Алғашында интернетті айшылық алыс жерлерден хабар алғызып, онлайн ақпарат іздестіру үшін ғана пайдаланған қолданушылар үшін қазір интернеттің түрлі қызметі бар. Ғаламтордың ғаламаты үйде немесе әлемнің кез келген нүктесінде отырып-ақ керек құжатыңызды алып, қажет тауарыңызға қол жеткізесіз. Ол аз десеңіз, онлайн дәрігерге жазылып, медициналық көмекке жүгіне аласыз. Оған тағы қашықтықтан онлайн оқуды, кәсіби біліктілікті арттыруды қосыңыз. Мейлі үйде, мейлі түзде болсын интернет сіздің күнделікті уақытыңызды үнемдеуге үлкен себеп.
Интернет желісін кімдер қолданады?
International Telecommunications Union дерегі бойынша, әлемде 48% интернет қолданушысы бар. Бұл дегеніміз әлемнің түкпір-түкпірінде интернеттің көмегімен түрлі жағдайдағы мәселелер шешімін тауып жатыр деген сөз. Расында бір ғана батырма арқылы қажет дүниеңізді аласыз, барар жеріңіздің билетіне дейін дайын тұрады. Бұл онлайн қызметтердің бірнешеуі ғана. Ал өмір сүру деңгейін жеңілдете түсетін интернеттің игілігі қаншама?!
Статистикаға сүйенсек, интернет қолданушы мемлекеттер тізіміне жалпы 182 мемлекет енген. Бұл көште ең бірінші орында – Қытай Халық Республикасы тұр. Аталған елде 772 млн интернет қолданушысы ғаламтордың ғаламатын түрлі жағдайда көріп отыр. Интернет қолданушы мемлекеттердің ондығында қытайлықтардан өзге Үндістан, АҚШ, Бразилия, Индонезия, Жапония, Ресей, Нигерия, Мексика, Бангладеш сынды елдер бар. Ал Қазақстан бұл рейтингте 40-орында. Статистика дерегінше, елімізде 14 023 856 интернет қолданушысы бар. Иә, бүгінде елімізде интернет қолданушылар қатары қарқынды өсіп келеді. Осы орайда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде халықты жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету және ауыл мен қала арасындағы цифрлы теңсіздікті азайту мәселесі бір жолға қойылып келеді. Аталған жоба арқылы электронды сауда-саттықты жандандыру, электронды үкімет қызметтерін және білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы интерактивті құралдарды енгізу шаралары ел дамуына елеулі әлеуметтік-экономикалық серпін беруде. Қазірдің өзінде нәтижелер көңіл қуантады. «Электронды үкімет» порталының жылдық жұмысының қорытындысы бойынша 2018 жылы 30 млн-нан астам электронды форматта қызмет көрсетіліп, порталға 8 млн-нан астам адам тіркелген. БҰҰ зерттеу қорытындысында «Электронды үкіметтің» даму деңгейі бойынша Қазақстан 39-орыннан көрінді. Бұл – өте жоғары көрсеткіш.
Қазақстандықтар интернетті қандай мақсатта қолданады?
Интернет жылдамдығына сәйкес, жыл сайын онлайн қызметке жүгінушілердің қатары көбейіп келеді. Статистика комитетінің мәліметінше, 2007 жылы тауарларды сату және сатып алу қызметіне халықтың 4,7% -ы адам жүгінсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 36,8%-ды көрсеткен. Сол сияқты ақпарат iздестiру, хабарламалар алмасу қызметтері 2007 жылы 71,8% болған болса, 2018 жылы 75,4 %-ға жеткен. 12 жыл аралықта бұл қатарға түрлі қызметтер еніп отырды.
2018 жылғы дерек бойынша қазақстандықтар интернетті 5 негізгі мақсатта қолданады. Дерекке сүйенсек, интернет қазақстандықтар үшін ең алдымен ақпарат орналастыру және хабарлама алмасу (75,4%) үшін қажет. Ал екінші кезекте әлеуметтік желіге кіру үшін қажет болатын көрінеді. Өйткені бұл қызмет үшін үлес 69,7%-ды құрайды. Ал фильм көру, сурет жүктеу, музыка тыңдау және түрлі онлайн ойындар ойнауға интернет қолданушыларының 63,3 %-ы қызығады. Төртінші кезекке электронды сауда-саттық қызметі кіріп отыр. Яғни 36,8% адам интернет арқылы қажет тауарын қалаған уақытында, өзі таңдаған бағаға алып, керегіне жаратып жүр деген сөз. Ал бесінші кезекте интернет қолданудың қажеттілігі электронды поштамен хат алмасу үшін керек болады. Бұл қызмет үшін үлес 32,6%-ды көрсетті. Міне, осылайша қазақстандықтар күнделікті аталған 5 негізгі мақсатта интернет желісін қажет етеді. Иә, интернеттің игілігін бүгінде еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін көріп отырғаны рас. Технологияның сан алуан түрін сан қилы ортада қолдану арқылы көпшіліктің қолы көпке жетіп отыр.