Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының ономастикалық комиссиясы өңірдегі бірнеше елдімекендер мен көшелерді қазақша атау туралы халықтың ұсыныстары мен жергілікті әкімдіктің қолдаухатын құптады.
Соның ішінде Тимирязев ауданына Сәбит Мұқановтың есімін беру туралы ұсынысқа оң қорытынды беріліп, көптен айтылып келе жатқан бұл шешім жоғарыға жолданып отыр. Бұл халықтың көптен күткен қуанышты жаңалығы еді. Қазақ әдебиеті классиктерінің бірі бола тұра Сәбит Мұқановқа өзі туған ауданның атын беру түрлі себептермен ұзаққа созылып кеткен. Енді соны Р.Әлішев төрағалық ететін облыстық ономастикалық комиссия қолдап отыр. Марқұмның туған жері осы ауданның аумағындағы Жаманшұбар деген қыстау екенін әдебиет сүйер қауым жақсы біледі.
Сәбең өз заманының озық ойлы, дарынды әдебиетшілерінің бірі болды. Қазақтың бірнеше буын ұрпағы оның шығармаларынан рухани нәр алып өсті. Оның қаламынан ондаған прозалық шығармалар, поэмалар, драмалар, публицистикалық дүниелер туды. Жерлестерінің мына сыйлығы алдымыздағы жылы сәуір айында келетін 120 жылдық мерейтойына үлкен сый болғалы тұр.
Сондай-ақ ономастикалық комиссия Петропавл қаласындағы Қазақ мектеп-гимназиясына ұлы Абайдың есімін беру туралы шешімді де қолдады. Бұл - жаңа жобамен салынған мың орындық ең үлкен қазақ мектебі. Оған 175 жылдығы қарсаңында ұлы Абайдың есімі берілгені өте орынды шешім болды.
Жаңадан ашылып, «№25 орта мектеп» деген атау алған тағы бір қазақ мектебіне атақты жерлесіміз, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Махтай Сағдиевтің есімін беру туралы ұсынысты да ономастикалық комиссия қолдады. Мәкеңнің атына Есіл ауданының орталығы Явленка селосынан да бір көше атын беру ұсынылған екен. Бұл ұсыныс та қолдау тапты.
Бұдан басқа бірнеше ауданның орталықтары мен ауылдарындағы көшелер мен мектептерге атақты жерлестеріміздің есімдерін беру туралы шешімдер мақұлданды. Соның ішінде жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың есімі өзі тұрған Шал ақын ауданындағы «Пришимка» орта мектебіне берілді. Ал Вагулино ауылындағы бір көше 100 жылдық мерейтойын тойлағалы жатқан еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанның» атына берілді.
Қазақы атаулардың арасында Ш.Уәлиханов, М.Жұмабаев, Абылай хан, Алаш, Достық және т.б. бар. Ал Новоникольское ауылындағы бір көше Еңбек Ері, марқұм Геннадий Зенченконың атымен аталатын болды.
Солтүстік Қазақстан облысы