Жаңа атаулы әлеуметтік көмек отбасылық кіріске қарамастан барлық көп балалы, яғни 4 және одан да көп кәмелет жасына толмаған, орта арнаулы немесе жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жасы 23-ке толмаған балалары бар аналарға беріледі.
Президент пәрмен беріп, Үкімет үмітін жаққан халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеру министрліктің міндеті. Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында айқындық, әділеттілік және еңбекке ынталандыру қағидаттарына негізделген атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері қаралды. Жиында еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қолдау шараларының кешенді тәсілі мен атаулы сипатын қабылдауды қарастыратын жаңа заң жобасын таныстырған-ды.
Кеше мұқтаж азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек қалай көрсетіліп жатқаны бұқаралық ақпарат құралдарына кеңінен түсіндірілді. Атаулы әлеуметтік көмек әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға ғана ақшалай төлемдер түрінде және жеке ісін бастауға, оқытуға, жұмысқа орналасуға қолдау көрсету арқылы отбасын өмірлік қиын жағдайдан шығаруға көмектесуге бағытталғаны атап айтылды.
«Егер отбасы табысы бойынша аз қамтылған отбасы санатына жататын болса, онда жәрдемақыдан бөлек атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Бұған қоса, кепілдікті әлеуметтік топтама ұсынылады. Сондықтан аз қамтылған, көп балалы отбасы болса, аталған көмектің барлық үш түрін алады. Сонымен қатар мүгедек баласы бар отбасыларға қамқор болу – министрліктің ең басты мақсаттарының бірі. Биыл мамыр айында 2025 жылға дейін мүгедектер құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспар қабылданды. Аталған жоспар аясында көп жұмыс жүргізілуде, мүгедектігі бар адамдарды техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету көзделген. Мысалы, 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға шілде айында мөлшері ұлғайған жәрдемақы беріледі.
Бүгінгі таңда бұл 42 500 теңгені құрап отыр. Ал 16-дан 18 жасқа дейінгі мүгедек жасөспірімдер де 35 мыңнан 57 мың теңгеге дейін жәрдемақы алады. Бұдан бөлек, заңнамада 18 жасқа дейін мүгедек баланы және 18 жастан асқан 1 топтағы мүгедекті тәрбиелеп отырған ата-анасы да, қамқоршысы да мемлекеттен 41 500 теңге мөлшерінде жәрдемақы алады. Ең басты айта кететін жайт, отбасының аз қамтылғанын анықтау барысында мүгедек балаларға төленетін жәрдемақылар отбасы табысының құрамында есепке алынбайды», деді Б.Нұрымбетов.
Сонымен қатар ол аз қамтылған АӘК алып жүрген азаматтардың ішінде еңбекке жарамды азаматтардың 55 мыңы жұмыспен қамтылғанын жеткізді.
«Елімізде АӘК алып жүрген азаматтардың ішінде еңбекке жарамды азаматтардың 55 мыңын жұмыспен қамту шараларына тарта білдік. 8400-дей адам жеңілдетілген несие алып, 3400-дей адам тегін, қайтарымсыз 505 мың теңгеге жуық грант алып, жеке шағын кәсібін жүргізіп үлгерді. Өкінішке қарай, кейбір азаматтарымыз өздерінің шынайы табыстарын жасырып, АӘК мүмкіндіктерін теріс пайдалану фактілері де орын алды. Бұл жерде бірі білместіктен қателесті, бірі пендешілікке салынды. Дегенмен, мұның бәрі заң бұзушылыққа алып келді. Өзінің нақты табысын жасырған 73 мыңнан астам отбасына АӘК заңсыз тағайындалғаны анықталды. Біз төлемдерді тоқтатуға немесе қайта есептеуге мәжбүр болдық. Шара қолдану барысында 23 мың адамның АӘК тағайындалған шешімдерін бұзуға, 9 мыңға жуық адамдардың төлемдерін тоқтатуға, 38 мың адамның АӘК мөлшерін қайта есептеуге тура келді. Сонымен қатар өздерінің жеке кәсіптерінің бар екенін жасырған деректер де анықталды. Мысалы, Алматы облысында көп балалы отбасы ағымдағы жылдың 11 маусымынан бастап АӘК алды. Бірақ тексеру барысында бұл отбасының 852 бас мал тіркелген шаруашылығы бар екені белгілі болды», деді ол.
Аталған әлеуметтік қолдау шараларымен қатар балалары бар табысы аз отбасыларға үй бизнесін жүргізу дағдыларын игеруге көмек көрсетіледі.
«Алматының барлық 8 ауданында үкіметтік емес ұйымдар тарапынан «Бақытты отбасы» орталықтары құрылған. Онда аналары курстан өткен кезде балаларының қараусыз қалмауына барлық жағдай жасалған. Курстан өткен аналарға қажетті жабдықтар сатып алу үшін қайтарымсыз гранттар беретін боламыз. Бұл тәжірибені барлық өңірде таратуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ «Менің кәсібім» жобасын іске қостық, оның аясында әкімдіктердің қолдауымен демеушілер есебінен аналарға шағын үй бизнесімен айналысуға көмек көрсетіледі», деді министр.
«Атаулы әлеуметтік көмек бұл аз қамтылған, жағдайы төмен азаматтарға беріледі. Бұл – ақшалай түрде және әлеуметтік жағынан бейімдеу, яғни жұмыспен қамту шараларымен қосылып көрсетілетін көмек. Мемлекет аз қамтылған, көмекке мұқтаж, табысы төмен азаматтарға көмектесуге міндетті. Сондықтан да осы әлеуметтік саясат жалғасатын болады. Бір ескерерлігі, атаулы әлеуметтік көмек – еліміздегі жалғыз әлеуметтік төлем емес. Одан бөлек, елімізде ана мен балаға қатысты жәрдемақының кемінде 10 түрі бар. Оған жылына 470 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жалпы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бюджетінде 3 триллион 53 млрд теңге жыл сайын 4 миллионнан астам адамға зейнетақы мен жәрдемақы ретінде беріліп отыр. Отбасының жеке табысы мен мемлекет тарапынан төленіп жатқан зейнетақы мен жәрдемақы түріндегі табыстар аз қамтылған отбасының өлшем шарттарынан шықпай қалған жағдайда атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Бүгінгі таңда атаулы әлеуметтік көмек қалай тағайындалады? 2018 жылы аз қамтылған отбасы қатарына орташа жан басына шаққан табысы төменгі күнкөрістің 50 пайызынан төмен және әр адамға жеке табысы мен күнкөрістің 50 пайызының арасындағы айырмашылығы төленетін. 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап тәртіп сәл өзгерді. Қазір ол өлшем шарт аз қамтылған отбасының қатарына ену үшін ең төменгі күнкөрістің 50 пайызына емес, 70 пайызына дейін көтерілді. Және отбасындағы кәмелеттік жасқа толмаған барлық балаға 20 789 теңге көлемінде төленеді. Ағымдағы жылдың тоғыз айында АӘК 417 мың отбасына немесе 2,1 млн адамға тағайындалды. АӘК орташа мөлшері бір адамға 2,5 есе, 6848 теңгеден 16 446 теңгеге дейін өсті. Орташа есеппен отбасына 90 мың теңге шығады, айына ең көп тағайындалған сома – 455 мың теңге. Биыл АӘК-ке 206 млрд теңге қарастырылған. Сөзсіз осы көмек көптеген отбасыларға көмегін тигізді. Сондай-ақ олар жұмыспен қамту шараларына тартылып, осы қиын жағдайдан шыға білді», деді ведомство басшысы.