Қоғамдық тәртіпті қадағалап, ел тыныштығы сақтау – абыройлы міндет. Осындай міндет жүктелген қызмет барысында қатал жауапкершілікке бағынатын құқық қорғау саласының қызметкерлері аз емес.
Ал, Железин аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Нұрхан Алқамбекұлы Құлмағанбетовтің де полиция қызметіндегі өзіндік жолы бар.
Нұрхан Алқамбекұлы милиция деп аталатын қызметке еліміздің құқық қорғау орындары енді ғана жаңаша құрылып жатқан кезде, яғни 1991 жылы келіпті. Қатардағы милиционер, учаскелік полиция инспекторы бола жүріп, құқық қорғау саласындағы бүгінгі қызмет дәрежесіне жеткен.
– Қазір еске алсам, қызметтегі әр жылдың қиындығы, жетістігі, барлығы да шыдамдылыққа, өз ісіңе деген міндет пен жауапкершіліктен тұрады екен. Қатардағы милиционер, учаскелік полиция инспекторы болса өзіңе берілген аумақты жете білу маңызды. Сол аумақтың тыныштығына жауап бересіз, екіншіден, өмір бойы сабақ боларлық үлкен тәжірибеден өтесіз. Ол кезде компьютер, бейнебақылау болған жоқ. Тұрғындар бізге ғана сенім артатын. Қазір қауіпсіздікті сақтау үшін әр жерде бейнебақылау орнатылған. Тәртіп бұзушылыққа мониторинг жүргізіп, жедел жиыннан соң, жұмысқа кірісетінбіз, – дейді полиция подполковнигі.
Сөйтіп, 2005 жылы Нұрхан Алқамбекұлы Ішкі істер министрлігі жанындағы академияны бітіріп шығады. Академияны бітірген соң, елге қайта оралып, ішкі істер басқармасына қарасты Жол полициясында қызмет атқарады.
Өңірдегі Ақтоғай, Железин, Ертіс, Тереңкөл аудандарының жол полициялары қызметін бақылайтын бөлімнің аға автоинспекторы болады. Ал 2017 жылы Нұрхан Алқамбекұлы аудандық жергілікті полиция бөлімінің басшысы болып тағайындалады.
Елбасы ұсынған Ұлт жоспарының 30 қадамын жүзеге асыру аясында 2016 жылы елімізде Жергілікті полиция қызметі құрылғаны белгілі. Жергілікті полиция қызметі ұсақ құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік қағидатын ұстана отырып, жұмыс істейді. Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың профилактикасы, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс жүргізу, қылмыстық теріс қылықтар бойынша хаттамалық нысанда сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары жүзеге асырылады.
– Жергілікті полиция қызметінің басты мақсаты – ең алдымен халықпен тығыз қарым-катынас орнату. Олар көшелер мен басқа да қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықты оңалту арқылы халыққа жақын бола түседі, – дейді Н.Алқамбекұлы.
Қазір полиция подполковниигі Нұрхан Алқамбекұлы аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқаруда. Өзі қызмет атқаратын Железин – ерекше аудан. Ол Ресеймен шекаралас, орманды, Ертіс өзенінің жағасында орналасқан. Сондықтан аудан құқық қорғаушылары әртүрлі бағытта тынымсыз еңбек етуде. Заңсыз балық, аң аулаушылардың болмауын, қайыңды орманның сақталуын, мал ұрлығының орын алмауын, үйде қару сақтаушылардың оны өз еріктерімен өткізулерін қамтамасыз ету бағытына басымдық берілді.
Аудандық полиция бөлімі жергілікті халықпен Nur Otan партиясы аудандық бөлімінде қабылдаулар өткізеді.
– Жуырда Пятерыжск ауылынан А.Снегур деген азамат келіп, жоғалып кеткен ауылшаруашылық техникалары жайында хабардар етті. Осы оқиға бойынша арыз қабылданды. Қазір іздестіру жүргізілуде. Қабылдау күнінің жергілікті халыққа тиімділігі – әрқашан есік ашық. Тұрғындар сенімінен шығу – үлкен жауапкершілік, – дейді Нұрхан Алқамбекұлы.
Сонымен бірге аудан орталығындағы №1 мектепте аудандық полиция бөлімінің басшылығының, облыстық департаменттің Кадр саясаты басқармасы өкілдерінің қатысуымен, Ішкі істер министрлігі Қарағанды академиясына оқуға түсуге шақыру бойынша іс-шара өтті.
Кездесу барысында академияға қабылдау тәртібі, мамандықтар бойынша даярлау, медициналық комиссиядан өту, дене шынықтыру даярлығы бойынша нормативтерді тапсыру жөніндегі ақпараттар берілген.
Бұл күндері, яғни осы жылдың 15 қыркүйек пен 10 желтоқсан аралығына жоспарланған Железин ауданы аумағында «Учаске» жедел-профилактикалық шарасы өтуде. Жедел-профилактикалық шара барысында полиция қызметкерлері жаңадан көшіп келген тұрғындармен танысып, жергілікті тұрғындарға заң жүйесіндегі өзгерістер жайындағы буклеттер мен ескертпелер таратуда.
Сол сияқты «Жол бойындағы жолаушылар автобусы», «Қауіпсіз мектеп автобусы» шаралары да жалғасуда.
Ал Нұрхан Алқамбекұлының осындай тынымсыз қызметте жүргенде отбасына сүйікті жары – Анар Қылышбайқызы қарайды. Шаңырағында үш бала өсіріп отыр.
Ұлдары Айбек Алқамбек әке жолын қуып, құқық қорғау саласын таңдады. Үйде мейірімді, жұмыста адал әкенің тәрбиесімен өсті. Алматыдағы Ішкі істер министрлігінің академиясын бітірді. Ол бұл күндері полиция аға лейтенанты. Өңірдегі Ертіс ауданында қызмет етіп жүр. Қылмыстық істерді жедел іздестіру бөлімінің уәкілі.
– Қазір Ішкі істер орындарына, жергілікті полиция бөлімдеріне жас мамандар өте қажет. Полиция жайлы әртүрлі пікірлер айтылады. Бірақ, құқық қорғау саласының күндіз-түні халыққа арнаған қызметі – бұл жаңсақ пікірлерді теріске шығара алады. Біз жас полицейлерге сенім артамыз. Олар да біз секілді қызмет етіп, жоғары білім алып, ел тыныштығын сақтау үшін жастарды құқық қорғау саласында жұмыс істеуге шақырамыз, – дейді полиция подполковнигі Н.Құлмағанбетов.
Павлодар облысы