Испаниядағы парламенттік сайлауға санаулы күн қалды. Сәйкесінше өткен жұмада сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталды. Испаниялықтар өз таңдауларын 10 қарашада жасайды.
Елдегі елеулі саяси топтар алғашқы кездесулерін өткізіп үлгерді. Үкімет басындағы Педро Санчестің социалистер партиясы үгіт-насихат жұмыстарын мемлекеттің оңтүстігіндегі Севильядан бастады. Социалистердің басты қарсыласы саналатын Пабло Касада басқарған Ұлттық консерваторлар партиясы да сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына кірісіп кетті. Бұл жолы король VI Филипп мемлекет премьер-министріне үміткер ұсынбады. Оның айтуынша, елдегі саяси партия көшбасшылары үкімет басшысына лайық екенін дәлелдей алмаған, оған қоса халықтың да қолдауы аз болыпты. Испания парламентінің тағдыры ендігі сайлауда шешілмек.
Бұл – Испания үшін соңғы төрт жылдағы төртінші парламенттік сайлау. Кезектен тыс сайлауларға конгресмендердің бір шешімге келе алмауы мен коалиция жөніндегі сәтсіз келісімдері себеп болды. Үкіметті уақытша басқарып отырған Педро Санчес бұл жағдайға елдегі популистердің Подемос тобы мен оппозицияны кінәлайды.
Кеше елдегі әлеуметтік зерттеулермен айналысатын сарапшылар алдын ала жүргізген сауалдама нәтижесімен бөлісіп үлгерді. Көпшіліктің көзқарасына қарасақ, бұл жолы да Социалистік-жұмысшы партиясының мерейі үстем. Дегенмен сайлауға түскен партиялар жеңіс емес, оңды нәтижеге таласатынын айтып жатыр. Сауалдамаға сәйкес, консерваторлар бұл сайлауда екінші болады дейді.
10 қарашада Испанияның 350 орындық парламенті қалай өзгеретіні белгілі болады. Бұған дейінгі нәтижеге көз салсақ, сәуірдегі парламенттік сайлауда елдің социалистік-жұмысшы партиясы басым көпшіліктің дауысымен жеңіске жеткен еді. Осылайша социалистер партиясы 350 орындық депутаттар конгресінде 123 мандатқа ие болды. Сонымен қатар сәуірдегі сайлауда VOX оңшылдар партиясының парламентте 24 орынға қол жеткізуі испаниялықтардың көпшілігі үшін күтпеген оқиға болды.
Тарихқа назар салсақ, Испания қоғамы 1930-жылдардан бері оңшыл және солшыл қанатқа бөліне бастады. Елдегі оңшылдар санатында Испанияның халықтық партиясы, «Азаматтар» және VOX ұлттық партиясы бар. Ал солшылдар қатарында көп дауысқа ие болған Социалистік партиядан бөлек, Каталонияның республикалық партиясы, Подемос және VOX партиялары бар. Соңғы парламенттік сайлауға түскен 13 партияның салмағын сандармен сараптайтын болсақ, Социалистік-жұмысшы партиясы 123 мандатқа ие болып, өзгелерден озып шықты. Ал 66 мандатқа қол жеткізген Испания халықтық партиясы екінші орында. «Азаматтар» партиясы 57 депутаттық орынмен алғашқы үздікті түйіндеді. Парламенттегі 42 орынды Подемос иеленді. 123 орынды иелену де ел социалистеріне билікті түгелдей қолға алуға мүмкіндік бермеді. Депутаттардың бірауыздан шешімге келе алмауы халықты тағы бір рет сайлау учаскелеріне жинауға алып келді.
Сарапшылар үкіметті уақытша қолға алғанына да, өткен сайлаудағы үздік нәтижесіне де қарамастан, Педро Санчес үкімет басында қалатынына күмәнмен қарайды. Өйткені министрлер кабинетінің уақытша басшысы Каталониядағы шиеленіске оңтайлы шешім ұсына алмаған. Оқиға орындарын аралап, зардап шеккендердің көңілін сұраумен ғана шектелген саясаткерді халық Каталония автономиясының басшысы Ким Торрамен кездеспеді деп жазғыруда. Сондықтан бұл аймақтың таңдауы басқаға түсуі әбден мүмкін.
Мемлекетте шешілмеген мәселенің саны көп. Ең негізгісі Каталонияның тәуелсіздігі десек, одан кем түспейтін мемлекет конституциясын өзгерту ұсыныстары да ел ішіндегі тұрақсыздыққа себеп. Бұл сайлаудың соңы да нақты шешіммен аяқталары анық емес. Өйткені Мадрид пен Барселона арасында түйінін таппаған тек геосаяси ғана емес, экономикалық, қаржы, мәдени, тіпті лингвистикалық мәселелер де бар. Ал Испания ақпарат құралдарының хабарларына сенсек, тартысқа түскен партия басшылары ұсынған бағдарламаларының жартысын да орындап үлгермеген. Халықтың да көңілінен шығу қиын болса керек, партия көшбасшысы мәдени не тарихи мәселелерді қолға алса, Каталония тәуелсіздігі сияқты өзекті мәселеден жалтарды деп айыптайды. Сонымен, 10 қараша тек Испания үшін емес, тұтас Еуропалық Одақ, тіпті әлем үшін де маңызды болмақ.