп, кей жағдайларда конституциялық заңдылықтарды бұзуға әрекет жасауға ұмтылатынын ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан мұндай теріс ағымдардың жетегінде жүрген жастармен жеке әңгімелесіп, оларды дәстүрлі Ханафи мәзхабына тарту жұмыстарын жүргізіп келеміз», дейді облыстағы «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының басшысы Нұрсұлтан Жаншин.
Оның айтқанына қосарымыз, аталған орталық «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы басталған кезден бері облыстық дін істері басқармасымен бірлесе отырып мыңдаған адамды қамтыған сан алуан кездесу өткізуге мұрындық бола білгені. Олардың жамағат арасында жүргізілген лекциялары мен семинарлары өз алдына бір төбе. Осы орайда мешіт қызметкерлеріне бірнеше дүркін әдістемелік көмектер көрсетілген.
Бір сөзбен айтқанда, облыс халқының қолдауына ие болған аталған жобаға сәйкес өткізілген сан алуан іс-шаралардың аясы өте кең, саны мейлінше жоғары. Әлбетте басты мақсат сандық көрсеткіштерге емес, бірінші кезекте биік сапалық деңгейге қол жеткізу екені мәлім. Бұл ретте жобаның басы-қасында жүргендер сан мен сапаның бірлігіне және өзара үйлесіміне қол жеткізе алғаны үлкен мерей. Жүректен шықпаса жүрекке жетпейді дегендей, ең бастысы, елімізде ешқандай баламасы жоқ ауқымды жоба бойынша атқарылған іс-шаралардың оң нәтижесі жылдан- жылға көбейіп келеді. Соның басты бір көрінісі бүгінгі таңда облыста діни ахуал мен дін тұту еркіндігінің тұрақты сипатқа ие бола бастағаны деуге болады.
Тұтастай алғанда, «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасына сәйкес биылғы жылы халықтың әл-ауқаты мен табысын көтеруге баса көңіл бөлінгені атап айтуға тұрарлық іс. Сонымен бірге өзекті әрі көкейкесті әлеуметтік-тұрмыстық проблемаларды реттеу жөнінде кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілгені де жобаның мәні мен мазмұнын тереңдете түседі.
АҚТӨБЕ