Елімізде жыл сайын білім беру саласына айтарлықтай көңіл бөлініп отырғанымен, қоғамда білімнің сапасы туралы түрлі әңгімелер бар. Расында да әрбір жеткіншектің болашақтағы білім мен біліктілік деңгейі мектеп қабырғасындағы оқу үлгеріміне байланысты. Сонымен қатар халықтың арасында қала мен ауыл балаларының білім деңгейін өзара салыстыру да жиі байқалады. Сондықтан бүгінде қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасын реттеу мәселелері өзекті болып отыр.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында да бұл мәселелерге ерекше тоқталып, «Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы» деп атап көрсеткен болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын жою, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейту, оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру, дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау, оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету бағытында да нақты тапсырмалар берген еді.
Қазіргі кезде қала және ауыл мектептерінің арасындағы айырмашылық қандай, сонымен қатар ауыл мектептерінде білім беру сапасы қаншалықты жоғары деген сауалдың да туындайтыны рас. Бұл ретте тиісті сала басшылары да көптің көкейінде жүрген мәселелерді тарқатып айтып берді. «Расымен де, қазіргі уақытта ауыл мектептерінің жағдайы, ондағы білім берудің сапасы көп жағдайда сын көтермейтіні белгілі. Облыста 442 жалпы орта білім беретін мектеп болса, оның 358-і, яғни 80 пайыздан астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Ал ауыл мектептерінің 18,5 пайызы, яғни 66 мектеп саман кірпіштен салынған. Оның ішінде 32 мектептің ғимараты 60-шы жылдарға дейін салынған болса, қазір 3 білім беру ошағының ғимараты апатты жағдайда. Департаментіміз де өзінің құзіреті шегінде облыстағы ауыл мектептерінің жағдайын үнемі назарда ұстайды және ондағы білім берудің сапасын жақсартуға ықпал етеді», дейді Жамбыл облысы бойынша Білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Дәмеш Өскембаева.
Сонымен қатар қазір аталған департаментке балалардың құқықтарын қорғау бойынша жаңа функциялар берілуде екен. Департамент басшысы өзінің жұмысын жоспарлауда, оның ішінде профилактикалық бақылауды жүзеге асыруда ауыл мектептерін қамтуды көздеп отырғанын да жеткізді. Жоспарға сәйкес, соңғы 2 жылда 66 мектепте мемлекеттік бақылау шаралары жүргізілсе, оның 75 пайызы, яғни 49 бақылау ауылдық мектептерді қамтыған. Мекеменің мәліметіне сүйенсек, бақылау шараларының нәтижелері қалалық мектептермен салыстырғанда ауылдық мектептердің материалдық-техникалық базасының әлсіздігін, компьютерлік техникамен қамтамасыз етілуі мен интернет жылдамдығының, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда білім саласындағы заңнама талаптарын сақтау деңгейінің төмендігін, пәндер бойынша педагог кадрлардың тапшылығын көрсетіп отыр екен. Биылдың өзінде 22 ауылдық мектептің білім беру қызметін жүзеге асыру сапасына профилактикалық бақылау жүргізіліп, заңнама талаптарына сәйкес келмейтін бірқатар деректер анықталыпты. Мәселен, Қордай ауданындағы №34, №39, Жуалы ауданындағы №13, Меркі ауданындағы №30, Т.Рысқұлов ауданындағы Ақбұлақ, №4, Шу ауданындағы Ы.Алтынсарин, Мойынқұм ауданындағы Амангелді, Мыңарал орта мектептері сияқты білім нысандарында құрылтайшы құжаттарының «Білім туралы» Заңның 41-бабына сәйкес рәсімделмеуі орын алса, Жамбыл ауданындағы №2, №3, Ә.Ысмайылұлы, Байзақ ауданындағы №2, С.Сейфуллин, Қордай ауданындағы №10, №34, №39, Шу ауданындағы Ы.Алтынсарин, М.Мәметова, Меркі ауданындағы №15, №30, Т.Рысқұлов ауданындағы Ақбұлақ, Жуалы ауданындағы №13, №15, №16, Мойынқұм ауданындағы Мыңарал орта мектептері сияқты 17 мектепте «Күнделік» электронды журналының талапқа сәйкес толтырылмауы анықталды. Департамент берген мәліметке сүйенсек, тағы 11 мектепте балаларды 1-сыныпқа қабылдау Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы №564 бұйрығына сәйкеспеген болса 5 мектеп балаларды 10-сыныпқа қабылдау кезінде осындай қателіктерге жол берген. Өз сөзінде Дәмеш Өскембаева аудандық білім бөлімдерінің мектептердің жұмысын тиісті деңгейде ұйымдастырмауынан орын алған заң бұзушылықтардың да бар екенін атап өтті. Мәселен, өңірдегі 20 мектепте педагогтар біліктілікті арттыру курстарынан мерзімінде өтпеген болса, Байзақ, Жамбыл, Меркі, Қордай және Талас аудандарындағы бірқатар мектепте физика, химия, биология пәндері оқу-зертханалық жабдықтармен жабдықталмаған, технологиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмеген, аталған пәндер бойынша оқу кабинеттері де жетіспейді екен. Сонымен қатар Т.Рысқұлов ауданындағы №4, Талас ауданындағы Бірлестік, Мойынқұм ауданындағы Амангелді, Қордай ауданындағы №10 орта мектептеріне де музыка, ағылшын тілі, математика, технология, химия пәндерінен педагог мамандар жетіспейді. Бүгінде бірқатар мектеп үшін аталған пәндердің мамандарын табу қиынға соғуда. Жалпы, бақылауды жүргізу барысында департаменттің жауапты мамандары мен тартылған сарапшылар тарапынан педагогикалық ұжыммен кездесу өткізіліп, анықталған заң бұзушылықтарға талдау жасалады. Сонымен қатар оны жою бойынша ұсынымдар енгізіледі екен.
Білім беру сапасы көрсеткіштерінің бірі – оқу жетістіктерін сырттай бағалау нәтижелері екені белгілі. Биылғы оқу жетістіктерін сырттай бағалау облыстың 56 жалпы орта білім беретін мектептерінде өткізіліп, оған 4, 9 және 11-сыныптардан 8778 оқушы қатысқан. «Нәтижесі бойынша қала мектептерімен салыстырғанда ауыл мектептерінің көрсеткіштері төмен. 4-сыныптар бойынша 19 қалалық, 36 ауылдық мектеп қатысқан. Нәтижесінде, қала мектептері 20,5 орташа балл көрсетсе, ауыл мектептері 18,5, яғни 2 балға төмен. 9-сыныптар бойынша 20 қалалық, 36 ауылдық мектеп қатысқан. Қала мектептері 47,2 орташа балл көрсетсе, ауыл мектептері 41,7 көрсеткен, яғни 5,5 балға төмен. Ал 11-сыныптар бойынша 12 қалалық, 25 ауылдық мектептер қатысқан. Қала мектептері 64,1 орташа балл көрсетсе, ауыл мектептері 59,1 көрсеткен, бұл да 5 балға төмен. Сондықтан да Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды тиімді жүзеге асыру, оның ішінде қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын жою үшін жергілікті атқарушы органдар орын алған мәселелерді ескеріп, нақты шаралар қабылдауы қажет», дейді Дәмеш Өскембаева.
Қазір ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын күшейту, ауыл мектептеріндегі педагог кадрларға тапшылықты жою – басты мәселе. Бұл орайда Жамбыл облыстық білім басқармасының мамандары да өзіндік жоспарларымен бөлісті. «Білім басқармасы тарапынан ауылды жерлердегі білім сапасын көтеру мақсатында қадамдық жоспар әзірленуде. Ауыл мен қала мектептерінде мониторинг жұмыстары жүргізіліп, ауыл мектептерінде білім сапасының төмендеу себептері анықталуда. Өңірдегі білім мекемелерінің арасында рейтинг жүргізіледі. Оларға әдістемелік көмек көрсету, жұмысын персоналды бақылауға қою шаралары ұйымдастырылуда. Дарынды оқушыларды анықтау жұмыстары да жүргізілуде. Облыстық білім басқармасына қарасты мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларын өткізетін орталықтың да атауын өзгертіп, алдағы уақытта «Дарын» мектебін ашу жоспарлануда», дейді аталған басқарманың орта білім беру бөлімінің басшысы Айдын Досыбаева.
Білім мәселесі қай кезде де өзекті. Халқымыздың «Білімдінің күні жарық» деген ұстанымы да тектіліктен хабар беріп, рухани тұлғалыққа жетелейді. Әрине мемлекет тарапынан ауылды жерлердегі білім ошақтарына да жеткілікті көңіл бөлініп отыр. Тек барды ұқсату тиісті сала мамандарының міндеті болғаны жөн.
Жамбыл облысы