• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Қазан, 2019

Қазақстандық этностар: елді өркендету жолында

729 рет
көрсетілді

Өткен аптаның аяғында Петропавл қаласында «Қазақстан этностары: еліміздің тарихи-мәдени дамуына қосқан үлестері» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Оған еліміздің орталық және солтүстік аймақтарынан осы саланы зерттейтін мамандар қатысты.

 

Аталған іс-шараны Ақпа­рат және қоғамдық даму минис­трлігінің қолдауымен «Рухани жаң­ғыру» қазақстандық қо­ғам­дық даму институты жә­не М.Қозыбаев атындағы Сол­­­түс­тік Қазақстан мемле­кет­тік университеті бір­ле­сіп ұйымдастырды. Дөң­гелек үс­телді Солтүстік Қазақ­стан мем­­лекеттік униве­рсите­­тінің проректоры, тарих ғы­лымдарының докторы, профессор Ақмарал Ыбыраева қысқаша сөзбен ашты. Ол Қазақстандағы этнос­аралық қатынастың тарихына қысқаша шолу жасап, қа­зақстандықтарды бір ұлт болып ұйыстыруда бірегей институт болған Қазақстан халқы Ассамблеясының айрықша рө­лін атап өтті. Сонымен бір­ге қа­зақстандықтарды бірік­тіру­де еңбек сіңірген этнос өкіл­дерінің де көп екенін, соның бірі неміс халқының өкілі, жазушы, аудармашы Герольд Бельгер екенін атай келіп, осы шараға қатысушылар түстен кейін осынау атақты жерлесіміздің 85 жылдығына арналатын мерекелік шараға қатысатындарын да ескертті.

Алғашқы болып сөз алған «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институты басқарма төр­ағасының орынбасары Роза Кәріпжанова осындай іс-ша­раның басқа жерлерде де өт­кізіп жатқанын және оның бас­ты мақсаты – мәдениет, білім беру және ғылым салаларында үлкен қызметтер атқарып, еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан қазақстандық этнос­тар өкілдерінің ортақ электронды мәліметтер базасын құру бойынша пікір алмасу және ұсыныстар әзірлеу екенін атап өтті. Сонымен бірге ол бү­гінгі диалог алаңына Нұр-Сұл­тан, Петропавл, Қарағанды, Қос­танай, Көкшетау қалаларынан тарихшы, этнограф ғалымдар, этносаралық қатынастар сала­сының жетекші мамандары, сондай-ақ этномәдени бірлес­тіктерінің өкілдері қатысып отыр­ғанын жеткізді.

Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Амангелді Қашқынбаев өз ұжымдарының «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық жобасы аясындағы өзекті зерттеу тақырыптары» туралы баян­дама жасап, олардың маңыз­дылығына назар аударды. Институт қабырғасынан шыққан зерттеу еңбектердің арасында қазақстандық ғұлама тарихшы Е.Бекмахановты қорғаған академик Анна Панкратова жайлы да еңбек жазылғанын атап өтіп, оның қазақстандық тарих ғылымына қосқан зор үлесі туралы айтты. Сонымен бірге ғалым «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде де көп еңбектер жазылғанын жеткізді.

Ал Алматыдағы Ш.Уәли­ханов атындағы Тарих және этнология институтының жетек­ші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Ал­тын Уәлтаева «Қазақстан хал­қы» интерактивті ғылыми тарихи картасын таныстырды.

Келесі болып сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Шер­зод Пулатов Нұр-Сұлтан қа­лалық ҚХА-ның қызметіндегі тенденцияларға тоқталып, көп­­­теген тәжірибелерін ор­таға сал­ды. Ал Президент мұ­ра­­ға­­тының бас сарапшысы Ев­ге­ния Чиликова «Қазақ­стан­ның көрнекті тұлғаларының өмірі мен шығармашылығын зерт­теудегі мұрағаттардың рө­лі» деген тақырыпта баяндама жасады. Қарағанды облысы мемлекеттік мұрағатының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңагүл Тұрсынова «Қарағанды облысының мемле­кеттік мұрағаты қорларындағы белгілі ғалымдар туралы құ­жат­тар» деген тақырыпта сөйлеп, тың­даушыларға тың деректер ұсынды.

Солтүстік Қазақстан облыс­тық мемлекеттік мұраға­тының директоры, тарих ғылым­да­рының кандидаты Сәуле Мә­лікова «Солтүстік Қазақ­стан облысының танымал жер­лес­тері» деген тақырыпта баяндама жасап, облыс өңірінде туып, Қазақстанның әлемге танылуы­на, экономикалық дамуына, мәдени өркендеуіне үлес қосқан этнос өкілдерін атап өтті. Соның ішінде Олимпиада чемпионы В.Винокуров, жазушы Иван Шухов және т.б. айтылды.

Ал Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік универ­ситетінің профессоры, тарих ғы­­лымдарының докторы Қа­дыржан Абуев «Ақмола облы­сының тарихы мен мәде­ние­тінің қайраткерлері» атты моно­графияның таныстырылымын өткізді.

Бұлардан басқа да бір­шама қызықты баяндамалар тыңдалып, дөңгелек үс­тел соңынан Қазақстан этнос­та­рының еліміздің тарихи-мәдени дамуына қосқан үлестері зор екенін қамтыған қарар қабыл­данды. Ал түстен кейін қонақтар атақты жерлесіміз, барлық қазақ «Гер-ағаң» деп атап кеткен Г.Бельгердің 85 жылдығына арналған республикалық ғылы­ми-тәжіибелік конференцияға қатысты. Онда алдымен «Ге­рольд Бельгер тағдырының жолдары» атты деректі фильм көрсетілді. Ал баяндама жаса­ғандар Гер-ағаңның қазақ әде­биеті мен өнерінің дамуына үлес қосқан еңбектері мен аудармалары туралы кеңінен әңгімелеп, басқа да көрнекті этностар өкілі қатарында оның орны айрықша екендігін тілге тиек етті.

ПЕТРОПАВЛ