Бұл тәжірибе алмасу алаңына 200-ге жуық жас қатысты. Шымкент қаласында алғаш рет «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранты аясында өткен бұл іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдау көрсетті. Екі күнге жалғасқан Жастар ұйымдарының нетворкингіне 18-29 жас аралығындағы Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары және Шымкент қаласының жастары қатысты. Арнайы шақырылған спикерлер жастарға маңызды ақпараттар беріп, орамды ойларын ортаға салды.
«Bolashaq» қауымдастығы ұйымдастырған басқосудың ортасынан қала әкімі Ерлан Айтаханов та табылып жастар ұйымдарының жетекшілерімен, белсенді студенттермен сұхбаттасты. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген азаматтық сектордың белсенділігін арттыру бағытына тоқталып, тың идеясы бар жастарды қолдау маңызды екенін айтты.
– Біздің жастар – бизнеске бейім. Қай салада да біліммен қоса тәрбие мәселесіне де мән беру керек. Жалынды жастар қоғамдық жұмысқа, азаматтық секторға білек сыбана атсалысса, мемлекеттік бәсекеге қабілетті болуына үлес қосады. Сондықтан мен жастардан нақты ұсыныстар күтемін, – деді шаһар басшысы.
Жаңа форматтағы жобада «Bolashaq» қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесіновамен кездескен жастар білім, ғылым саласы бойынша өздерін толғандырып жүрген сұрақтарға жауап ала білді.
Сонымен қатар тағылымды кездесуде Жастар жұмысшылар қауымдастығы кеңесінің төрағасы Нұрлыбай Наурызбаев, стратегиялық даму жөніндегі директор және «Salem Coffee & Tea» негізін қалаушы, жас кәсіпкер Аят Азимов, GR-кеңесшісі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Нұрлан Өтешев, «Арнау» даму орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, байланыс маманы, блогер Ұлан Әбішев өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, іскерлік сабағын өткізді.
Жастармен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың, жастар ресурстық орталықтарының жұмысын жақсартуды көздеген іс-шарада жиналған қауымға әлеуметтік тапсырыстармен жұмыс істеудің жөні түсіндірілді.
Өз кезегінде Нұрлан Өтешов жастарды кәсіпкерлікке қалай баулу керектігі жөнінде кеңес берсе, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Ерасыл Төлебаев Шымкентте болашақтықтардың филиалын ашсақ деген ұсынысын білдірді. Ал «Жетіген» мектебінің директоры Камила Есқараева әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай әл-канун аспабында ғұлама ғалымның туындыларын жаңғыртып жатқанын марқая жеткізді.
Бұған қоса қаланың қоғамдық кеңесіне мемлекеттік емес ұйымдар мүшелерін де қатыстыру, Нұр-Сұлтан мен Алматыдағыдай жастардың ауқымды коворкинг орталығын құру, республикалық деңгейде ақындардың поэтикалық дуэлі мен «Ақын мен әнші» жобасын қайта жандандыру, пікірсайыс клубы ашу сияқты ұсыныстар айтылды.
Ерлан Айтаханов барлық ой-пікірді мұқият тыңдап, қолдайтынын айтты. Алдағы жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық және әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойларында атқарылар шараларда жастарды белсенді болуға шақырды. Сондай-ақ қала басшысы жастарды масылдық психологиядан арылып, еңбекқор болуға, елдің дамуына өз үлесін қосып, белгілі бір іспен айналысуға үндеді.
Шымкент