Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған алғашқы Жолдауында көптеген жайдың бетпердесін ашып айтып, жұрттың көкейінде жүрген көп мәселенің түйіні шешілеріне үміт отын жақты. Соның бірі – қарасымен сан молайтып, бірақ ісінде сапасы жоқ қайсыбір мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту болды.
Президент инфрақұрылымға бөлінген қаражаттың көбін шенеуніктер қалтасына басып алатынын жасырмай айтты. Соның салдарынан не таза су жоқ, не жөнді жол жоқ, ал инфрақұрылым болса баяғы жартас сол жартас күйінде қалған. Енді «судың да сұрауы бар» дегендей, мұндай, яғни өзге де салалардағы көптеген жүгенсіздіктерге бұғау салынатындығына сенім пайда болды. Мемлекет басшысы билік халықтың үніне енді жіті назар аударатынын баса айтты. Бұдан басқа да көкейге қонымды өзекті міндеттер жүктеген Жолдауда адамдардың тұрмысы, жұмысы, құқы мен әлеуметтік жағдайының басты түйткілдері ашыла түсті.
Мәселен, жұмыс демекші, қазіргі күні Құдайға шүкір еңбек етемін деген жанға, әйтеуір, екі қолға бір күрек табылатыны рас. Бірақ мына алмағайып заманда мәселе жұмысқа орналасу ғана емес, мәселе қызмет істеу барысында болып тұр. Өйткені жасыратыны жоқ, қазіргі есеп бойынша жұмыс істеу мәні көпшіліктің тек күнкөрісі ретінде саналады. Ал бұл орайда шенеуніктер қызметінің мәні мен сапасы ел тұрмысын өрге сүйрер күш ретінде ерекшеленуі тиіс. Олай дейтініміз, Қазақстанда шенеуніктер саны Жапония елімен салыстырғанда 80 есе көп болса да, ол елден озбақ түгіл, қатарласа да алмайды екенбіз. 128 миллион халқы бар Жапонияда бар-жоғы 9 мың мемлекеттік қызметкер болса, 18 миллион адамы бар біздің елде 100 мыңға жуық шенеунік бар көрінеді!.. Сөйте тұра Жапония экономикасының да, халқының әл-ауқатының да т.б. дамуы орасан жоғары. Бұл жағынан олармен үзеңгі қағыстырар саламыз да жоқ. Сондықтан біздің елді бәсекелестікте Жапониямен тең қоя алмайсыз.
Кез келген елдің қуатты болуы өз бюджет қаражатын тиімді пайдалана білуіне аса байланысты. Ал бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылған жерде немесе шенеуніктердің қалтасына кеткен жағдайда ел экономикасы да, халық тұрмысы да жақсармайды. Біліксіздік, яғни саны бар, сапасы жоқтық тиімсіздікке әкеліп соқтырады. Мәселен, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Н. Годунованың айтуынша, былтыр сапасыз бюджеттік шешімдердің кесірінен 138 миллиард теңге тиімсіз жұмсалған. Яғни, өткен жылы бюджет шығыстарының орындалуы 99,8 пайызды құраған, бірақ бюджеттік бағдарламалардың жоспарланған көрсеткіштері толығымен орындалмаған. Көрсеткіштер мен жұмсалған ақша арасында еш байланыс жоқ. Ал мұның сыры алыста жатпағаны белгілі.
Оның сыры жоғарыда аталған сапасыз атқарылатын қызметтің тиімсіздігімен қатар, мемлекет ақшасына зәулім үй, қымбат автокөлік, тіпті эбен ағашынан жасалған құнды жиһаз сатып алатын шенеуніктердің аз болмай тұрғандығында. Қазынаның қаржысына қол салған шенеуніктер қайтіп елдің көсегесін көгерте алмақ? Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен 2 мыңнан астам жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркеледі. Мыңнан аса адам жауапқа тартылады. Бұл – батпандап кіріп, мысқылдап шығатын кесел. Осы ауруды қазір шұғыл түрде емдемесек, ертең кеш болуы мүмкін», деді.
Енді бұл мәселеге дәл осы тұрғыдан қарап, тиісті шешімдер қабылдаған жөн екендігі Жолдауда жақсы айтылды. «Сонымен бірге 2020 жылдан бастап біз мемлекеттік қызметшілердің санын біртіндеп қысқартуға кірісіп, үнемделген қаражатты неғұрлым пайдалы қызметкерлерді ынталандыруға жұмсаймыз», деді Президент. Ендеше Мемлекет басшысы қадап айтқандай, пайдалы қызметкерлер саны артып жатса ел жағдайы жақсарып, мемлекет қуатының артарына да сенім зор.