• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Қазан, 2019

Зерделі ұлтқа айнала аламыз ба?

975 рет
көрсетілді

Бүгінге дейін әлемдік көші-қон­ға әлеуметтік-саяси реңк тән болып келген еді. КСРО тәрізді алып империяның күйреуі себепті, ел-жұрт атамекеніне ауа көшті. Қазір бұл әлеуметтік сипатынан арылып, интеллектуалды реңк алып келеді. 

Сарапшылар жыл басынан бастап көші-қонның ендігі беталысын интеллектуалды әлеует-интеллектуалды ұлт қалыптастыруға бағытталған саясат айқындайды деген батыл болжам жасай бастады.

Интеллектуалды көшбасшылық – адам капиталының сапасына бай-ланысты екен. Халықтың интел­лектуалдық деңгейі оның білім сапасы, инновациялық үлгісі, бәсекеге қабілеттілігі, озық технологиялар мен зияткерлік меншік, басқарушылардың кәсібилігі, жоғары мәдениеттілік, қоғам алдындағы жауапкершілік қағи­даттарымен бағаланады. Бұл сапа­лық көрсеткіштер бойынша АҚШ, Жапония, Ұлыбритания, Фран­ция сияқты мемлекеттер әлемдік көш­басшылардың қатарына еніп үлгерді.

Ал бізде әзірге интеллект иелерінің сыртқа кетуі толастар емес.

Себебі ХХI ғасыр – ақын Олжас Сүлейменов айтқандай, ғаламдық миграция ғасырына айналып бара жатыр. Десе де кейбіреулердің «Қазақстанда алдағы бірер жылда интеллектуалдық аштық басталады» деген болжамына негіз жоқ. Қазақстан әлемдік өркениеттің бір бөлшегі, сондықтан ондағы болып жатқан құбылыстардан біз де қалыс қала алмаймыз.

Тәуелсіздік алған кезде 14 млн болсақ, қазір 18 миллионнан астық. Сонша халық Қазақстаннан үдере көшкен болса, әлі де көшіп жатқаны рас болса, біз мұндай жетістіктерге қалай қол жеткiздiк? Ендеше, еліміз­ден кетіп жатқандар мен келіп жатқан­дардың қайсысы көбірек екеніне зерттеу жүргізу қажет. Бұл әлі қолға алынбаған мәселе.

Саясаттаншуы Әзімбай Ғали кезін­де «елімізден орыстар кетіп жатыр» деген ақпаратқа соншалықты мән берудің қажеті жоқ екенін айтқаны есімізде. Себебі Ресей бізден, ТМД елдеріндегі қандастарының арасынан өзіне қажеттінің бәрін алған. Алып та жатыр. Бір мезгілде Ресейдің немесе басқа бір елдің де азаматы атанып, Үкімет құрамында мұртын балта шаппай жүргендері болды. Ал елде қалған орыстар Қазақстанда қа­лу­ға бейіл. Орыстардың бәрін елге шақыруға Ресей де, бір-ақ күнде көшуге қазақстандық орыстар да мүд­делі емес. Анда-санда осындай хабар таратып, қоғамның тамырын басып отыру – Ресейге емес, елдегі кейбір саяси ұйымдарға қажет болып тұр ма деп ойлайсыз.

Жалпы, әлемнің ақыл-ойын бір орталыққа шоғырландыруға бағыт­талған ғаламдық миграцияның соңғы толқыны келе жатыр. Бұл үрдіс АҚШ-та, Батыс Еуропада сыннан өткен. Алпауыт елдер қаржы көздері арқылы Нобель сыйлығы лауреаттарын уысында ұстап отыр. Ғаламшардың озық ойлы интеллектілері қазір алпауыт елдердің абыройын асқақтатып отыр. Олардың тәбетіне Ресей, Қытайдың өзі тосқауыл қоя алмайды.

Осыдан оншақты жыл бұрын ресейлік ақпарат құралдары өздерінен шетелге кеткен ғалымдар Андре Гейм мен Константин Новоселовқа физика саласында Нобель сыйлығы берілгені жөніндегі хабарды таратып жатыр. Біз көші-қон бағдарламасының аясын кеңейтіп, Ресейдегі, Еуропадағы қазақтың қалталылары мен ғалым­дарын елге шақыруға тиіспіз.

Қазақ – тез үйренетін халық. Тәуелсіздік жылдары 1 миллион қан­да­сымыз келді. Елге ел қосылып жатыр. Осыдан оншақты жыл бұрын негізінен интернетте бағдарлама жа­сай­тын жігіттер өзге ұлттың өкіл­де­рі болатын. Қазір қазақ жастары ғаламторға иелік ете бастады. Мұның өзі жақсы көрсеткіш. Бірақ тәуел­сіз Қазақстанның күшеюіне мүд­делі емес сырт көздер де көп. Сырт күш державалар бар. Олардың импе­рия­лық пиғылмен Қазақстан жерін қайтадан шикізат көзіне айналдыру ниеті жоқ деп айта алмаймыз. Әрине, ХХІ ғасырда бір мемлекет екінші елді күшпен жаулап алады дегенге сенбеуге болмас. Ең басты мәселе – өзіміздің ішкі бірлігіміз, ішкі тұтастығымыз, азаттықтың асыл мұратын ардақтауымыз, тәуел­сіз­дігімізге құдіреттей сыйына білуіміз, соған сене білуіміз және ел басқарып отырған тұлғаларға сенім білдіруіміз болса керек.

АҚШ ғылым-білімге қаржы бөлу­ден алдына жан салмайды. Мәсе­лен, әлем халқының 5 пайызына жетпейтін америкалықтардың үле­сіне дүниежүзілік ішкі жалпы өнімнің 20 пайызынан астамы, ал әлем бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс­тар­дың 40 пайызы тиеді екен. Ал ғылымға жұмсалатын шығынның 75 пайызы бизнестің есебінен қаржы­лан­дырылады. Мұндай ұтымды тәжірибе Қазақстанға ауадай қажет

 Қытай 2020 жылы ғылымға жұмсалатын әлемдік шығынның 20 пайызына жетуді көздеп отыр. Канада 2012 жылғы ғылыми-зерт­теу жұмыстарына жұмсалатын шы­ғынды екі есе ұлғайтып, әлемде бұл көрсеткіш бойынша алғашқы бестікке енуді жоспарлап қойды. Өнер-білімі асқан АҚШ, Жапония секілді мемлекеттерде интеллектуалды әлеуетті дамытуға мүмкіндік беретін арнайы ғылым қалалары көптеп ашылған. Ондай ғылыми қалалар АҚШ-та – 40, Жапонияда – 30, ал Еуропада университеттер базасы негізінде қалашық болып бой көтерген.

Көрші Ресейде «Ұлттың интеллектуалды ресурсы» деп аталатын арнайы бағдарлама қабылданған. Халқының 60 пайызын жоғары біліммен қамтамасыз еткен Ресей бұл көрсеткіш бойынша әлемде алда келеді. Израиль мен Канада – 42 пайыз, АҚШ – 40 пайыз, Жапония – 38 пайыз, Швеция мен Финляндияның 36 пайызы жоғары білімді болып саналады. Ал ғылымға қаржы аямайтын елдердің қатарына Швейцария, Израиль, Франция, АҚШ, Германия, Исландия, Сингапур, Жапония жатады. Швейцария ғылымы бүгінге дейін Нобель сыйлығы мен ғылыми патенттер иелену жағынан жетекші тұғырдан түскен емес. Жалпы әлем­дік көшбасшы интеллектуалды ұлт мәртебесі үшін негізгі бәсеке АҚШ пен Жапония арасында өрбиді. Ұлттың интеллектуалды көшбасшылығын қамтамасыз етуде шешуші фактор – ақпараттық қолжетімділік пен ақпараттық революция екені мәлім. Жапония, Корея, Дания, Исландия, Ұлыбритания, Франция, Аустрия және Испания елдерінде халық толықтай дерлік компьютермен және интернет жүйесімен жарақтандырылған.

Ғаламдық көші-қон үдерісінің тамыршылары «ұлт болып ұйысу, тек іздеу ХХ ғасырға тән құбылыс, ал ХХI ғасырда оның жаңғырығы ғана қайталанады» дегенді айтып үлгерді.

Шынында да солай сияқты. Себебі тоқсаныншы жылдары басталған көш қызығының түгесілгені байқалып қалды. Көштің ендігі бет алысы – қазақ жеріне келіп қоныстанған қандас­та­рымыздың тұрмыс жағдайына ғана емес, қоғамда алар орнына қарап та бағаланатыны сөзсіз. Егер сіз «әлемдегі ең интеллектуалды ұлт қайсы?» деген сауалға жауап іздеп ғылыми еңбектер мен интернет сайттарын ақтарсаңыз, орыс та, украин да, француз да, тіпті сонау мұхит аралдарында ру-тайпалық сатыда ғұмыр кешіп жатқан папуастар да «ең ақылды ұлт – біз» деп мақтанышпен жауап бергеніне куә болар едіңіз. Орыс жұрты Пушкин, Лермонтов, Достоевскийімен, Бердяевымен, ағылшын халқы Шекспирі және Байронымен, италиялықтар Леонардо да Винчи және Микеланджелосымен мақтана алады. Құдайға шүкір, біз­дің де мақтан етер тұлғаларымыз бар­шы­лық.

Қазақ болғанына мақтанатын жас ұрпақ өсіп келеді.

Дегенмен қазақтың үштен бірі – сыртта. Демек біздің интеллектуалды деңгейімізді танытатын негізгі күшіміздің де үштен бірі сыртта жүр. Оларды елге шақыратын, елге келгендерді ұстап тұратын күш ең алдымен саяси тұрақтылық, сонан соң интеллектуалды ұлтты қалыптастыратын ортаның ауа райы.

Қазір сырттағы қандастарымыз «Қазақ үкіметі шеттен келген қазақ­қа үй бере ме, бермей ме?» деген сауал­дың емес, «қазақ қоғамына сіңісіп кете алар ма екенбіз» деген сауалдың жауабын іштен тынып күтіп, сырттан бақылап отыр. ХХ ғасырдың орта шенінде басталған көштің ендігі бет алысы Үкіметтің пейіліне емес, сол жауаптың бет алысына қарап анықталатын болады.

 АЛМАТЫ