Кеше Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) мен Сыртқы істер министрлігі Ауғанстан мәселесі бойынша Нұр-Сұлтанда дөңгелек үстел өткізді. Жиынға Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, ЕҚЫҰ-ның Венадағы тұрақты өкілдері, Италия, Словакия, Өзбекстан, Тәжікстан, Албания мен Ауғанстаннан келген сарапшылар, дипломаттар мен министрлік қызметкерлері қатысты.
Алқалы жиында Ауғанстанның экономикасын көршілес елдермен, сонымен бірге Орталық Азия мемлекеттерімен интеграциялаудың маңызы, Ауғанстан Ислам Республикасындағы тұрақтылық пен бейбітшілік мәселесі талқыланды. Пікірталаста сөз алған Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді тәуелсіздік алғалы Қазақстан тарихы мен мәдениеті ортақ елдермен тығыз байланыс орнату үшін тың бастамаларды қолға алып келгені туралы сөз етті. «Қазіргі таңда біздің көшбасшылар ортақ мүдде үшін жұмыс істеп жатыр. Мәселен, 2018 жылдың тамызында Орталық Азия елдерінің басшылары Түрікменстанда кездесіп, Арал теңізін құтқару шараларын талқылады. Алайда бүгінгі және ертеңгі күн үшін де күрделі мәселелердің бірі – Ауғанстандағы тұрақтылық екені баршаға аян», деді министр.
Сонымен қатар Қазақстан аймақтық ынтымақтастықтың жақтаушысы ретінде қатысушы елдер арасындағы өзара түсіністікке жету үшін күш біріктіруді көздейтінін, Ауғанстанның Қазақстан саясаты үшін қашанда басымдыққа ие болатынын айтты.
«Екі апта бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясында еліміздің Ауғанстанға көмек көрсетуді жалғастыруға дайын екенін білдірген болатын. Мемлекет басшысы мықты ынтымақтастық, ұзақ мерзімді инвестиция, аймақтық келісім елдегі табыс пен бейбіт процестерге қол жеткізудің шешуші факторы екенін атап өтті», деді М.Тілеуберді.
Жиынға қатысқан Ауғанстан Ислам Республикасының қауіпсіздік және шекаралық істер мәселелері бойынша ынтымақтастық департаментінің директоры Мохаммад Хассан Файзи терроризмге қарсы күрес ұжымдық сипатқа ие болуы керегін айтып өтті.
«Жылдар бойы Ауғанстан терроризмнің құрбаны болып келеді. Біздің ел – мұнымен күрес кезінде басқаларына қарағанда көп зардап шеккен мемлекет. Біз терроризмге қарсы күрес ұжымдық сипатқа ие болу керек деп есептейміз. «Талибан» – Ауғанстан аумағында жүрген шетелдік қарулы топтардың серіктесі. Қарулы топтар әртүрлі ұлттардан тұрады. Сондықтан олар тек Ауғанстанға емес, бүкіл әлемге үлкен қауіп төндіріп тұр. Өкінішке қарай, «Талибан» Ауғанстаннан бөлек өзімен серіктес топтарға қару, адам береді, есірткі сатып пайда табады. Табыстың тұрақты түсіп тұруы оларға криминалдық синдикаттармен байланыс ұстап отыруға жол ашады. Есірткі– талибтер үшін табыс көзі», деді шетелдік сарапшы.
Аймақтағы мәселелерден бөлек, Қазақстанның Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетуі де талқыланды. Министрдің айтуынша, екіжақты келіссөздер нәтижесінде еліміз гуманитарлық және техникалық жәрдемді жалғастырмақ. «Нақты айтар болсақ, еліміз осы күнге дейін 80 млн АҚШ доллары көлемінде қаржылай көмек көрсетті. Оның 3,5 миллионы Ауғанстанның алыс-жақын аудандарындағы медицина, білім ошақтарының құрылысына, жолдар мен көпірлердің реконструкциясына жұмсалды. Оған қоса, 3 жыл бұрын Ауғанстан Ұлттық қорғаныс күштеріне 2 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінді. Мемлекеттің білімді жастарсыз тұрақтылыққа қол жеткізбейтіні анық, сондықтан Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен ауғанстандық жастарды оқыту бағдарламасы қолға алынды. Осылайша, 1000 студент еліміздің үздік университеттерінде білім алуға мүмкіндік алды. Аталған шаралардың барлығы Еуропа одағы, ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдардан қолдау көріп, жоғары бағаланды», деді Мұхтар Тілеуберді.
Осы орайда Ауғанстанның өкілі Мохаммад Хассан Файзи Қазақстанда білім алған жастардың біразы оқуын тәмамдап, еліне оралғанын мәлімдеді. «Білімді жастарымыз бүгінде білім беру, медицина салаларында еңбек етіп жүр. Су ресурстарына қатысты мамандарымыз да Қазақстанда оқығанын айтқым келеді. Болашақ – жастардың қолында, сондықтан жарқын болашаққа даңғыл жол салған Қазақстан мемлекетіне алғысымызды білдіреміз», деді М.Файзи.
Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдардың тұрақты өкілі, Қазақстанның Аустрия мен Словениядағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Сарыбай Ауғанстандағы тұрақсыздық тек Қазақстан емес барлық Орталық Азия елдерін толғандырып отырған мәселе екенін айтты. «Бүгінгі шара осындай жаһандық мәселеге назар аударуға жағдай жасап отыр. Ауғанстандағы тұрақтылық үшін барлық халықаралық қауымдастықтар күш біріктіруі керек. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі төрағалығымыз да Ауғанстан мәселесін көтеруге мүмкіндік берді. Бұған бейжай қарау басқа да «қара ниетті» топтардың сол елге шоғырлануына алып келмек. Сондықтан ауғанстандықтардың бейбіт өмірі үшін ең алдымен тұрақтылық орнату керек. Барлығымыз бірігіп жұмыс істесек, мәселе шешім табатынына сенімдімін», деді Қ.Сарыбай. Сонымен қатар елші Ауғанстан жастарын оқыту басқа елдерге жақсы өнеге болғанын, оның бүгінде халықаралық жобаға айналғанын хабарлады.
Одан бөлек, жиын барысында «Жусан» операциясы жалғасын табатыны мәлім болды. Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді алдағы уақытта Ирак елінен 14 баланың елге оралатынын хабарлады. Министрлік өкілдері балалардың ең үлкені 10 жаста екенін, ал олардың аналары абақтыда жазасын өтеп жатқанын мәлімдеді. Бүгінде дипломаттар балалардың ата-аналарын да Ирактан қайтару мәселесін қарастырып жатыр.