Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің тетіктерін жетілдіру және азаматтық авиацияны дамыту мәселелері қаралды.
АӘК алатындар саны 2,1 млн адам
Алдымен Үкімет үйінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері назарға ұсынылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қолдау шараларының кешенді тәсілі мен атаулы сипатын қабылдау қарастырылатын заң жобасын таныстырды. Онда 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар, күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студенттері бар барлық көп балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы беру қарастырылған. Сонымен қатар отбасының барлық мүшелеріне кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы орташа табысының арасындағы айырмашылық ретінде тоқсан сайын АӘК тағайындалмақ. Бұл ретте отбасының жұмысқа жарамды мүшелерінің жұмысқа орналасуын және мемлекеттің көмегімен кәсіп ашуына жәрдемдесу қарастырылған. Аз қамтылған отбасылар әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етіледі. Яғни 1-ден 6 жасқа дейінгі балалар тамақ, гигиеналық құралдар және білім беру қызметтерін алуы, ал 6 –18 жастағылардың мектептерде тегін ыстық тамақ алуы, қалалық қоғамдық көлікте күнделікті тегін жол жүруі, оларға мектеп формасы, оқу құралдары берілуі назарға алынады.
– Биылғы 1 сәуірден бастап кедейлік шегі 50%-дан 70%-ға дейін өсті (14 849-дан 20 789 теңгеге дейін), сондай-ақ табысы төмен отбасының әрбір баласына атаулы әлеуметтік көмек 20 789 теңге мөлшерінде белгіленді. Сонымен қатар шартсыз ақшалай көмекті тағайындау мерзімі – 3 айдан 6 айға дейін, шартты ақшалай көмек – 6 айдан 12 айға дейін ұзартылған болатын. Осы жылдың тоғыз айында атаулы әлеуметтік көмек 417 мың отбасына немесе 2,1 млн адамға тағайындалды. АӘК орташа мөлшері 2,5 есеге ұлғайтылады, – деді Б.Нұрымбетов.
Белгілі болғандай, барлық атаулы әлеуметтік көмек алушылардың жартысынан астамы көп балалы отбасылардың мүшелері. Министр атап өткендей, енгізілген АӘК тетігінің оң және теріс фактілері бар. Өкінішке қарай, жекелеген азаматтар атаулы әлеуметтік көмектің кеңейтілген мүмкіндіктерін теріс пайдаланған фактілер кездеседі. Мысалы, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде 73 000-нан астам отбасы табысын жасырып, атаулы әлеуметтік көмектің заңсыз тағайындалғаны анықталған.
– Министрлікте қолданыстағы атаулы әлеуметтік көмек жүйесін өзгертетін заң жобасы әзірленді. Ұсынылған іс-шаралар кешенді түрде қарастырылуы керек. Бұл – көп балалы аналарды қолдау, жаңғыртылған атаулы әлеуметтік көмек, кепілдендірілген әлеуметтік пакет. Аз қамтылған балалардың 60%-ға жуығы көп балалы отбасынан шыққан (56,5%). Осыған байланысты атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар құрамынан балаларды шығарып, оларға табысына қарамастан берілетін мемлекеттік жәрдемақыға ауыстыру ұсынылады. Көп балалы отбасыларға берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақыны 42 500 теңгеден 73 375 теңгеге дейін арттыру ұсынылды. Атаулы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған және қиындықтан өз бетінше шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға тағайындалуы тиіс, – деді министр. Осыған байланысты келесі мынандай тетіктер ұсынылады: атаулы әлеуметтік көмектің тоқсан сайынғы тағайындау тәртібін қайтару және тиісінше шартты және шартсыз көмекті үш айға тағайындау.
Министрдің айтуынша, егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда ол және оның отбасының барлық мүшелері атаулы әлеуметтік көмек алу құқығынан айырылатын болады.
Сондай-ақ бала күтімімен айналысатын анаға бала үш жасқа толғаннан кейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу құқығын беру ұсынылды.
– Атаулы әлеуметтік көмекке үміткер отбасылар санының артқаны, қоғамдық негізде жұмыс істейтін учаскелік комиссиялардың жұмысына әсер еткенін мойындау керек. Сондықтан учаскелік комиссияларға отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытынды жасау үшін мерзімді үш күннен жеті күнге дейін арттыруды ұсынамыз, – деді Б.Нұрымбетов.
Күн тәртібіндегі тақырыпты тарқатқан Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев АӘК тағайындау өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға арналғанын атап өтті.
– Атаулы әлеуметтік көмек уақытша тұрмысы нашар отбасыларға мұқтаждықтан шығу үшін төленеді. Ең негізгі мәселе – біз мұқтаждық пен масылдықты ажырата білуіміз керек. Өкінішке қарай, табыстарын жасырып, АӘК алған отбасылар көбейіп кетті, – деді Б.Сапарбаев. Вице-премьердің айтуынша, оның Алматы, Семей, Өскемен, Қарағанды, Жезқазған қалаларына сапармен барып, халықпен кездескенде негізінен тұрғындар тарапынан АӘК-ті ең алдымен аз қамтылған отбасыларға және балаларға төлеу мәселесі көтерілген.
– Соның бәрін ескере келе және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, АӘК төлеу тетіктерін жетілдіру мақсатында заң жобасын ұсынып отырмыз. Аз қамтылған, көп балалы отбасы әр уақытта мемлекеттің қамқорлығында болады. Ұсынылып отырған АӘК-ті төлеу тетіктерін жергілікті билікпен әрі қарай жүзеге асыру үшін жұмыс істейміз, – деді Б.Сапарбаев.
Осы ретте Асқар Мамин мемлекет халықты әлеуметтік қолдау тетіктерін жүйелі түрде жетілдіріп отыратынын, бұл бағытта көптеген ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, өңірлерде АӘК берудің жаңа тәсілдері туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды, қазан айының соңына дейін тиісті заң жобасын Парламентке ұсынуды, ал өңірлердің әкімдеріне АӘК ұсыну бойынша түзетілген шаралардың нақты орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
– Азаматтарымыз көмекке мұқтаж адамдардың бәрі – аз қамтылғандар, көп балалы отбасылар мен балалар мемлекеттің қорғауында болғанын және алдағы уақытта да солай болатынын білуі керек. Жұмыс істей алатындарға – оқуға, мамандық алуға, жеке кәсіп ашуға, жұмысқа орналасуға барлық жағдай жасалып жатыр, – деді Премьер-Министр.
«Ашық аспан» режімін енгізу жүктелді
Үкіметте талқыланған екінші мәселе азаматтық авиацияны дамыту және әуе билеттерінің бағасын одан әрі төмендету шараларына арналды. Саладағы жағдай туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, «Самұрық-Қазына» АҚ көлік және логистика жөніндегі басқарушы директоры Қ.Алпысбаев, Энергетика министрі Қ.Бозымбаев, «Эйр Астана» АҚ президенті П.Фостер баяндады.
Жиында белгілі болғандай, биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жолаушыларды авиатасымалдау көлемі өскен. Азаматтық авиацияда 5,6 млн жолаушы тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8%-ға артық. Сонымен қатар ұшу географиясы кеңейіп, Қазақстан 99 халықаралық бағытта 24 шетелмен әуе қатынасын жүзеге асырады. Соның ішінде 2019 жылы Нұр-Сұлтаннан Токиоға, Прагаға, Ұлан-Батырға тікелей қатынау мүмкіндігі тумақ. Сонымен қатар 9 әлемдік қаржы орталығымен тұрақты әуе қатынасы орнатылған.
–Бүгінде Қазақстанның 26 шет мемлекетпен 99 халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасы бар. Елімізде аптасына 26 шетелдік және 3 қазақстандық әуеакомпаниясы 430 рейс орындайды. Бірнеше жыл бұрын 3 шетелдік компания (Аустриялық авиажелілер, Чех авиажелілері, КЛМ) елімізге коммерциялық себептерге байланысты ұшуды тоқтатқан еді. Алайда қазір министрлік елімізге ұшу тартымдылығын арттыру бойынша шаралар қабылдады. Бірқатар шетелдік тасымалдаушылардың Қазақстан нарығына шығу жоспары бар. Жақын болашақта «Emirates» (Дубай, 2021 жылы), «Qatar Airways» (Доха, 2020 жылы), «China Eastern» (Шанхай, 2021 жылы), Орал авиажелілері, Победа және тағы басқа әуе компаниялардың келуі күтіліп отыр, – деді Б.Атамқұлов.
Министр өз сөзінде авиабилеттердің бағасын төмендету мақсатында «FlyArystan» лоукостері ашылғанын, осы жылдың мамыр айынан бастап 450 мыңнан астам билет сатылып, олардың 60%-ға жуығы 10 мың теңгеге дейін минимал тарифтер бойынша сатылғанын атап өтті. Жақын уақытта Нұр-Сұлтаннан Павлодар, Семей және Шымкент қалаларына билет бағасы 5999 теңгеден басталатын жаңа рейстер ашылады. Павлодарға опциондық тарифтер 999 теңгеден бастап сатылуда. 2020 жылдың соңына дейін лоукостер Мәскеуге халықаралық байланыстар аша отырып, көптеген өңір орталықтарына ұшырылмақ.
Биыл қазақстандық МӨЗ-дерді жаңғыртудың арқасында авиациялық отын өндіру көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 694 мың тоннаға немесе 1,8 есеге өсті. Бұл отандық мұнай өңдеу зауыттары есебінен ішкі нарықтың қажетін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Халықты сапалы, қауіпсіз және қолжетімді авиа қызметтермен қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі, – деді А.Мамин.
Премьер-Министр 2020 жылы Шанхай мен Сингапурға рейс ашу бойынша жұмысты жалғастыруды, сондай-ақ, Нью-Йоркке ұшу үшін отандық авиакомпанияларды аккредиттеу рәсімін аяқтауды, осы жылдың соңына дейін Қостанай және Балқаш әуежайларының ұшып-қону жолағының реконструкциясын аяқтауды, Түркістандағы әуежай құрылысы мен Шымкенттегі терминал құрылысын белгіленген мерзімде аяқтауды, өңірлерде шағын авиация мен аэродромдарды дамыту жөніндегі бағдарламаны әзірлеуді және қабылдауды жеделдетуді тапсырды.
Сонымен қатар отандық әуежайларда шетелдік авиакомпаниялар үшін «ашық аспан» режімін ұсыну жұмысын белсенді жүргізуді жүктеді.
Үкімет басшысы «Самұрық-Қазына» қорына 2020 жылы мемлекеттік холдингтің басқаруындағы авиакомпаниялардың әуе кемелері паркін ұлғайтуды және олардың ұшу географиясын кеңейтуді қамтамасыз етуді тапсырды.