• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Қазан, 2019

Маңғыстауда Қазақ тамақтану академиясы тұрғындармен кездесуде

379 рет
көрсетілді

Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің нутрициология кафедрасының меңгерушісі, Қазақ тамақтану академиясының жетекші маманы, медицина ғылымдарының кандидаты Майгүл Қайнарбаева келді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық денасулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінен хабарлады.

М.Қайнарбаева алдымен денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләзат Есенғалиевамен кездесті, онда өңірдегі дұрыс тамақтану мен емізу мәселелерін талқылады. Содан кейін Мұнайлы ауданына барып, медициналық қызметкерлер мен ата-аналарды көшпелі оқытуды бастады.

Апта бойы Майгүл Қайнарбаева жүкті және бала емізетін әйелдермен тығыз байланыста жұмыс істейтін өңірлік денсаулық сақтау саласындағы мамандармен кездеседі. Кездесулердің негізгі тақырыбы ана сүтінің артықшылығы мен жүкті және бала емізетін әйелдердің тамақтану ерекшеліктері болады.

-Бұл тақырып өте өзекті, өйткені бала денсаулығының негізі құрсақта қаланатыны белгілі, көп жағдайда жүкті әйелдің толыққанды және дұрыс тамақтануына байланысты. Жүктілікке дейін әйелге сау баланы көтеру үшін дайындалу қажет, гиповитаминоз, темір мен йод жетіспеушілігін емдеу керек. Осының бәрін біз «жасырын аштық» деп атаймыз, ол тұрақты әлсіздік, еңбекке қабілеттіліктің төмендеуі, шаршау, тітіркену сияқты көрінеді. Сондай-ақ жетіспейтін қоректік заттар-витаминдер, минералдық заттар, пайдалы ақуыздар, майлар мен көмірсулар тапшылығын жабу маңызды. Дәл осы нутриенттер болашақ дені сау баланың негізі және кепілі болып табылады. Бала емізетін әйел де белгілі бір тамақтану рационын ұстануы керек, өйткені қажет емес немесе толығымен алынып тасталатын тамақ өнімдері бар. Кейбір заттар ана сүтінің дәмін және құрамын өзгерте алады, нәтижесінде балалар ана сүтінен бас тартады. Баланың рационына қосымша тағам енгізілуін ескере отырып, әйелге баланы екі жасқа дейін емізу ұсынылады, деп түсіндірді Майгүл Қайнарбаева.

Тамақтану академиясының өкілі соңғы жылдары Қазақстанда жас аналардың көпшілігі өз балаларын емізуге тырысатынын атап өтті. Бұған салауатты өмір салты қызметінің, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының бала емізуді белсенді насихаттауы ықпал етеді.

-Қала әйелдері арасында белсенділік байқалады, осыған байланысты ауылдық елді мекендерде омыраумен емізуді насихаттау бойынша жұмысты күшейту қажет. Емізуден бас тарту балада иммунитетті төмендетіп қана қоймай, сүт бездері мен жыныс мүшелерінің патологиясына, әйелдің өзіне эндокриндік ауруларға әкелуі мүмкін, деп атап өтті ғылым кандидаты.

Майгүл Қайнарбаева айтқандай, дұрыс тамақтану мәселесі тек әйелдерде ғана емес, ерлер мен балаларда да байқалады.

-Дұрыс тамақтанбау нәтижесінде дамитын алиментарлы тәуелді аурулар - жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, семіздік, дене салмағының артық болуы жиі кездеседі. Оның үстіне бұл аурулар жасарып келеді. Ата - аналарға балалардың дұрыс тамақтану әдеттерін, тамақтану мәдениетін үйретуге болатын жасы бар екенін есте сақтау керек. 2014 жылы Қазақстанда біздің университет пен академияның жүргізген зерттеулеріне сәйкес, балалар мен ересек тұрғындардың 21 пайызы семіздік пен артық салмақпен зардап шекті, ағымдағы жылы бұл көрсеткіш ересектер мен балалар арасында 30 пайызға дейін өсті. Семіздік нәтижесі - жүрек-қантамыр патологиясы, жоғары қан қысымы, инфаркт және инсульт, қант диабеті, деді ол.

Көшпелі оқытуды Маңғыстау облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы «Салауатты өмір салтын қалыптастыру мамандарының Қауымдастығы» ЗТБ-мен бірлесіп Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының тапсырмасы бойынша жүргізеді.

 

 

Маңғыстау облысы