Арыс қаласын қалпына келтіру бойынша шілденің ыстығында басталған ауқымды жұмыстар нәтижесінде зақымданған 7160 үй жөндеуден өткізілді. Яғни 36 мың тұрғыны бар жаңа қала пайда болды деген сөз. Сүріліп, қайта салынып жатқан 474 үйдің негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған, толық пайдалануға берілер күн де алыс емес, яғни 3 мыңдай тұрғыны бар жаңа ауылдық округ бой көтерді десек те болады. Оның ішінде көпқабатты 3 үй бар. Барыс шағын ауданында әрқайсысы 2 пәтерлі 50 үй салынуда. Толықтай жаңартылған 67 әлеуметтік нысанның 54-і білім саласында, 8-і денсаулық сақтау мекемелері, оның екеуі және 4 спорттық нысанның 2-уі жаңадан тұрғызылуда.
Мәдениет сарайы күрделі жөндеуден өтіп, бірінші және екінші Арыс темір жол вокзалдары жаңғыртылды. Автовокзал, халыққа қызмет көрсету орталығы және әкімдік ғимараттары жөнделді. 509 кәсіпкерлік нысандарын қалпына келтіруге көмек көрсетілді. Қаланы көркейту жұмыстарының ауқымы кеңейе түсіп, орталық алаң мен батырлар аллеясы жаңғыртылды. Әбдіразақов, Байтұрсынұлы көшелеріндегі үйлердің аумағы абаттандырылуда. Көпшілік демалатын «Арбат» салынып жатқан қаладағы инфрақұрылымды реттеу барысында кәріз жүйелері толық жөндеуден өтіп, автоматтандырылған. Бүгінде Арыс жылыту маусымына да толық дайын. Зақым келген көшелер де жөндеуден өтті. Аяқжол 16 көшеде салынып, жарықтандыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Жарылыстан бергі үш айдан астам уақыт аралығында арыстықтардың баспанасын қалпына келтіру жұмыстары тынымсыз жүргізілді. Жалпы Арыс қаласындағы құрылыс алаңдарында бас-аяғы 134 құрылыс компаниясы жұмыс істеп, 3,8 мыңнан астам жұмысшы және 200-ден астам арнайы техника тартылды. Апаттан айтарлықтай зақым келген «Арыс-1» темір жол вокзалының ғимараты да толық жөндеуден өтіп, алдына саябақ салынды.
Жуырда «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ-тың төрағасы Сауат Мыңбаев Арыс темір жол стансасындағы көлік инфрақұрылымы нысандарын қалпына келтіру жұмыстарымен танысқан болатын. Шойын жол нысандарында жүргізілген барлық жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталған. Жарылыс салдарынан темір жол торабында орналасқан 60-тан астам қызметтік-техникалық ғимараттар, көптеген тұрғын үйлерге зақым келген еді. Қысқа уақыт ішінде толық қайта жөндеуден өткен, қала өміріндегі тарихи да маңызды нысан, көне темір жол вокзалы құрылысын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жүргізді. Биыл Арыс қаласының 1-темір жол вокзалына 115 жыл толып отыр. Іргетасы 1904 жылы қаланған көне ғимараттың іші-сырты толық жаңартылған. Ең бастысы, ғимараттың тарихи сәулеті сақталған, яғни көне жәдігерлердің бірі болып қала бермек. Жалпы алғанда тоғыз жолдың торабындағы шаһарды қалпына келтіру жұмыстары жүз пайыз орындалуға жақын.
Арыс қаласы үш айдан астам уақыт ішінде жұмыла жүргізілген жүйелі де нәтижелі жұмыстардың нәтижесінде көп өзгерді, жаңарып, ажарлана түсті. Құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліп жатқан нысандар да баршылық. Қала тұрғындары солардың біріне, яғни жуырда аяқталған тағы бір игі істің салтанатты рәсіміне, Арыс шаһарындағы сәулетті туындылардың біріне айналған кіреберіс қақпаның ашылуына қатысты. Құрылыс жұмыстарын міндетіне алып, қаржыландырған еліміздің Кәсіподақтар федерациясы. «Өңіріміздегі сәулеттік жобалардың ұлттық нақышта болғаны құба-құп. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған аумақты айшықтайтын нышандар жаңа жобаларда көрініс тапқанына назар аудару өте маңызды. Маусымдағы қайғылы оқиғадан кейін қолға алынған Арыс қаласын жақсылыққа бастайтын берекелі қақпа болады деп сенемін», деді ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев. Сонымен қатар өңір басшысы өз сөзінде қақпаның құрылысын қолдап, көмек берген еліміздің Кәсіподақтар федерациясы басшылығына алғысын білдірді. Қаланың бас қақпасы Арыс қаласының көркейіп, гүлденуіне бір кісідей жұмыла кірісу бүкіл елге ортақ іс болғанының келесі бір көрінісі іспетті болды. Салтанатты жиында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің сын сағаттарда ерен еңбектің үлгісін көрсеткенін атап өтті. Сондай-ақ бұл күні Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарына атсалысқан бірқатар азаматтар Премьер-Министрдің және республикалық Кәсіподақтар федерациясының Алғыс хатымен, «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Өнер жұлдыздары тосын оқиға орын алған алғашқы күннен бастап қала тұрғындарына қолдау көрсетіп келеді. Өткен аптада Арыс қаласындағы орталық алаңда еліміздегі өнер жұлдыздарының қатысуымен «Жаса, жайна Алашымның Арысы» атты концерт өтті. Халыққа мәдени-рухани серпіліс сыйлап, мерекелік көңіл күйді тарту ету мақсатында ұйымдастырылған шараға «Дос-Мұқасан» ансамблінің әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Арыс қаласының құрметті азаматы Ақжол Мейірбеков, халық әртісі, Арыс қаласының тумасы Нұржамал Үсенбаева, композитор-әнші Нұрлан Еспанов, Жанболат пен Жазира, Ләззат Байырбекова, Бейбарыс Серікбаев, Мақсат Айтжанов, Әлден Жақсыбеков, Фархат Ескенеев сынды Арыстан шыққан сахна саңлақтары мен «Фараб» би ансамблі қатысты. Шара аясында Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек қиын-қыстау сәтте қолдау беріп, көмек қолын созған барша қазақстандықтарға алғысын білдірді. Туған жерге келіп, перзенттік парызын көрсеткен өнер майталмандарына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің арнайы Алғыс хаты мен сый-сияпаттары табысталды.
Ал апта басында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен өткен аппарат мәжілісінің кеңейтілген отырысында алдымен Арыс қаласындағы құрылыс барысы мен жол, кәріз жүйелерінің жаңаруы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Сектор жетекшілерінің баяндауынша, қаладағы құрылыс және жөндеу жұмыстары аяқталу сатысында тұр. Дегенмен, құрылыс нысандары ауқымды Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары кестеде белгіленген мерзімнен кешігуде. Елордалық құрылысшылар міндетіне алған 1167 пәтерге күрделі жөндеу жүргізілсе, 287 пәтерлік үш көпқабатты үй жаңадан салынуда. Бұл аймақтарға қарайтын үйлердің құрылысы мен ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жалғасуда. Жалпы, облыс әкімінің мәлімдеуінше, Арыс қаласының экономикалық-әлеуметтік дамуы құрылыс жұмыстары аяқталған соң да қарқынды жалғасатын болады.