• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Қыркүйек, 2019

Атаулы көмек: табысын жасырғандар неге көп?

348 рет
көрсетілді

Атаулы әлеуметтік көмек – аз қамтылған, қалыптасқан өмірлік қиын жағдайды өздігінен еңсере алмайтын отбасыларға арналған мемлекеттік қолдаудың бір тетігі. Аты айтып тұрғандай, көмектің негізгі мәні оның атаулы сипатында, яғни нағыз мұқтаж адамдар ғана көмекпен қамтылуға тиісті. Алайда осы көмек түрі іске қосылғалы оның маңайынан түрлі дау-дамайлар да өрби жөнелді. Бірі «маған тиісті еді, ала алмай жүрмін» десе, екінші тарап «алдап, оңай олжаға кенелмек болғандар табылды» дегенді айтады.

Техникалық қателік пе, қарпып қалу ма?

Осы орайда Маңғыстау облысындағы ахуал қандай деген оймен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқар­масы басшысының орынбасары Қ.Нұрма­медоваға жолыққан едік.

– Ағымдағы жылы 9 256 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, яғни осынша отбасындағы 51 438 адам қам­тылды. Оның ішінде 1 960 отбасына, бұл отбасыларда тұратын 10 695 адамға көмек төлеу тоқтатылды, қазіргі кездегі алу­шылар саны – 7 296 отбасы, яғни 40 743 адам.

Өкінішке қарай, көмекке мұқтаж емес адамдарға көмек тағайындалған жағ­дайлар кездесіп отыр. Мұндай жағ­дай­дың орын алуының ең басты себебі ақпараттық жүйелерде өтініш берушілер туралы мәліметтердің болмауын пайдаланып, жалған мәліметтер ұсыну салдарынан болған деп білеміз. Мысалы, жеке кәсіпкерлік субъектілерінен түскен табыстың жылдың басында ақпараттық жүйелерде көрініс таппауынан 2018 жылы 10 млн теңгеден астам табыс тап­қан 8 отбасы сәуір айында атаулы әлеуметтік көмекке жүгінген және оларға көмек тағайындалған. Олардың арасында бір жылда 58 млн теңге, 40 млн теңге, 26 млн теңге, сондай-ақ 25 млн теңге табыс тапқан отбасылар анықталды. Қазіргі таңда аталған отбасыларға көмек төлеу тоқтатылды, заңсыз төленген қар­жыны бюджетке қайтару жұмыстары жүр­гізілуде. Алайда өз еркімен бір де біреуі қайтарған жоқ, дейді ол.

Айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан жүргізілген мониторинг нәтижесінде Маңғыстау облысы бойынша I тоқсанда 64 адамға заңсыз, яғни табысын жасыру салдарынан көмек төленгені, оларға қазір көмек төлеу тоқтатылып, аталған отбасылардың бюджетке 21,8 млн теңге қайтару қажеттігі анықталған. Ал II тоқсанда 487 адамға көмек заңсыз төленген, бұл отбасылар 48,1 млн теңге бюджетке қайтаруға тиісті. III тоқсанда 1522 атаулы әлеуметтік көмек алушылардың табысы қайта есептеліп, олардың қатарынан 163 отбасы табысын жасырған деп танылып, төлем тоқтатылған және олар бюджетке 32, 4 млн теңге қайтару қажеттігі белгіленген.

Қазіргі есептеулер бойынша облыс­та 714 отбасы бюджетке 102,3 млн теңге қайтаруға тиісті болса, оның ішінен бүгінде 78 отбасы 9,2 млн теңгені қайтарып үлгерген.

Қазір атаулы әлеуметтік көмек төлеу заңдылығын қамтамасыз ету мақсатында учаскелік комиссиялардың жұмысын жандандыру, олардың құрамын атау­лы әлеуметтік көмек алушылармен, қо­ғам белсенділерімен, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен толықтыру жүргізілуде және көмек алушыларды ай сайын мониторингілеу жүйеге қойылған. Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ұйымдардың деректер қорына сұрау салу, тиісті мәліметтер болмаған жағдайда көмек төлеуді уақытша тоқтату, мән-жай­ды толық анықтау шаралары алынуда, көмек алушылардың тұрмыстық жағ­дайын қайта тексеру, оның нәтижесі бойынша шешім қабыл­дау жүргізілуде.

Табысын әдейі жасыру оқиғалары орын алды ма, әлде компьютерлік деректерден кеткен қателік пе деген сұ­рақ туын­дайды. Егер, алдыңғы жайт анық­талса, ел ішіндегі шынайы мұқтаж жандардың алдын орап, көл-көсір табыс тауып отырғандардың өз жағдайын көпе-көрінеу мүшкіл етіп көрсетіп, оңай олжаға ұмтылуы ұят. «Қазан алса кеңінен алып, етік қалса екеуін алып» көршісінің қа­мын қамдай жүретін қазақ нәпақасы же­теғабыл болып отырған көрші-көлемін, ел арасындағы жоқ-жітікті ұсынудың орнына қарпып қалуды ойлауы өкінішті дер едік. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмекке ел ішіндегі әлеуметтік ахуалы нашар, денсаулық жағдайы көтермейтін, бір сөзбен айтқанда шын мұқтаж отбасылардың ілігуін қалар едік.