Бүгінгі таңда Жамбыл облысында жел, су, күн электр стансалары жұмыс істейді. Тиімді көздерден инвестиция тартудың нәтижесінде жұмыс істеп отырған стансалар өңір экономикасын дамытып қана қоймай, өз кезегінде мыңдаған жамбылдықтарды жұмыспен қамтып келеді. Бірқатар аудандардың ахуалының жақсаруына да серпін беруде.
Алайда қазір өңірде энергия тапшылығы өзекті мәселе болып отыр. Жамбыл облысында аталған мәселені шешу мақсатында жаңғырмалы электр энергиясы көздерін пайдалану жүйелі қолға алынып келеді. Бұл мақсатта өңірге тиісті инвестициялар да тартылуда.
Энергия тапшылығын жою мақсатында өңірдегі стансалардың қатары алдағы уақытта түркиялық «Глобал Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күн электр стансасымен толығатын болады. Бұл ретте Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов түркиялық «Глобал Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдерімен кездесіп, келісім арқылы екіжақты меморандумға қол қойылған болатын. Қазір аталған компания өкілдері өңірде 400 мегаваттық күн электр стансасын салуға ниетті. Егер жоба жүзеге асқан жағдайда өңірде Орталық Азиядағы ең ірі стансалардың бірінен саналатын «Burnoye Solar-1» стансасынан төрт есе көп электр энергиясын өндіреді деп күтілуде. Бұл мақсатта Асқар Мырзахметов жергілікті билік инвесторларды барынша қолдауға әзір екенін, оларға қажетті жағдай жасалатынын айтып отыр. Бұл үшін әуелі қажетті жер көлемін нақтылап, станса салуға қолайлы аймақты анықтау шараларын жүргізу маңызды болып отыр. Бүгінгі таңда облыста құрылысы жүргізіліп, нәтижесінде жұмыс істеп жатқан жел, күн электр стансалары бар. Бұл ретте аймақтың баламалы энергия өндіру бағытында айтарлықтай тәжірибесі бар деуге болады.
Сонымен келешекте Әулиеата өңірінен әлеуеті жоғары күн электр стансасы бой көтереді. Өз сөзінде «Глобал Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Булган Ахмет Дюран мен аталған компанияның бас директоры Уйгун Эюп Жамбыл облысы күн сәулесі көп түсетін өңір болғандықтан таңдау осында түсіп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, салынатын стансаға жел мен күннің қозғалысына ыңғайлы жаңа технологияларды пайдаланатындарын айтып, жұмысты бастауға дайын екендіктерін мәлімдеді. Сондай-ақ олар болашақта Қазақстанда 8 мың мегаваттық станса салуды да жоспарлап отыр екен. Ал Жамбыл өңірінен салынатын күн электр стансасы болашақта Орталық Азиядағы тағы бір ірі жоба болғалы тұр.
Жамбыл облысы