Жаңаөзенде шешілмеген мәселелер аз емес. Оның бәрін бір сөзбен «Жаңаөзеннің жүгі» деуге болады. Әдетте Маңғыстау, Жаңаөзен туралы сөз қозғалса, «мұнайлы» деген тіркес қосарлана кетеді. Бірақ мұнай қорының да, мұнай өндірудің де шегі барын ескерсек, қаладағы тұрғындар санының артуы жұмыссыздық мәселесін өз-өзінен туындатады.
Бұдан бөлек, инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар салу, сондай-ақ баспанамен қамту, ауыз судың жеткілікті болуы сынды мәселелер тағы бар... Халық саны демекші, алдымен өзге республикалардан көшіп келушілер есебінен халқы күрт көбейген өңірде қазір табиғи өсім де қуантарлық жағдайда. Мысалы, халық санының динамикасы 1991 жылы – 57,6 мың адам, 2000 жылы – 66 мың, 2005 жылы – 79,4 мың адам болса, 2010 жылы – 118,7 мыңға, 2015 жылы – 140,6 мыңға, биыл тамызда – 152,7 мың адамға жетті. Қалада жылына орташа есеппен 3700-ге жуық бала дүниеге келеді. Шаһардың бас жоспары бойынша халық саны 2025 жылы – 150 мың адамға, 2035 жылы – 200 мың адамға жетуге тиіс.
Әлеуметтік түйткілді туындатар тұстар
– Халық санының өскенін назарға алып, мемлекеттік бағдарламалар аясында салынып жатқан құрылыс саласындағы өзгерістерді іске асыру мақсатында Жаңаөзен қаласын салудың 2025 жылға дейінгі бас жоспары қайта жасалып, ол қалалық мәслихаттың 2012 жылғы №9/78 шешімімен мақұлданып, облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілді. Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту – Мемлекет басшысының Жолдауын, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасын, «Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын», «Жаңаөзен қаласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру арқылы жүзеге асырылуда, – дейді Жаңаөзен қаласының әкімі М.Ибағаров.
Жұмыссыздықты ауыздықтау бағытында қалада жыл басынан бері 3 854 жаңа жұмыс орны құрылған. Биыл еңбекпен қамту орындарына 8625 адам жұмыссыз ретінде хабарласса, оның 4 700-і жастар. Қазір тіркеуде тұрған жұмыссыздар саны – 2 253 адам болса, оның 1 458-і – жастар. Жалпы қалада жұмыссыздық деңгейі – 2,9%.
Жұмыссыздықтан шығар жолдың бірі – кәсіпкерлік. Қалада қазір бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды атқарылуда. Жыл басынан бері 3 991 жұмыссыз жан әлеуметтік шаралармен қамтылған. «Бизнес бастау» кәсіпкерлік негіздері бойынша 44 адамға несие беріліп, жұмыссыздарды оқыту және қайта даярлау курстарына 30 адам жолданған.
– Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны қыркүйек айындағы көрсеткіш бойынша 1 391 отбасы, яғни 7 994 адамды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 114 адамға көбейді. Нақтырақ айтқанда, Жаңаөзен қаласы бойынша отбасына кіретін кіріс көзін есепке алмай төрт және одан көп 18 жасқа дейінгі балалары бар ата-аналарға төленетін ай сайынғы 10 605 теңге жәрдемақы 2018 жылдан бастап тоқтатылып, кедейлік шегінен төмен тұратын отбасыларға төлене бастады. Яғни АӘК алушылар санының күрт көбейгені биылғы сәуір айынан бастап белгіленген күнкөріс деңгейінің 70 пайызға өсуінен болып отыр, – дейді қала басшысы.
Жаңаөзенде білім беру ісін қаржыландыру қаланың жалпы бюджетінің 57,9%-ын құрайды. Балабақша мәселесі толық шешілген, 32 601 бала білім алатын қалада апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын мектептер жоқ. Алайда, педагогтар арасында кадр тапшылығы бар, мәселен 2018 жылы 20 маман жетіспесе, бұл көрсеткіш 2019 жылы 26 маман жетіспеушілігіне дейін артты.
Денсаулық сақтау саласы бойынша Жаңаөзен қаласында атқарылған жұмыстар да, шешілуі тиіс мәселелер де бар. Мәселенің бастысы – дәрігерлер арасында кадр тапшылығы. Мәселен, былтыр кардиолог, хирург, акушер-гинеколог, невропатолог, жалпы тәжірибелік дәрігер, неанотолог, маммолог және өзге де 29 дәрігер маман жетіспесе, 2019 жылы акушер-гинеколог, инфекционист, балалар анестезиолог-реаниматолог дәрігері, ЖТД дәрігер, окулист, лор, онколог, невропатолог дәрігерлердің жетіспеушілігі бар. Қала әкімі кадр жетіспеушілігін шешу жолы ретінде жас мамандарға бірреттік ақшалай көмек беру және тұрғын үй мәселесін шешу қажет дегенді айтады. Сондай-ақ Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның қаражаты есебінен «Жаңаөзен қаласындағы 50 кереуеттік стационары бар медициналық орталықтың құрылысын аяқтау» жобасының жобалық-сметалық құжаттамасына түзетулер жүргізіліп, бюджет қаражаты есебінен жұмысы тоқтап қалған «Жаңаөзен қаласындағы 180 кереуеттік қалалық аурухананың терапевтік корпус ғимаратын салу» жобасын қайтадан қолға алу қажеттігін жеткізді.
Жаңаөзендегі күрделі бағыттың бірі – тұрғын үймен қамту. Қала әкімінің айтуынша, биыл пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 80,6 мың шаршы метрді құрады, өткен жылмен салыстырғанда төмендеу көрсеткіш. Қала әкімі Мақсат Ибағаров мұны Жаңаөзен қаласында жеке тұрғын үйлерге арналған жел телімдері 2010 жылдан бастап бөлінбегенімен түсіндірді. Жалпы, Жаңаөзенде «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу кезегінде жетімдер, әлеуметтік осал топтар, бюджет саласының қызметкерлерінен құралған 4 444 арыз тіркелген.
Жаңаөзен қаласының жалпы аумағы 0,515 мың шаршы шақырымды алып жатыр, яғни облыс аумағының 0,3%-ын құрайды. Үкімет қаулысымен биыл бекітілген «Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында» Жаңаөзен қаласының шамадан тыс қоныстану проблемасын шешу, мұнай-газ саласы кәсіпорындарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, қала тұрғындарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын қолдау шаралары қабылданған.
– Бұл мәселелер экономиканы сапалық тұрғыдан өсіруді қамтамасыз етуге, халықтың әл-ауқат деңгейі мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған және қаланың әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ белсенді шағын кәсіпорындардың санын көбейту, жаңа жұмыс орындарын құру, күнкөріс және жұмыссыздық деңгейін төмендету, апаттық тұрғын үйлердің санын азайту күтілуде, сондай-ақ инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетін болады, – дейді қала басшысы.
Даму әлеуеті орташа моноқала болып айқындалған Жаңаөзенді жаңғырту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Алайда, халық санының тығыздығына байланысты бұл жұмыстар қаланың барлық мәселесін түбегейлі шешіп бере алмайтыны белгілі.
Кендірлі кентке айнала ма?
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елге оралған ағайындар есебінен Ақтау қаласы халық санын көтере алмай қайысып тұрды. Қайыстырған – қалың елдің қиын хал-жағдайы, нөпір мұң-мұқтажы – жұмыс, баспана, мектеп-балабақша, байланыс, жол-көлік... Бірақ бұл мәселені шешудің тиімді жолы жаңадан аудан құрып, қала іргесіндегі саяжайларды мекен еткен халықты тұтастай жаңа ауданға еншілеп беру болды. Осылайша, тәуелсіздік алған соң республикада алғашқы болып құрылған Мұнайлы ауданы – қазір облыстағы халық ең көп шоғырланған іргелі аудан, ен даладан бірнеше ақшаңқан ауылдар бой көтеріп, әлеуметтік нысандар салынды, жол-көлік қатынасы қалыпқа түсіп, тұрғындары әр салада нәпақаларын тауып жүр.
Іс басындағылар Жаңаөзендегі әлеуметтік жағдайды шешудің бірден-бір жолы ретінде Кендірлі өңірінен бастапқыда халық саны 5 мыңға жуық адамды құрайтын жаңа елді мекен құрып, оған аудан мәртебесін беру деп санайды. Яғни қала халқы санының өсуіне байланысты, қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету және жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында, Кендірлі аймағында жаңа елді мекен құру қажеттілігі туындауда. Егер Жаңаөзен қаласына қарасты Теңге, Рахат, Қызылсай ауылдары жаңа құрылған ауданның құрамына енген жағдайда, Жаңаөзен қаласының халық саны 81,3 мың адамды құрайтын болады. Бұл өз кезегінде жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне, ауыз су тапшылығының жойылуына, жер телімін алу және пәтер кезектерінің азаюына септігін тигізеді. Жаңа елді мекенді инженерлік инфрақұрылыммен, яғни электр мен газбен, сумен қамту, көшелерді жарықтандыру, резервуар салу, кәріздік жүйенің құрылысы, автомобиль жолдарын салуға шамамен 4,4 млрд теңге қажет. Ал 140 орындық балабақша, 600 орындық мектеп 1 млрд теңге, дәрігерлік амбулатория, әкімшілік ғимарат, дене шынықтыру кешені сынды әлеуметтік нысандармен қамтамасыз ету жобамен 2,1 млрд теңгені қажет етеді. Инженерлік инфрақұрылымның құрылысы кезінде 1500, әлеуметтік нысандар іске қосылғаннан кейін 460 жұмыс орыны құрылатын болады. Сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысына, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, ауылшаруашылық мақсатында жер телімдерін беру жұмыссыздық деңгейі төмендеуіне, ауылшаруашылық секторының дамуына жол ашады.
Жеке инвестициялар тарту арқылы қала құраушы кәсіпорын мұнай және газ өндірумен айналысатын зауыт салу 3-4 мың аралығында жұмыс орнын ашса, Түркиядан, Әзербайжаннан инвесторларды тартып, оларды белгіленген мерзімге дейін салықтық жүктемеден босату, яғни жеке инвестициялар тарту арқылы туризмді дамыту – қонақжай кешенін, аквапарк, казино салу да жаңа ауданның экономикалық тұрғыдан дамуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына сеп болады. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында Кендірлі аумағынан ауылшаруашылық жерлері беріліп, құс фабрикасын, жылыжайлар, ет, сүт өңдейтін цехтар салу да назардан қалыс қалмаған. Жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында халықаралық сауда-саттық секторының дамуы, теңіз порты арқылы сауда-саттықты дамыту мақсатында халықаралық сауда кешендерін құру, 2008 жылы ЖСҚ жасақталған, ұзындығы 102,9 шақырымды, құны 18,1 млрд теңгені құрайтын «Құрық-Кендірлі» автомобиль жолының құрылысын салу жұмыстары тұр.
– Жаңа аудан құрылғанда Жаңаөзеннен 5 мың адам көшіріледі, 20 мың жаңа жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық мәселесі жойылады. Ал Жаңаөзен қаласында тұрғындар саны 81 мың шамасында шағындалады. Бұл өз кезегінде облыстың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына, өңірде туризм саласы мен агроөнеркәсіп кешенінің дамуына мүмкіндік береді, – дейді Жаңаөзен қаласының әкімі М.Ибағаров.
Жаңаөзенде күн жылына басты мәселенің біріне айналып шыға келетін ауыз су мәселесі де Кендірліден су тұшытатын қондырғы салу арқылы шешілмек. Биыл қыркүйек айында Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен Жаңаөзенді дамытудың кешенді жоспары бойынша жиын өткен болатын. Аталған басқосуда Үкімет басшысының Жаңаөзен қаласындағы ауыз су мәселесін шешу жөнінде арнайы тапсырмасы болды. Осыған орай, «Кендірлі демалыс аймағынан қуаты тәулігіне 45-50 мың текше метр болатын су тұщыту зауытын салу» жобасы әзірленді. Бұған дейін техникалық-экономикалық негіздемесі техникалық су шығару бойынша дайындалған жоба енді ауыз суын тұшыту тұрғысында жүргізілмек. Бұл туралы мердігер мекеме «Қазақ мұнай және газ ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін сәуір айының соңына дейін әзірлеп, сонан соң жобаны үйлестіруші мекеме – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ атынан әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, зауыттың нақты қуатын анықтап, құрылыс жұмыстарын ең қысқа мерзімде аяқтайды» деген болатын «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай тасымалдау бойынша басқарушы директоры Н.Шманов Маңғыстау облысы әкімдігінде өткен басқосуда.
Сонымен, Жаңаөзеннің жүгін жеңілдетер жұмыстар жүргізілуде. Бұған дейін туристік орталықтың үздік үлгісі ретінде айтылып келген Кендірлі енді тағы бір қырынан танылып, Маңғыстаудағы жаңа аудан ретінде санатқа енуі мүмкін.
Маңғыстау облысы