Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындылары және «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына ұсынылатын шаралар қаралды. Сондай-ақ Үкімет отырысында «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру барысы талқыланды.
«Бизнестің жол картасы-2025» басталады
Бірінші мәселе бойынша сөз алған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, Бизнестің жол картасының екінші бесжылдығын іске асыруда нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Қабылданған шаралардың негізінде Қазақстан Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингісінде 25-орынға ие болды. Бұл рейтингте еліміз 2015 жылмен салыстырғанда 16 позицияға көтерілді. Ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 28,4%-ға ұлғайды.
«2015 жылмен салыстырғанда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 400 мыңға көбейіп, 1,3 млн-ды құрады. Сондай-ақ ШОБ-та жұмыспен қамтылғандардың саны 300 мыңға өсіп, 3,3 млн адамға жетті», деді Ұлттық экономика министрі.
Бағдарламаны іске асыру үшін бюджеттен 282 млрд теңге бөлінді.
«Соның нәтижесінде 16 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері қаржыландырылды, 100 мыңнан астам кәсіпкер оқытылды, 15,5 трлн теңгенің өнімі өндірілді, 1 трлн теңге шамасында салық төленді», деді Р. Дәленов.
Бағдарлама бизнесті дамытуға мүмкіндік береді. Оған қатысушылар 7,1%-бен несие ала алады. Несиенің ең жоғары қолжетімді сомасы – 2,5 млрд теңге. 60 млн теңгеге дейін кепілдік беріп, 3 млн теңгеге дейін өтеусіз грант ұсынылады.
«Бизнестің жол картасы-2020» шаралары биыл аяқталады. Сондықтан бағдарламаның жаңа жобасы әзірленді.
Ұлттық экономика министрінің айтуынша, жаңа жобада мақсаттар мен міндеттер сақталған, қолдау құралдары жетілдірілген. Олардың тиімділігі мен қолжетімділігі арта түспек. Мәселен, айналым қаражатын несиелеу көлемі 60-тан 360 млн теңгеге дейін ұлғаяды. Қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру үшін микроқаржы ұйымдарының несиелерін субсидиялау және кепілдендіру енгізіледі.
Бағдарлама қатысушыларына жұмыспен қамту және салық түсімдерін арттыру талабы жетілдірілді. Кәсіпкерлерді әр сатыда қолдау күшейтіледі. Бұл – оқыту, несие және қолдау алу үшін тиісті құжаттарды дайындау және тауарларды өткізу жолдарын ұйымдастыру.
Р.Дәленовтің айтуынша бағдарламаның келесі кезеңіне 421 млрд теңге қарастырылған. Қаржыландыру өткен бесжылдық кезеңге қарағанда бір жарым есеге ұлғаяды.
«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасында нысаналы индикаторлар көзделген. Олар еліміздің 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес келеді. ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесін кем дегенде 35%-ға, өңдеуші өнеркәсіптің үлесін кемінде 13,4%-ға жеткізу көзделген», деді Ұлттық экономика министрі.
Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов бизнесті жүргізу негіздерін оқыту және кәсіпкерлерге кеңестер беру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша қолданыстағы бизнесті жүргізуге сервистік қолдау 200 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілеріне көрсетілді. Мұның сыртында моноқалаларда, шағын қалаларда және аудан орталықтарында 500 мыңнан астам кәсіпкерге ақпараттық қолдау жасалды.
«96 мыңнан астам кәсіпкер «Бизнес-мектеп» компоненттері бойынша тренингтен өтті, 174 кәсіпкер Германияда іскерлік тағылымдамадан өтті. 26 984 кәсіпорын ашылды, 19 553 рұқсат құжаты дайындалды, 649 млрд теңгеге қаржыландыруға көмек көрсетілді. Кәсіпкерлердің 45 500 жобасы сүйемелденіп, 2 млн еуро сомасына 24 келісімшартқа қол қойылды. 2015 жылдан бастап 2019 жылдың І тоқсанына дейін 97 147 кәсіпкер бюджетке 811 млрд теңге салық төледі», деді А.Мырзахметов.
Мәселені Премьер-Министр қорытындылады
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атап өткеніндей, мықты бизнес – экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі. Биыл мамыр айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысында ШОБ-тың рөлін күшейту және оның ел экономикасындағы үлесін 2025 жылға қарай кем дегенде 35%-ға жеткізу міндетін қойды. 2050 жылы біз 50% көрсеткішке жетуіміз керек. Оған қол жеткізу үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр, соның ішінде заңнамаға өзгерістер енгізілуде», деді А. Мамин.
Үкімет басшысы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдегенін атап өтті. 2010 жылдан бастап оны іске асырудың нәтижесінде 342 мыңнан астам жұмыс орны сақталып, 94 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Шағын және орта бизнестің ІЖӨ-дегі үлесі 2015 жылғы 24,9%-дан 2018 жылы 28,4%-ға дейін өсті. ШОБ өнімдерінің көлемі 13,3-тен 23,4 трлн теңгеге дейін өсті. Субъектілердің саны 900 мыңнан 1,3 млн-ға дейін өсті. Биыл Қазақстан Дүниежүзілік банктің Doing Business бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінде 28-орыннан 25-орынға көтерілді.
2015 жылдан бастап Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға 282 млрд теңге бөлінді, жаңа «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында бір жарым есе көп қаражат – 421 млрд теңге қарастырылған.
Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігіне қараша айының соңына дейін «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының қабылдануын қамтамасыз етуді, жыл соңына дейін қажетті нормативтік құқықтық актілердің қабылдануын қамтамасыз етуді, «Атамекен» ҰКП және «Даму» АҚ-мен бірлесіп, кәсіпкерлер арасында жаңа Бағдарламаның тәсілдері мен мүмкіндіктері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы халық өмірін жақсартады
Үкімет отырысында қаралған екінші мәселе – «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру барысы туралы баяндаған Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың айтуынша қазір еліміздегі 6 443 ауылда 7,7 млн адам тұрады (бұл – ел халқының 42%-ы).
«Бүгінде ауылдық жерлерде бірқатар шешілмеген мәселе бар. Ауылдың жартысынан астамында көшені жөндеу қажет. Инженерлік желілер тозуының жоғары деңгейі байқалады. Көптеген ауылда білім беру және денсаулық сақтау объектілері жөндеуді қажет етеді. Осыған байланысты ауылды дамыту үшін кешенді тәсіл қолдануды ұсынамыз», деді Р. Скляр.
Осы мақсатта бірінші кезекте қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен «Ауыл – ел бесігі» жобасы есебінен ауыл инфрақұрылымы жаңғыртылады, сонымен бірге Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Бизнестің жол картасы-2020», «Еңбек» және басқа да қолданыстағы бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлікті қолдау жүзеге асырылады.
Қазір даму әлеуеті бар 3 477 ауыл іріктелініп алынды, соның ішінде 1 150 тірек ауыл мен 200 шекара маңындағы ауыл бар. 2 327 ауыл спутниктік ауыл қатарына жатқызылған. Аталған елді мекендерде 6,6 млн адам немесе ауыл халқының 85%-ы тұрады. Бұл ауылдарды дамытуға басымдық берілмек.
Халық саны өсуінің, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығының жалпы қосылған құнның, халықтың жұмыспен қамтылуының жыл сайынғы өсу динамикасы бар осындай ауылдар ірі елді мекендерге жақын орналасқан.
«Бұл ауылдардағы мәселелерді кешенді шешу үшін біраз қаражат қажет. Алдын ала есептеулер бойынша 900 млрд теңге керек. Бұл қаржының 70%-ын немесе 630 млрд теңгесін республикалық бюджеттен, ал қалған 30%-ын немесе 270 млрд теңгені жергілікті бюджеттен бөлу көзделеді», деді Р.Скляр.
Қазір шамамен 700 мың адам тұратын 53 ауылда 30 млрд теңгеге 452 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда.
Бұлар әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды жөндеу және қайта жаңарту жөніндегі жобалар болып табылады. Қаражаттар жоспарлы түрде игерілуде.
«Сондай-ақ Тұңғыш Президент – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған ауылдарды абаттандыру бойынша ірі кәсіпкерлердің «кіші отанына» қамқорлықпен қарау мен меценаттық жасаудың жарқын мысалдары бар», деді Р.Скляр.
Инфрақұрылымды жаңғырту бойынша биыл оң нәтижелерге қол жеткізілді.
«Бұл жұмыстың бастамасы ғана. Оны 2020 жылы жалғастырамыз. Еліміздің барлық өңірлерінде ауыл инфрақұрылымын кең ауқымды жаңғырту басталады. Көзделген 30 млрд теңгеге 2020 жылы қосымша 50 млрд теңге бөлінетін болады», деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Жалпы бөлінетін қаражатқа 250 ауылда 1641 жобаны іске асыру жоспарлануда. Ауыл халқын жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және іске асырылып жатқан жобаларға жаңа дағды алу мақсатында ауыл жастары тартылатын болады. Жүргізіліп жатқан инфрақұрылымды жаңғырту ауыл экономикасын дамытуға жаңа серпін береді.
Ұсынылған шараларды тиімді іске асыру үшін республикалық Жол картасының жобасы әзірленді. Тірек және спутниктік ауылдарды 2027 жылға дейін дамыту кестесін жасау жоспарланған. «Ауыл – ел бесігі» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде әрбір ауылды қаржыландыру көлемі мен көздерін анықтау қажет. Ауыл экономикасын дамыту картасын әзірлеп, тиісті жобалық құжаттаманы дайындау керек.
«Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру 7 жыл ішінде 7 млн халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. 7 мың шақырымнан астам кентішілік көшелер салынып, жөндеуден өткізіледі. Барлық ауыл сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Әлеуметтік нысандарды жаңғырту бойынша кең ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Жалпы, барлық шаралар кешені ауылдарды одан әрі серпінді дамытуды қамтамасыз етеді, бұл өз кезегінде ел экономикасына оң әсерін тигізеді.
Осы мәселедегі өңірлердегі жағдай туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев баяндады.
Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр Асқар Мамин «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру Елбасының 2019 жылғы 27 ақпанда Nur Otan партиясының XVIII съезінде берген тапсырмаларына сәйкес басталғанын атап өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары бойынша әзірленген жоба аудан, қала мен облыстар бойынша аумақтарды дамытудың өңірлік бағдарламаларына берік негіз бола алады.
Премьер-Министр жобаны іске асыру аясында 7 жыл ішінде ауылдардың барлық инфрақұрылымын жаңарту, 7 мың шақырымнан астам жолды және ауылішілік көшелерді салу және жөндеу, тіршілікті қамтамасыз ететін инженерлік желілерді салу, сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз ету, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт объектілерін реконструкциялау және салу, сонымен қатар 130 мың жаңа жұмыс орнын құру арқылы 7 млн-ға жуық ауыл тұрғынының тұрмыс сапасын жақсарту күтіліп отырғанын атап өтті. Ол «Ауыл – ел бесігі» жобасын қаржыландыруды ұлғайту туралы ұсыныстар енгізуді, жылдар бойынша топтастырып және қажетті қаржыландыру көлемімен тірек және спутниктік ауылдық елді мекендердің тізімін қайта қарауды, сондай-ақ жыл соңына дейін 2020-2026 жылдарға арналған жаңартылған «Ауыл – ел бесігі» жобасын дайындауды тапсырды.
Келесі жылға жоспарланған заң жобалары
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспарының жобасы туралы Әділет вице-министрі Наталья Пан баяндама жасады. Әділет министрлігі Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мүшелерімен бірлесіп, Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспар жобасын әзірледі.
Жоспар жобасы Президент пен мемлекеттің стратегиялық құжаттарында айқындалған міндеттер негізінде әзірленген, онда 16 заң жобасын әзірлеу қарастырылған. Олар әлеуметтік қамсыздандыру, дене шынықтыру және спорт, арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары, ерекше тауарларды бақылау, көрнекі ақпарат және басқа да салаларды одан әрі дамытуға бағытталған.
Алдағы жылы 2 жаңа заң жобасын әзірлеу көзделіп отыр. Бұл – «Ерекше тауарларды бақылау туралы» және «Өсімдік әлемі туралы» заң жобалары. «Ерекше тауарларды бақылау туралы» Заң жобасын жаңа редакцияда әзірлеу ұлттық экспорттық бақылау жүйесін жетілдіру, сондай-ақ ұлттық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. «Өсімдік әлемі туралы» жаңа заң жобасын әзірлеу өсімдіктер дүниесі объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы қатынастарды реттеуді қамтамасыз ету, оларды тиімді басқару үшін жағдай жасау мақсатында қажет.
Бұдан басқа, алдағы жылы Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарынан туындайтын 2 заң жобасы Парламентке енгізілетін болады. Жоспар жобасында көзделген 16 заң жобасының ішінен Парламентке 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында – 4, ал екінші жартыжылдығында – 12 заң жобасын енгізу жоспарлануда.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 3 заң жобасын әзірлейді. Қорғаныс, Ұлттық экономика, Сыртқы істер, Мәдениет және спорт, Экология, геология және табиғи ресурстар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері 2 заң жобасынан әзірлейді. Қаржы министрлігі бір заң жобасын ұсынуы тиіс.
Бұл мәселе жөнінде «Әділет министрлігіне салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, енгізіліп жатқан заң жобаларының сапасына ерекше назар аудару керек», деген Үкімет басшысы тиісті тапсырмалар берді.