• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
29 Қазан, 2019

Шекаралық аудан үшін бес жылдық бағдарлама әзірленеді

470 рет
көрсетілді

Ақсақалдар Марқакөл ауданын қайта құруды ұсынды. Алайда ол үшін 9 млрд.теңге қажет.

 

Еліміздің шекаралық аймақтарында халық санының жыл сайын азайып, мектептердің жабылып жатқанын, мемлекет тарапынан шұғыл шаралар қабылданбаса шекара бойына иен қалу қаупі төніп тұрғандығын газетіміз бұған дейін бірнеше мәрте көтерген еді. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстанның шекаралық аймағында орын тепкен мыңнан астам тұрғыны бар Күршім ауданының ең өзекті мәселесіне назар аударып, Үкіметке облыс әкімдігімен бірге Бұқтырма су қоймасына көпір салу үшін қаржы бөлу мәселесін қарастыруды тапсырған болатын.  

Шырайлы өлке, шұрайлы мекен Шығыс Қазақстанның Күршім-Марқакөл, Катонқарағай өңірлерінде соңғы 30 жыл мұғдарында халық саны екі-үш есеге дейін азайып кеткені көпшілікке белгілі. Осы ретте кезінде тарап кеткен аудандарды қайта қалпына келтіру жөнінде жергілікті тұрғындар тарапынан аз ұсыныстар айтылып жүрген жоқ. Мұндай ұсыныс кеше, 28 қазанда күршімдік-марқакөлдік ақсақалдардың облыс әкімі Даниал Ахметовпен кездесуі кезінде де айтылғанымен аймақ басшысы шекаралық ауданды дамытуға қатысты өз жоспарын фейсбук желісіндегі парақшасы арқылы жеткізді.

«Қазіргі таңда жыл сайын тұрғындарының саны азайып бара жатқан шекара маңындағы ауылдардың мәселесі өте өзекті екені белгілі. Бұл жағдай Тарбағатай, Катонқарағай аудандарына да қатысты. Болашағы жоқ ауылдар қатары, әсіресе, Күршім ауданында көп. Ақсақалдар Марқакөл ауданын қайта құруды ұсынды. Алайда ол үшін 9 млрд.теңге қажет. Сондықтан ауданды қалпына келтіргеннен бұрын бұл қаражатты тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға жұмсаған абзал. Бір айдың ішінде біз Күршім ауданының шекара маңындағы ауылдық округтерін дамытуға бағытталған бесжылдық бағдарлама жасаймыз. Оны аудан тұрғындары мен ақсақалдардың алдында қорғаймыз. Жоспарға инфрақұрылымды қалпына келтіру, ауылшаруашылық, кәсіпкерлік, білім мен денсаулық салаларын дамыту жұмыстары кіреді. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындары ашылады» деген облыс басшысы жақын арада ел Үкіметінде Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысына қажетті бюджетті қорғау жоспары тұрғанын да тілге тиек етті.

ӨСКЕМЕН