Батыс Қазақстан облысындағы Ақжайық шипажайында «Әлеуметтік серіктестікті дамыту: аймақтық даму ерекшеліктері» тақырыбында аймақтық форум өтті.
Форумға «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мирболат Жақыпов, осы бірлестіктің Ақтөбе облыстық филиалы жетекшісі Мутарита Сағындықова, Атырау облыстық филиалының төрағасы Шыңғыс Әбілов, Маңғыстау облыстық филиалының төрайымы Дина Адаева, «Батыс Қазақстан облысының Кәсіподақтар Орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Айгүл Есекенова, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы БҚО филиалының директоры Жанболат Даухарин, облыстық кәсіподақ ұйымының президиум мүшелері, аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары және төрайымдары, кәсіподақ мүшелері қатысты.
Өзекті мәселелерді әлеуметтік әріптестік шеңберінде шешу, кәсіподақ міндеттері мен мақсаттарын жүйелеу, кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғау, қолдау, жүйелі оқыту, еңбекті қорғауда қоғамдық бақылау жүргізу жүйесін жетілдеру мақсатында өткен форумда әр аймақтан келген меймандар баяндама жасап, тәжірибелерімен бөлісті.
Форум соңында «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мирболат Хабиұлы кәсіподақ қозғалысына және әлеуметтік әріптестікті дамытуға белсенді қатысқан бір топ кәсіподақ мүшелерін марапаттады. Бірқатар үздіктер «Мемлекеттік қызметкерлер кәсіподағының үздігі» төсбелгісіне ие болды.
Форумға қатысушылар үзілістен соң, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы БҚО бойынша филиалының маманы Лаула Нарушеваның тренингіне қатысты.