• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Қыркүйек, 2019

Түркістан – жастар қаласы!

999 рет
көрсетілді

Облыстық қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастыруымен өткен «TURKISTAN-JASTAR QALASY!» атты жастар фестивалінің қорытынды кезеңі мен жабылу салтанаты Түркістанда өтті.

Жастар арасында мәдениеттің дамуына ықпал ету, бос уақытты ұйымдастыру, таланттарды анықтау, сондай-ақ жас дарындардың шығармашылық тұрғыдан өсіп-өркендеуіне қолдау таныту, салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен фестиваль аясында үш ай бойы 4 спорттық-шығармашылық алаңда 1680 іс-шара өткізілген. Оған облысқа қарасты 13 аудан мен 3 қаладан 30 000-нан аса жас  6 бағыт бойынша  қатысты. Спорттық додалардың апталық, айлық іріктеулерінен сүрінбей өткен кіл мықтылар ақтық сайыста бақ сынасты. Жастар спортпен қоса өз өнерлерін көрсетті. Атап өтер болсақ, Street Danse бойынша 1-орынды  «Kirin би» тобы еншілесе, RAP сайысынан «Бекболат» тобы, Street Workout сайысынан Жетісай құрамасы, Karaoke байқауынан Өмірзақ Арайлым топ жарды. Ұлттық ойындарбойынша, асықтан Түлкібас құрамасы үздік атанса, ләңгі тебуден Шардара құрамасы жеңімпаз атанды. 

Ашық аспан астында ұйымдастырылған фестивальдің жабылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қатысып, жеңімпаздарды марапаттады. «Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жастарға қолдау күшейтілетінін айтқан болатын. Себебі, тәуелсіздіктің тірегі - жастар! Кезінде Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов «Білімді болуға – оқу, бай болуға – кәсіп, күшті болуға – бірлік керек!» деген екен. Биыл жастар жылына орай, елімізде жастарды қолдау бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Облысымызда нақты жұмыстар жүзеге асуда. Бұл жоба жастар жылының алғышарты ретінде өткізіліп отыр», - деді С. Қалқаманов.Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом мен бағалы сыйлықтар тапсырылып, фестиваль соңы концерттік шоу-бағдарламаға ұласты.

Айта кетелік, бүгінгі таңда қала саябақтарында Street Ball, Street Workout, ұлттық ойындар алаңдары салынып, жастардың игілігіне берілген. Сондай-ақ аудандарда, облыс орталығында спорттық-шығармашылық әлеуеті жоғары жастар шоғырын қалыптастыру,  жастардың көше мәдениетін дамыту көзделген жоба арқылы жаңа спорт алаңдары көбейді.