Бүгін сейсенбіде Жапонияның жаңа императоры Нарухитоның таққа отыру рәсімі өтеді. Салтанатты шараға әлемнің 200 елінің көшбасшылары мен құрметті қонақтар қатысады.
Осыдан алты ай бұрын мамыр айында Жапонияның бұрынғы императоры Акихито тақтан өз еркімен бас тартқан еді. Оның орнына 59 жастағы ұлы Нарухито отырды. Жапония тарихында соңғы 200 жылда алғаш рет басқарушы көзі тірісінде билікті мұрагеріне табыстады. Жапон дәстүрі бойынша ел тарихында жаңа басқарушымен жаңа дәуір келеді. Осылайша Нарухито императорының билік ететін уақыты Рэйва деп аталды, бұл жапон тілінде «гүлденген әлем» дегенді білдіреді. Нарухито мамыр айынан бастап билікті өз қолына алғанымен, Хризантема тағына ресми түрде бүгін отырады. Аталған күн елдегі билік ауысуын реттейтін ежелгі жапон жыл санағына сәйкес таңдалған. Мерекені атап өту үшін жапон халқына 22 қазанда бір күндік демалыс берілді.
Жапонияның министрлер кабинеті атаулы күнде императорға ерекше сыйлық табыс етпек. Мүсінді Мәдениет істері агенттігінің басшысы және мүсінші Рёхэй Мията жасаған. «Springen», немісше «секіру» деп аталатын 45-сантиметрлік туындыда мұхит толқынында жүзген дельфиндер бейнеленген. Автордың айтуынша, бұл жаңа дәуірге аяқ басқан ұлт үшін бейбітшілік пен үміттің бейнесін білдіреді. Жапония императорын таққа отырғызу жиі бола бермейтін рәсім болғандықтан, жапон және әлем жұртшылығы үшін бұл – тарихи маңызы бар оқиға.
Мұрагер ханзада Нарухитоға билікті алғаннан кейін Император сарайында салтанатты рәсімде билеуші монархтың «үш қасиетті қазынасын» –қола айна, яшмадан жасалған алқа және қылыш табыс етілді. Ежелгі жапон дініне сәйкес, бұл үш зат даналық, гүлдену мен батылдықты білдіреді екен. Осы сәттен бастап Нарухито монарх атанып, ел билеушісі ретінде халыққа үндеу жасады, сондай-ақ ол Премьер-министр, Парламент спикері мен жоғарғы сот төрағасын қабылдады. Бұрынғы император Акихито тақтан бас тартқанға дейін 2016 жылдан бастап барлығы 11 діни және дәстүрлі салт жораларын жасаған.
Заңға сәйкес, монарх отбасында саяси билік болмағанымен халық арасында патша отбасына ұлт тұтастығы мен ел бірлігінің белгісі ретінде ерекше құрмет көрсетіледі. Жапония патшасының отбасы әлемдегі ең көне монархиялардың бірі болып саналады.