• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Қазан, 2019

Әулиеата тұрғындарының тұрмыстық табысы жақсарады

182 рет
көрсетілді

Бүгінде Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы жалпы өңір халқының арасында кең қолдауға ие болып отыр. Пилоттық жобаға енген он ауылдық округтен бөлек, басқа да елдімекендердің тұрғындары игі бастамаға қызығушылық танытуда. Көптің көкейіндегі сауалдарға жауап беру үшін Жамбыл облысының әкімі, Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы Асқар Мырзахметов Байзақ ауданында қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындармен кездесті.

Кездесуге ауданның бес тұрғыны келіп, толғандырып жүрген өзекті сауалдарын жолдады. Айталық, Түймекент және Қызыл Жұлдыз ауылдық округінің тұрғындары Жомарт Мұхамбетжанов пен Асылбек Өмірзақов өз округтерінің жобаға қашан енетінін сұрап, ауылдастары да жоба аясында тұрмысын тіктеуге асық екенін жеткізді. Түймекенттік Жомарт Мұхамбетжанов ауылдастарының мал шаруашылығына бейім екенін, үй іргесіндегі жерлерді тиімді игеріп, екі айналымда да өнім алуға дайын екендігін айтып, тек қолдау болса деген ниетін білдірді. Ал, қызылжұлдыздық Жомарт Мұхамбетжанов өз округінде кооператив құрып, тиісті жұмыстарды бастап кеткенін айтты. Асқар Мырзахметов жобаның бүгінде пилоттық режимі жүзеге асып жатқанын айтып, тиісті қаражат қараша айының басында түсетінін жеткізді. Егер он ауылдық округтегі пилоттық жоба өз нәтижесін берсе, келер жылы өңірдегі барлық ауылдық округ түгелдей қамтылатынын мәлімдеді. 

Қоғамдық қабылдау кезінде өзге де азаматтар түрлі әлеуметтік мәселелерді көтерді. Сарыкемер ауылының тұрғыны, зейнеткер Қыдырәлі Оралов тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұрғандардың өтінішін жеткізіп, жер телімдерін беру мәселесін шешіп беруді сұрады. Айта кетейік, ауылдың Бас жоспарына сәйкес елді мекен шегін кеңейту мақсатында 217,33 гектар жер телімі енгізілген. Әкім ол жердің құнының тым қымбат екендігіне көңіл бөліп, оңтайландыру керектігін айтты. Сондай-ақ ол жердің суармалы алқап екенін ескеру қажеттігін жеткізіп, Байзақ ауданының халық тығыздығына назар аударды. Алайда жер телімдерін өзге аудандардың бос аумақтарынан берудің маңыздылығына тоқталды. Қабылдауда байзақтықтар тұрғындар үшін мәселе болып келе жатқан ауыз су, газ тарту мәселелерін де көтерді.