• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 24 Қыркүйек, 2019

Атажұрт төріндегі кездесу

163 рет
көрсетілді

Халықаралық Түркі академиясында елордада өтіп жатқан Еуразия елдері Парламенттері спикерлерінің IV кеңесіне қатысуға келген Түркия мен Әзербайжан Республикалары Парламент төрағаларымен кездесу болды. Дөңгелек үстел форматында өткен басқосуға Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп, Әзербайжан Ұлттық мәжілісінің төрағасы Октай Асадов, ТүркПА бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов, сондай-ақ елшілер, депутаттар, ғалымдар және өзге де мәртебелі меймандар қатысты. Шара Түркі кеңесінің құрылуына себепші болған Нахчиван келісімінің 10 жылдығы аясында ұйымдастырылды.

Кездесу барысында Акаде­мия басшысы Д.Қыдырәлі халықаралық құры­лымның атқарып жатқан жұ­мыс­тары мен алдағы жоспар­лары жа­йын­да баян­дап, ұйым­ның түркі тілдес елдердің ғылы­ми-гуманитарлық байланысын нығайтудағы мақсат-мүд­десі жайлы айтып берді. Соны­мен қатар ұйым басшысы өз сөзінде биыл Нахчиван келісімінің н­әтижесінде Түркі кеңесінің құ­­рыл­ғанына 10 жыл толғанын атап өте отырып, Елбасы Нұрсұл­­тан Назарбаевтың түркі тіл­дес мем­лекеттер арасындағы инте­гра­цияны тереңдетудегі ай­рық­ша еңбегіне тоқталды.

Өз кезегінде Түркия Ұлы Ұлт­­тық мәжілісінің төрағасы Мұс­тафа Шентоп Анадолыны ме­кен еткен бауырлардың Ор­та­­лық Азияны, соның ішінде Қазақ­станды атажұрт санайты­нын, мұн­дағы әр жетістікке түрік халқының сүй­сінетіндігін атап өтті. Мұстафа Шентоп өз сөзінде Түркі кеңесі аясын­да құрылған ұйымдардың табыс­ты жұмыс істеп жатқанын айта келе, түркі ынтымақтастығына Халықаралық Түркі акаде­мия­­­сының зор үлес қосып отыр­ға­нына тоқталды. «Ұлы дала – біз­дің атажұртымыз. Бұл өл­ке­ден түркі-ислам әлемінің ұлы ғалымдары Әбу Насыр әл-Фа­ра­би, Әбу Райхан әл-Бируни, Ұлық­бек тәрізді тұлғалар шық­қан. Дінімізге еңбек сіңірген ұлы ғалымдар да осы аймақта туып-өсті. Күллі түркінің рухани ұстазы Қожа Ахмет Ясауидің де атажұртымыздан шыққаны баршаға мәлім. Сондықтан бізге бұл өлке ыстық, жанымызға жа­қын», дей келе түркиялық мейман түркі тілдес елдердің басшы­лары алғаш рет 1992 жылы бас қосқанын, 2009 жылдың қаза­нын­да Әзербайжанның Нахчи­ван қаласында өткен саммитке дейін 9 рет жиналғанын айтты. «Нахчиван саммитінің нәти­жесінде Түркі кеңесі құры­лып, Түркі академиясы, Түркі мә­дениеті және мирас қоры, Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесі тәрізді құрылымдар дүниеге келді. Нахчиван келісімі тарихи шешім болды. Бауырлас халықтардың арасындағы ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне түркі дүние­сінің ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі ерекше», деді Мұстафа Шентоп.

 Ал Әзербайжан Ұлттық мәжілісі­нің төрағасы Октай Асадов Түркі ака­демиясының жұ­мысына ризашылығын білді­ріп, жақында ғана Түркі кеңе­сінің құрамына Өзбекстан Рес­пуб­ликасының да қосылғанына қуанатынын жеткізді. Соны­мен қатар тәуелсіз алты түркі мем­лекетін осынау ұйым құрамынан көргісі келетінін айтқан мәр­те­белі мейман «Түрікменстан да біздің қатарымызға қосылатын күнді көретін шығармыз деп үміт­тенемін. Біз жұдырықтай жұ­мы­лып, алтауымыздың бере­кеміз жарасқанда ғана қуат­тымыз», – деді.

Кездесуде меймандар түр­кі ин­те­грациясының мәде­ни-гума­нитарлық, саяси-эконо­ми­калық жай-жапсары жайлы пікір алмасып, осы күнге дейін атқарылған істердің бауыр­лас халықтардың ынтымағын арт­тыруға ерекше ықпал ететі­ніне сенім білдірді. Жиында сөз алған Түркі кеңесі Ақса­қал­дар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов түркі тарихын түген­деуде Халықаралық Түркі ака­демиясының сіңірген еңбегі зор екенін айта келе, «Біздің тарихты күні бүгінге дейін өзгелер жазып келді. Өз тарихымызды өзіміз жазатын кез келді. Түркі жұрағатының ізі жаһанның кез келген қиырында сайрап жатыр», деді.

Шара барысында қонақ­тар Түркі академиясы кітапха­насымен танысып, «Түркі музейін» аралады.