Ольга Гонтарёва – он саусағынан өнер тамған шебер қыз. Ол Қарағандыдағы техника-құрылыс колледжінде оқиды. Оқуын бітіргенде ол техник, дизайнер, реставратор мамандықтарын алып шығады.
Жақында талапты қыз өзінің жеке ісін ашып, болашақ бизнесінің іргетасын қалады. Ольга жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің соншалықты қиынға түспегенін айтады.
– Жасаған бұйымдарымды таныстарыма сатамын. Кейде «сарафан радиосы» арқылы мені тауып алып, заттар сатып алатын оқиғалар да болып тұрады, – дейді Ольга.
Ольга Гонтарёваны оның колледждегі жетекшісі Дәмелі Кенжебаева орынды мақтан етеді.
– Ольга – өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын студент. Таңдап алған кәсібін жан-тәнімен сүйеді. Ол шынында да өнерлі қыз: сурет те салады, ағаштан ойып бұйым да жасайды, бір сөзбен айтқанда қолынан келмейтіні жоқ. Болашақта ол бастаған істің табысты боларына күмәнім жоқ, – дейді ұстаз.
Оқуда озат Ольга қоғамдық жұмыстарға да белсенді түрде атсалысады. Ол «Адал дос» атты қоғамдық бірлестіктің өкілі. Ұйым иесіз жүрген үй жануарларын қорғаумен айналысады. Сонымен қатар Ольга еріктілер жасағының да белсенді мүшесі.
Жалпы Қарағанды техника-құрылыс колледжінде студенттерді оқу орны қабырғасында жүргенінде-ақ болашақ мамандығына өндірістік тәжірибе негізінде баулу ісі дұрыс жолға қойылған. Мысалы, бұл жерде болашақ дизайнерлер өздерінің түрлі жобаларын әзірлеп, оларды құрылысшы мамандығына оқып жатқан студенттерге береді. Ал олар болса, қажетті материалдарды таңдап алып, дизайнерлердің жобасын іске асырады. Яғни, колледжде зертханалары өзара тығыз қарым-қатынаста әрекет ететін құзырет орталығы жемісті жұмыс істейді. Айта кететін бір жайт, аталған колледж былтырдан бері республикалық бюджеттен қаржыландырылатын білім мекемелерінің қатарына қосылған.
ҚАРАҒАНДЫ