• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
100 30 Қазан, 2019

Бас басылымның айтары көп

267 рет
көрсетілді

Ел газеті – «Егеменнің» жүзжылдық мерейтойы ел ішінде өз сән-салтанатымен, мазмұн-мағынасымен аталып өтілуде. Облыстық әкімдіктің қолдауымен арнайы кесте жасалып, кеңінен қамтылған.

 

«Ұшқыннан» ұшқын шашқан, кейін жалынды сөздері жалын атқан, атауы әлденеше рет өзгергенімен, ел сөзін сөйлеуден, жақсылыққа жаршы, игілікке ұйытқы болудан жаңылмай келе жатқан басылымды сүйіп оқитындар өте көп. Өздерінің сүйікті газеттерінің мерейтойын да мерейлене атап өтуде.

– Аға басылымды қырық жылға жуық жан серігім етіп келе жатырмын, дейді Жақсы ауданының тұрғыны Алпыс Байшағыров ақсақал,– сырласым да, мұңдасым да сол. Ата газеттің айтары аз емес. Өзіңе не керек болса, соның бәрін табасың. Еліміздің өткен тарихы туралы Алаштың ардақты азаматтарының кешегі өткені бар, бүгінгісі бар, бәрі жазылуда. Ел қамын жеген, көптің жайын ойлаған көшелі сөз айтатын да осы басылым. Мен өзіме ой салған, көңілімнен шыққан материалдарды жинап қоямын. Қазір бірнеше папка болды. Ақсақалдар ел тарихын айтқан кезде өз пікірімді осы газетке шыққан деректермен толықтырып отырамын. Талас туа қалса, дәлелім де осы газетте жазылған материалдардың ішінде.

Щучье қаласында ел газетінің тойы тағылымды аталып өтті. Газет тарихын қамтитын «Егемен тарихы – ел тарихы» тақырыбында көрме қойылыпты. Онда газет редакциясында қызмет еткен қа­лам­герлердің жинақтары да бар. Алдымен ел газеті туралы бейнефильм көрсетілді. Оқырмандар газет туралы мол мағлұмат алғаннан кейін осы басылымда 25 жыл қызмет еткен қарымды журналист Бақберген Амалбек газет тарихы, онда Алаштың жақсысы мен жайсаңы қызмет еткені туралы кеңінен таратып айтып берді. Оқырман көңілінде қалған қадау-қадау ойлы материалдар да тілге тиек етілді. Ел еңсесін тіктеу, тәуелсіздігімізді баянды ету жолындағы басылымның қайраткерлік қызметі қағыс қалған жоқ. Газеттің Ақмола облысындағы меншікті тілшісі ретінде біз де басылымның бүгінгі тынысы, ел игілігіне сіңіріп жатқан қызметі туралы екшей айтып бердік. Оқырмандар да ойлы газеттің оңды шаруасына жоғары баға берді.

Дәл осындай кездесу Біржан сал ауданында да ұйымдастырылды. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен кездесуді аудан әкімі Ермек Нұғыманов ашып, ел газеті туралы тереңінен сыр толғап, ағынан жарылды.

– Ауданның бұрынғы Еңбек­шіл­дер атауынан арылып, Біржан сал атының берілуіне де «Egemen Qazaqstan» газетінің ықпалы зор болды, деді аудан әкімі. Егер оқысаңыздар, басылымның бет­те­рінен Алаш жұртының өткен тарихын, бүгінгі бейнесін анық аңғарар едіңіз. Газет өз алдына бір мектеп, өмір мектебі. Мәң­гі­лік елдің жасампаз бейнесін қа­лып­тастыру, сол биікке қалай жетуге болатындығын қолмен қойғандай етіп көрсетіп жатыр. Ел ішіндегі түйткілді де жасырмай айтып, одан шығар жолды да көрсетуде. Бірлікті үндеп, берекені нұсқауда. Ынтымақтың ырыс әкелетіндігін айтып жалпақ жұртқа жар салуда. Сондықтан алдағы уақытта «Egemen Qazaqstan» га­зеті босағасынан аттап, төріне озбай­тындар болса, жаздырып алуларыңыз керек.

Еңсесі биік, мазмұны ғажап, мағынасы адам айтқысыз ел га­зе­тінің төл мерекесі қасиетті Көкше өңірінде тойланып жатыр. Дәл осындай кездесулер облыстың барлық аудандарында өткізілмек.

 

Ақмола облысы