Шымкентте апта сайын Түркістан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде. Бұл экономикалық, мәдени және тұрмыстық жағынан үшінші мегаполис пен облыстың байланысын одан әрі нығайта түсті. Агломерациялық қарым-қатынастың алғашқы бастамасы ретінде Түркістан облысына қарасты аудан-ауылдардың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі Шымкентте ашылды.
Әр аптаның демалыс күндері өз өнімін делдалсыз саудалаған тұрғындар бір қуанса, арзан бағада тауар алушылардың да көңілі бір көтеріліп қалды.
Жуырда Шымкентте аудан-қалалардың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында алғаш рет Түлкібас ауданының ауыл шаруашылығы және қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өткізілді. Аталған жәрмеңкеде тауар өндірушілер жалпы құны 3,5 млн теңгені құрайтын 13,7 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынды. Қажымұқан атындағы орталық стадионда өткен жәрмеңкені қала әкімі Ерлан Айтаханов аралап, игілікті бастамаға сәттілік тіледі.
«Біз Түркістан облысымен бірлесе отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастыруды қолға алдық. Бүгін бастама ретінде Түлкібас ауданынан келген өнімдерді қала тұрғындары мен қонақтарына базар нарқынан 10-15 пайызға төмен бағада ұсынып отыр. Сырттан алдырғанша облыстағы шаруаларға қолдау көрсетіп, өзіміздің таза өнімдерді пайдаланғанымыз дұрыс. Түлкібас ауданының алмасы ерекше ұнайды», деді шаһар басшысы.
Қазіргі таңда екі өңірдің бірлескен ауыл шаруашылық өнімдері жәрмеңкесінің жалғасы ретінде Төлеби мен Отырар аудандарында тауар өндірушілерінің бірлескен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
Сауда алаңына 60-тан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысып, жалпы құны 113 млн теңгені құрайтын 78 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері қала тұрғындарына ұсынылды. Аталған жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы өнімдері нарықтағы бағадан 15-20 пайызға дейін арзан саудаланды.
Жәрмеңкеге арнайы келген қала әкімі Ерлан Айтаханов азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол берілмей, мұндай жәрмеңкелердің жиі әрі үздіксіз ұйымдас- тырылатынына сендірді. Сондай-ақ қала басшысы бірлесіп жасалған шара үшін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке өз алғысын жеткізді.
Түркістан облысының екі ауданы шымкенттіктерге ет, сүт өнімдерімен қатар, картоп, көкөніс, жеміс-жидек пен қауын-қарбыз, болгар бұрышы, қызанақ, қияр мен жеміс шырынын және қолөнер бұйымдарын ұсынды.
Сонымен қатар жәрмеңкеге келген шаһар тұрғындары мен қонақтары Шымкент қаласының Мәдениет басқармасы және Төлеби мен Отырар әкімдіктерімен бірлесе ұйымдастырған концерттік бағдарламасын мәз-мейрам болып тамашалады.
Аталған жәрмеңкені ұйымдастырудың негізгі мақсаты – халықты тиімді бағадағы қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету болып табылады. Ал ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тікелей өздері өнімдерін өткізеді.
ШЫМКЕНТ