Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Жезқазған қаласына жұмыс сапарымен барып, жергілікті әкімдікте актив жиналысын өткізді.
Өңір басшысы қаланы дамыту және жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі нақты жоспарларды жария етті. Мысалы, ол келесі жылы Жезқазғанның бюджетін 5 млрд теңгеге арттырудың жоспарланғанын хабарлады.
Сонымен қатар облыс әкімі мысшылар қаласында халық санының артып келе жатқанын атап өтті.
– Маған жеткен мәліметке сай, соңғы жылдары қала тұрғындарының саны арта түскен. Бұл жағымды жаңалық. Сондықтан келесі жылдан бастап Жезқазғанда тұрғын үй құрылысын екі есеге арттырамыз. Тек әлеуметтік үйлер ғана емес, ипотекалық, жалға берілетін және коммерциялық үйлер де салатын боламыз, – деді Жеңіс Қасымбек.
Еске салсақ, 2018 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Жезқазғанда екі көпқабатты үй салынды. Биыл 18 пәтерлі тағы бір жаңа үй тұрғызылмақшы. Ал 2020 жылы 60 пәтерлі үй пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда оның құрылысы басталып кеткен.
Жиында қаланың коммуналдық мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, соңғы кездері Жезқазғанда суық сумен қамтамасыз ету мәселесі өткір тұр екен. Осындай кемшіліктердің алдын ала алмағаны үшін Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімовке сөгіс жарияланды.
Өңір басшысы қаладағы сумен қамтамасыз ету мәселелерімен айналысатын бөлімнің жұмысын сынға алды. Сондай-ақ ол «Қазақмыс» компаниясының басшылығына осы мәселеге назар аударуларын сұрады. «Қаланы сумен жабдықтау мекемелерінің басшы қызметкерлерінің лауазымдарына қаншалықты сай келетінін қарастыру керек», деп мәлімдеді облыс әкімі.
Жеңіс Қасымбек Жезқазғанда болған сапарында қаланың жылу беру маусымына деген әзірлігіне ерекше назар аударды. Жергілікті жылу электр орталығында болып, оның жұмысымен танысқан кезде қала әкімі Қайрат Бегімов облыс басшысына келесі аптада жезқазғандықтардың үйлеріне жылу беріле бастайтынын жеткізді.
– Қаладағы үш жылу трассасы жуылды, қысыммен тексерілді және олар іске қосуға әзір. Қазанның 8-і күні жылу беруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, біз жылу құбырларын ауыстырамыз, аталған жұмыстар 2020 жылы аяқталады. Бұл тұрғын үйлерді сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп баяндады қала басшысы.
Сапар барысында «Жезқазған-Қызылорда» тас жолының мәселесі де көтерілді. Облыс әкімі бұл маңызды жолды жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу келесі жылдың мамыр айында аяқталатынын жеткізді. Яғни, сол жылдан бастап құрылыс жұмыстарын жүргізу қолға алынады. Сондай-ақ, «Қарағанды-Жезқаған» жолына да күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу 2021 жылға жоспарланғанын мәлім етті облыс басшысы.
Жезқазған тұрғындары тарапынан түскен өтініштің бірі «Жезқазған-Алматы» авиарейсін іске қосу болатын. Өңір басшысы тиісті министрлікпен арадағы барлық құжаттар реттелгеннен кейін аталған әуе рейсін ашу келесі жылға жоспарланатынын айтты.
Актив жиынының қорытынды кезеңінде Жеңіс Қасымбек жергілік ақсақалдар мен қала тұрғындарының өтініш-тілектерінің біртіндеп шешіліп жатқанын айта келіп, дегенмен бұл мәселелердің уақыт пен қаражатты қажет ететінін де еске салды.
– Біз бұл мәселелерді шешу үшін жұмыс істейтін боламыз, – деп қорытты сөзін облыс әкімі.
Жезқазған өңіріне жұмыс сапары барысында Жеңіс Қасымбек жергілікті мыс балқыту зауытына ат шалдырып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты.
Қарағанды облысы