Топқа салса тоқтамайтын, сөз сөйлесе сүрінбейтін өне бойы өнерге толы өрендер көпшіліктің батасымен көгеретіні белгілі. Елден алған батасын екі еселеп қайтарып жатқан жетістігіне жұрт сүйсінген оғыландарымыз жетерлік. Бүгінгі кейіпкеріміздің де тұла бойы тұнған өнер. Сол өнерінің арқасында Қазақстанның мәдени мәртебесін әлем алдында асқақтатып жүр.
Ол небәрі 13 жасында студент атанып, 17 жасында магистрант болып, 18 жасында магистрлік диссертациясын қорғап, өнертану ғылымының докторанты атанды. Ол – «Дарын» мемлекеттік сыйлығының ең жас иегері. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы 17 жасында ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «Мәдениет пен өнерді дамытудағы ерен еңбегі үшін» құрмет белгісімен марапатталған ең жас және жалғыз мәдениет қайраткері. Ол – Бах, Моцарт, Гайдннан бастап, қазіргі классиктерге дейінгі әлемдік классикалық шедеврлерді жинайтын Оңтүстік Иллинойс университетінің (АҚШ) «Discography» оркестрімен фортепианоға арналған туындыларды орындайтын әлемдік қордың қоржынына туындылары енген Қазақстандағы ең жас әрі жалғыз композитор. Ол – заманауи музыкаларды орындаушылар мен композиторлардың халықаралық академиясының ең жас қатысушысы.
Қарапайым отбасынан шығып, қарақұрым халықты аузына қаратқан ерекше талант иесінің есімі – Әбдісағин Рахат-Би Төлегенұлы. Жас композитор, пианист, халықаралық конкурстардың лауреаты Рахат-Биді еліміз түгілі әлем жұртшылығы да танып үлгерді. Біздің кейіпкеріміздің шығармаларын Еуропа, Азия және Американың симфониялық оркестрлері мен камералы ансамбльдері, атақты солистер орындайды. Оның музыкасы Азия мен Еуропа елдерінің белгілі концерттік залдарында жиі қойылады. Шығармаларының әлемдік премьерасы Прага, Лондон, Вена, Париж, Берлин, Сеул, Анкара, Ыстанбұл, Мәскеу, Рогашке-Слатине, Бергамо, Аркейе, Аликанте, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында өтті. Шетелдік сыншылар Рахат-Биге «қазақтың нағыз ғажайып құбылысы, мінезінде амбициясы, қолында ерекше күші бар асқан шебер пианист» деген баға берген. Ол – математиканы зерттеуге қызыққан, жан-жақты интеллектуал. 14 жасында «Математика және қазіргі заманғы музыка» (Алматы, 2013) және «Mathematics and Contemporary Music» (Almaty, 2013) ғылыми еңбектерін жариялады. «Гармонияның шеттері» атты шығармашылық жұмыстар жинағының авторы.
Жақында Италияның Милан қаласында Рахат-Би Әбдісағиннің «Сезілмейтін жұлдыздар серенадасы» туындысының әлемдік тұсаукесері өтті деген сүйінші хабар жеткен болатын. Еске сала кетсек, Рахат-Би Италияның үш бірдей атақты жоғары оқу орнына докторантураға қабылданған болатын. Олар – Джузеппе Верди атындағы Милан консерваториясына Master di II Livello (композиция), Чезаре Поллини атындағы Падуя консерваториясына Master di II Livello (фортепиано) және Рим қаласындағы Санта-Чечилия академиясына Corso di Perfezionamento (композиция). Осы жылы ол аталған оқу орындарын небәрі 20 жасында тәмамдады.
Өнер жолында өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгерген жас дарынды барлығы «Қазақтың Моцарты» деп атайды. Он екі жасынан музыка жаза бастаған ол көптеген беделді халықаралық жарыстардың лауреаты атанды. 100-ден астам музыкалық шығарманың авторы, соның ішінде кең ауқымды симфониялық және әртүрлі камералық шығармалардың авторы. Рахат-Би осыдан екі жыл бұрын наурыз айында П.И.Чайковский атындағы ММК-ден бір айлық тәжірибеден өткен болатын. Мәскеу қаласындағы аты аңызға айналған «Композитор» баспа үйінен Рахат-Би Әбдісағиннің «God’s dwelling» («Жилище Бога») мен «Over the vault of depth» («Над сводом глубины») атты симфониялық картиналарының партитуралары шықты. Дәл қазіргі уақытта Рахат-Би Әбдісағин әр жыл сайын 24 елден 200-ге жуық әлемге әйгілі музыканттар мен педагогтар қатысатын П.И.Чайковский атындағы жасөспірімдер конкурсының әділқазылар мүшесі болып табылады.
Сонымен бірге Р.Әбдісағин – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауының жеңімпазы.