Алматыда «Бизнес бастау» жобасы бойынша тағы 15 көп балалы анаға сертификат тапсырылды. Көп балалы аналарды оқытуды алғаш болып бастаған Жетісу ауданында бұл жоба әлі жалғасып жатыр. Аз уақыт ішінде көптеген әйел шаштараз ісі, визаж, тағам пісіру, пішу мен тігу секілді мамандықтарды игеріп шыққан.
«Мен – жас анамын. Көпбалалы отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» орталығында «Бизнес бастау» бағдарламасында оқып және өз бизнесімді бастау мүмкіндігін алдым. Қазір SMM курсында білім алып жатырмын. Көптеген осындай көпбалалы аналарға, әсіресе, біз сияқты жас аналарға осы «Бизнес бастау» бағдарламасы жарқын болашаққа қол жеткізу мүмкіндігін сыйлады», – деді көп балалы ана Айнұр Темірова
Жоба тренингі барысында курстың әрбір қатысушысы жаттықтырушының көмегімен көздеген істерін идеядан дайын бизнес-жоспарға дейін дамытуына мүмкіндіктері бар. Бітірушілер курсты тәмамдаған соң 505 мың теңге және 3 миллион теңге көлемінде мемлекеттік гранттарды алу үшін бақтарын сынай алады.
«Бүгінде осы жоба бойынша 154 адам оқуды тәмамдады. Оның ішінде 36 көпбалалы ана да бар. Бұл бағдарламалар арқылы біз тұрғындардың жұмысқа орналасуына, өз жобаларын іске асыруларына көмектесеміз. Министрліктің тапсырмасы бойынша «Менің кәсібім» атты 10 жобаны іске асырдық. Әсіресе, тағам әзірлеу немесе визаж секілді жеке істерін ашуы үшін қаржы қажеттілігі туындағанда біз оларды оқытамыз. Бұл жобада көп балалы аналарға шағын несие беру де қарастырылған», – деді Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Мақсат Қиқымов.
АЛМАТЫ