Қоғам дертімен бірлесіп күрескенде ғана ұтамыз. Соңғы жылдары сыбайлас жемқорлық дерегі туралы ресми органға хабар бергендерді көтермелеу шаралары қолданылып келеді. Мысалы, Атырау облысында 30 адам келеңсіз көрініске куә болып, үнсіз қалмай, тиісті қызметті құлақтандырғандары үшін жалпы сомасы 4,5 млн теңге көлемінде сыйақы алған. Бұл азаматтық қоғамның белсенділігін аңғартса, медальдың екінші беті бары секілді, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық деректерінің де көбейгенін көрсетеді.
Заң жүзінде қанша қатал шаралар қолданылып жатса да, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне толық тосқауыл болар емес. Атыраудағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жыл басынан бері 116 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады. Әсіресе мемлекет қаржысын талан-таражға салу, пара алу секілді келеңсіз жайттар жиі орын алып отыр.
–Биылдың өзінде 44 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы департаментінің басшысы Нығмеджан Сапаров. – Тіркелген қылмыстардың 55-і білім саласына, 15-і ауыл шаруашылығына, 11-і мәдениет, спорт, 6-уы әлеуметтік қамсыздандыру, 16-сы кәсіпкерлікті қорғау саласына тиесілі. Мемлекеттік бағдарламалардағы қаражатты жымқыру деректері бойынша 36 қылмыс анықталды. Сондай-ақ жергілікті әкімдікте 85 сыбайлас жемқорлық қылмысы әшкереленсе, мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзған 44 дерек белгілі болды. Осылардың барлығының кесірінен мемлекетке 273,4 млн теңге залал келтіріліп, соның 99%-ы кері өндірілді.
Биыл «Transparensy International Kazakhstan» ұйымы еліміздегі сыбайлас жемқорлық деңгейінің таралуына, осы кеселге бейім салалар мен мемлекеттік органдар жөнінде арнайы зерттеу жұмысын жүргізген. Әлеуметтік сауалнама қортындысы, әсіресе денсаулық сақтау саласында, полиция органдарының қызметі мен жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелінің жоғары екенін көрсеткен. «Осы тәуекелдерді жою мақсатында Агенттіктің Атырау облысы бойынша департаментімен «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің, «Адал жол», «Сапалы жол», «Саналы ұрпақ», «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы», «Бизнесті сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу» жобаларының қызметін үйлестіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп отыр», – дейді Нығметжан Сапаров. Мысал айтар болсақ, шілде, тамыз, қыркүйек айларында «Адал жол» жобасының жұмысшы тобымен темір жол саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністерін жою мақсатында «Атырау-Алматы», «Манғышлақ-Атырау», «Атырау-Ақтөбе», «Атырау-Нұр-Сұлтан» және «Ташкент-Ургенч-Саратов» бағыттарындағы пойыздарға 12 рет рейдтік іс-шара ұйымдастырылған. Нәтижесінде, билетсіз пойызға мінген 5 жолаушы, 50 кг заңсыз тасымалданған жүк, 2 техникалық кемшілік анықталып, 5 жолсерікке қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
«Бизнесті сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу» жобасы аясында «KAZAKH INVEST» АҚ Атырау филиалымен, Атырау облыстық кәсіпкерлік палатасымен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде кәсіпкерлердің 171 млрд 109 млн 900 мың теңгенің 13 инвестициялық жобалары қорғауға алынды. Кәсіпкерлерден түскен 17 өтініштің 15-і қанағаттандырылды. Кәсіпкерлерге көп жағдайда жер телімдерін алу, кеңейту, субсидия алу жұмыстары кезінде қиындықтар туындайтыны анықталды. «Яғни, көрсетілген жағдай «Transparensy International Kazakhstan» ұйымының зерттеуінде жазылған жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлықтың деңгейі бойынша мәліметтермен сәйкес келеді», дейді департамент басшысы.
Соңғы кездері Атыраудағы денсаулық сақтау саласы жиі сынға ілігіп кетті. Кадр жетіспеушілігі, медициналық қызмет көрсетудің төмендігі, азаматтардың қызмет көрсету сапасына көңілдері толмауы бұл салаға қойылатын сынның жүгін ауырлатып отыр. «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлерімен жүргізілген мониторингтік жұмыстар барысында да олқылықтар анықталған. Айталық «Атырау– адалдық алаңы» жобалық кеңсесі қызметкерлері облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің жанынан құрылған Арнайы мониторингтік топтың мүшелерімен бірлесіп, тамыз айында облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты облыстық балалар ауруханасында мониторингтік жұмыстар жүргізді. Сол кезде аурухана қызметкерлерінің зейнетақы жарналары зейнетақы қорларына толық және уақытылы түспейтіні белгілі болған. Аталған департамент өз кезегінде анықталған кемшіліктер бойынша шара алу жөнінде уәкілетті органдарға ұсыныс жолдап, нәтижесінде «Атырау облыстық балалар ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына айыппұл түрінде 2 500 003 теңге айыппұл салынып, қызметкерлердің зейнетақылары толығымен аударылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған жұмыстар мұнымен шектелмейді. Жаңа жобалар мен тың бастамалар қоғамның келеңсіз көрінісінің алдын алуды мақсат етіп отыр.
АТЫРАУ