Гүлсезім Әубекерова Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданына қарасты Қоскөл атты шағын ауылда тұрады. Ол «Zhas Project» жобасының жеңімпазы атанып, өз кәсібін бастаған жүздеген жастың бірі.
Бұл жоба басталған кезде Қаратөбе ауданында тұратын 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтардан 78 әлеуметтік жоба ұсынылған екен. Нәтижесінде жалпы құны 36 млн теңге болатын 18 әлеуметтік жоба жеңімпаз атанды. Соның 1 млн теңгесі Гүлсезімнің жобасы – «Манас» клининг (кілем, ас үй жиһаздарын химиялық тазалау) орталығына тиді.
– Осы жобаға қатысу үшін барынша дайындалдым. «Zhas Project» жобасы бізден бұрын өткен Қызылорда, Ақтөбе облыстарындағы әріптестерімнің тәжірибесімен таныстым. Соның ішінде химиялық тазалау орындарын ашқан жастар бар екен. Ауылдық жерде кілем, жұмсақ жиһаз тазалайтын жер жоқ қой. Осы жобаны ауыл жағдайына бейімдеп, өзімше ұсындым, – дейді Гүлсезім.
Гүлсезім Табиғатқызының мамандығы – техник-программист. Бұрын ауыл әкімдігінде жетекші маман болып уақытша қызмет еткен. Одан кейін балабақшада қоймашы болды. Отбасында үш баласы бар еңбекқор ананың қол қусырып қарап отыруға жаны қас. «Zhas Project» жобасынан хабар келгенде жанып түскені содан.
Әрине, шағын ауылда стационарлық тазалау орнын ашып, жеке кәсіп ету қиын ғой. Сондықтан Гүлсезім белгілі «Karcher» фирмасының кілем, жұмсақ жиһаз, ыдыс-аяқ тазалайтын мобильді аппараттарын алғанды жөн көрді.
Біз Гүлсезім туралы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің қолдауымен жүргізіліп жатқан «Еңбекқор жастар» ақпараттық шарасы арқылы білдік. Гүлсезім сияқты еңбекқор жастар көбейсе, ауылдың да тыныс-тіршілігі жақсара түсер еді-ау деген ойға келдік.
Батыс Қазақстан облысы