• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 08 Қараша, 2019

Өңіраралық интеграцияны дамыту жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

368 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Ресей арасындағы XVI өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысу үшін Омбыға келген Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесті. Мемлекеттер басшылары екіжақты қаты­настарды дамытудың перспек­тивалары мен өңірлік деңгей­дегі ықпалдастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

 Мақсат – өңіраралық һәм еларалық байланысты бекемдеу

Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжай­лылық танытқаны үшін Владимир Путинге ризашылық білдіріп, форумның тиім­ділігі мен табыстылығын атап өтті.

– 2003 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында Омбыда өңіраралық деңгейдегі алғашқы кездесу өтті. Бұл механизм толықтай іске қосылып, өңірлер ықпалдастығының тиімді құралы ретінде өзін дәлелдеді. Екі елдің аймақтары арасындағы сауда көлемінің артып келе жатқаны өте маңызды. Біз өнеркәсіп кооперациясында, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықта зор табыстарға қол жеткіздік. Сондықтан ауқымды жұмыс атқарылды деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Владимир Путин Ресей мен Қазақ­стан­ның арасын байланыстыратын дәс­түрлі форумның маңызды екенін айтты.

– Елдеріміздің арасындағы қарым- қатынастар табысты дамып келеді. Был­тыр тауар айналымы 14 пайыздан асты. Ин­вестиция көлемі ұлғая түсті. Біз тұ­рақ­ты түрде кездесіп отырамыз. Деген­мен ерекше назар аударатын мәсе­ле­лер әрқашан табылады, – деді Ресей Президенті.

Президенттер арасындағы әңгіме пленарлық отырыста өңірлер мен облыстардың басшылары, салалық мемлекеттік органдар мен екі елдің іскер топтары өкілдерінің қатысуымен жалғасты.

Қазақстан Президенті алдымен форумды ұйымдастырған Ресей тарапына алғысын білдіріп, бұл дәстүрді игі бас­тама деп атады.

– Омбы өңіраралық байланыстың негізгі орталығына айналды. Осыдан 16 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен форумның тұсауы кесілген болатын. Форум шекара маңы форматының шеңберінен асып, елдеріміздің өзара іс-қимылының толыққанды тетігіне айналды. Біріншіден, сауда-инвестициялық өзара іс-қимыл айтарлықтай кеңейді. 2003 жылдан бастап 2018 жылға дейін өзара сауда көлемі 3,5 есеге ұлғай­ды. 2018 жылы тауар айналымы 6,5 трлн теңгені құрады немесе 19 млрд АҚШ долларына жетті. Біздің ынты­мақ­тастығымыздың басты бағыты инвес­тициямен байланысты. 2005 жылдан 2018 жылға дейін Қазақстанға тікелей ресейлік инвестициялар ағыны шамамен 14 млрд доллар көлемінде болды. Қазақстандық кәсіпкерлер тарапынан Ресейге салынған инвестицияның жалпы көлемі 4 млрд доллардан асты, – деді Қазақстан Президенті.

Қазақстан басшысының айтуынша, елімізде бүгінгі күні 6800-ден астам ресейлік кәсіпорын мен 3200 бірлескен компания табысты жұмыс істеуде. Бұл шетелдік капиталы бар кәсіпорындардың жалпы санының үштен бірін (38%) құрайды. Мемлекет басшысы өз сөзінде мұнай, энергетика, қаржы, машина жасау, тау-кен өнеркәсібі, химия өндірісі және экономиканың басқа да салаларында бірлескен жобалар белсенді дамып келе жатқанын жеткізді.

– Екіншіден, энергетика саласындағы екіжақты өзара іс-қимылдың өсіп келе жатқан деңгейін ерекше атап өткім келеді. Мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық белсенді дамуда. Каспий құбыр консорциумы құрылған сәттен бастап «Теңіз-Новороссийск» мұнай құбыры арқылы әлемдік нарыққа 500 млн тоннадан астам мұнай жеткізілді. Бұл – айтарлықтай көрсеткіш. Консорциум сондай-ақ біздің елдеріміздің күш-жігерін бірік­тіру­ден және сапалы шетелдік инвестор­ларды тартудан алынатын синергия тұрғысынан тиімді. Біздің кәсіпорындар қазақстандық «Теңіз», «Королевское» және «Қарашығанақ» кен орындарында, сондай-ақ «Хвалынское», «Централь­ное» және «Құрманғазы» трансше­каралық кен орындарында бірлескен жұмыстар жүргізуде, – деді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар мұнай-газ химиясы саласындағы ынтымақтастық жаңа бағытта дамитынын, Орталық Азия мен Батыс Қытайда жетекші орынға ие болуға мүмкіндік беретін Алматы облысындағы «Лукойл» компаниясының дайын майлар өндірісін іске қосу жөніндегі жобаның аяқталғанын айтты.

–Үшіншіден, Еуразиялық экономи­калық одақ аясында үлкен жұмыс жүріп жатыр. Біздің өңірлер ЕАЭО аясында мүмкіндіктерді белсенді пайдаланады. Өзара сауда өсуде, жеткізілетін тауарлардың ауқымы кеңейтілуде, инвестициялар ұлғаюда. Сондай-ақ алдағы уақытта қол жеткізілген қарқын мен нәтижелерді сақтау үшін жұмыстар атқарылатын болады. Бұған қоса, 2025 жылға дейінгі еуразиялық интеграцияны дамыту стратегиясын қарау міндеті тұр, – деді Қазақстан басшысы.

Мемлекет басшысы келесі кезекте өткен жылы Ақтауда екі елден басқа Каспий маңы мемлекеттерімен бірлесіп тарихи келісімге қол жеткізгенін атап өтті. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылды. Конвенция табиғи ресурс­тарды ұтымды және бейбіт пайдалану үшін, тұтастай алғанда, Каспий теңізі бассейніндегі экономикалық ынтымақтастықты тереңдету үшін негіз болмақ. Көп жағдайда Қазақстан және Ресей басшылығының сындарлы іс-қимылының арқасында бұл тарихи уағдаластық шындыққа айналды.

Әлемдік экономика мен саяси жағ­дайды ескере отырып, Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы экономиканың тұрақ­ты өсуін қамтамасыз етудің және біздің елдеріміздің әл-ауқатын арттырудың маңызды құрамдасы екенін айтқан Қ.Тоқаев форум аясында сауда-экономи­калық ынтымақтастықтың оң динамикасын қолдау керектігіне назар аударды.

– Бүгінгі форум аясында осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылды. Біздің өңірлер мен компаниялар арасында 20-дан астам құжатқа қол қойылды. Бұл жұмысты үнемі және жүйелі түрде жүргізу керек деп есептеймін. Сонымен қатар біздің елдерімізде инвестициялар тарту және экспортқа жәрдемдесу үшін арнайы даму институттары құ­рыл­ған. Бұл институттар тауарларды жет­кізу мәселесін шешіп, өңірлердің инвестициялық және инфрақұрылымдық мүмкіндіктері туралы бизнесті ақпарат­тандыру мақсатында шекара маңындағы өңірлердің нарықтарын зерделеу бо­йынша бірлескен бағдарлама әзірлеулері тиіс. Сондықтан осы мәселелерге ба­сым­дық беру қажеттілігі туындап отыр, – деді Қ.Тоқев.

Қазақстан Президенті өз сөзінде жәр­меңкелер мен көрмелер өткізудің маңы­зы зор екенін, мұндай іс-шараларды өткі­зудің тәртібі мен кестесін анықтап, бұл жұмысты жүйелендіру қажеттігін, тиісті министрліктер осы мәселелер бо­йынша өңірлерге көмектесуі керектігін айтты.

– Бүгін біздің елдеріміздің эконо­мика министрліктері шекаралық ынты­мақтастық бағдарламасының тұжырым­дамасына қол қояды. Екі мемлекеттен 20-ға жуық облыс қамтылды. Енді жоба­ларды қаржыландыру көздерін қарас­­тыру қажет. Еуразия даму банкі­нің біздің ішкі нарықты дамыту жөнін­дегі жұмысқа белсенді араласу мүмкін­дігін қарастыру керек. Сондай-ақ шека­ра маңындағы өңірлердің инфрақұ­ры­лымдық әлеуетін кеңейту және дамы­ту қажеттігі туындап отыр. Қолданыс­тағы инфрақұрылым қазіргі заманғы талап­тарға сәйкес келмейді, бұл бағытта алда үлкен жұмыс күтіп тұр, – деді Қазақстан Президенті.

Шекара мәселесіне жекелей тоқ­талған Мемлекет басшысы қалыптасқан трансұлттық дәліздерді («Бір жол – Бір бел­деу» және «Солтүстік – Оңтүстік») еске­ре отырып, шекаралық өткелдерді жаң­ғыр­ту қажеттігін айтып өтті. Бүгінгі күні бірқатар қосымша өткізу пункттерін ке­ңейту және ашу қажеттілігі туындап отыр.

– Шекаралас Павлодар және Аты­рау облыстарында ресейлік кәсіпорын­дардың алюминий және мұнай-химия кластерлерін дамыту жөніндегі жұмысы үшін жағдай жасалған. Биыл мен Солтүстік Қазақстан облысында АЭА құруды мақұлдадым. Бұл кооперациялық байланыстарды дамытуға тағы бір серпін береді деп ойлаймын. Соңғы жылдары үшінші елдердің нарығына бірлесіп шығу мәселесі жиі көтерілуде. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Мемлекет басшылары деңгейінде біз еркін сауда аймағы туралы шарттар желісін кеңейту арқылы Вьетнам, Иран, Сингапур, Сербия және басқа да елдермен базалық шарттар жасай аламыз. Енді салалық министрліктер, өңірлер мен даму және экспортты қолдау институттары деңгейінде күш-жігер қажет. Біздің сарапшылар осы мәселе бойынша толық ұсыныстар ұсынуы тиіс, – деді Қ.Тоқаев.

Қазақстан басшысының айтуынша, екі елдің агроөнеркәсіп кешендері үлкен мүмкіндіктерге ие, тек ұтымды пайдалану керек. Бүгінде Ресей мен Қазақстан бидайды экспорттаушы елдердің ондығына кіреді. Қ.Тоқаев бұл бағытта екі ел бір-бірімен бәсекелеспей, керісінше, бірлесіп жұмыс істеуі керектігін айтты.

– Ауыл шаруашылығы кез келген экономиканың аса маңызды сектор­ларының бірі екені құпия емес. Бұл сала бақылаушы органдардың ерекше назарына ілінеді. Тек барлық тексеріс шегімен болуы керек. Сондықтан әкім­шілік кедергілерді болдырмау, туын­дайтын мәселелерді шешуде жедел­дікті қамтамасыз ету үшін тиісті ми­нистрліктер мен ведомстволар арасында толыққанды, күнделікті байланыс қажет. Осыған байланысты ветеринария, фитосанитария, карантинге жатқызылған өнімді бақылау салаларында туындайтын жағдайлар бойынша тиісті ведомство­лардың жедел өзара іс-қимылы­ның пәрменді алгоритмдерін әзірлеу­ді ұсынамын. Бұл орталық мемле­кеттік органдар мен өңірлік бөлімшелер деңгейінде болуы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Қ.Тоқаев сондай-ақ шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орта­лығын құру қажеттін атап өтті. Мұндай тәжірибе Қазақстан мен Қытай арасында барын еске салып, Өзбекстанмен осындай жоба белсенді пысықталу сатысында тұрғанын айтты.

– Мұндай жоба өңірлердегі эконо­микалық белсенділіктің катализаторы ғана емес, сонымен қатар біздің тран­зиттік-көліктік әлеуетіміздің толық іске асырылуын қамтамасыз ете алар еді. Екі ел арасындағы байланыс тек сауда-сат­тықпен шектелмеуі тиіс, өйткені мә­дени-гуманитарлық саладағы ынтымақ­тастықты дамытудың әлеуеті зор. Соны­мен қатар ғылым саласында тиімді бағ­дар­ламалар бар, – деді Қазақстан Прези­денті.

Өз кезегінде Ресей Президенті Вла­ди­мир Путин атқарылған жұмыс оң бағаға ла­йық екенін, маңызды мәселелердің екі та­рап үшін де назарда болғанын атап өтті.

– Ресей-Қазақстан стратегиялық се­рік­тестігінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын шекара маңындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылуы тиіс. Биылғы форум оның нығаюына ықпал ететініне сенімдімін. Өткен жылғы көрсеткіш бойынша та­уар айналымы өсіп, инвестициялардың көлемі артты, ірі жобалар іске асты. Назарда жүрген мәселелерді талқылауға форум таптырмас алаң болмақ, – деді Ресей Президенті.

Қазақстанның Ресейге экспорты неге төмен?

Қазақстан мен Ресей тарапының бірлескен жобаларының нәтижесінде жалпы сомасы 15 млрд теңгені құ­райтын келісімдер жасалған. Десе де, Қазақстаннан Ресейге тасымалданатын тауар көлемі салыстырмалы түрде Ресейдің біз тұтынып отырған тауарларынан әлдеқайда аз. Бұл ретте проб­лемалы мәселелерді кешенді түрде қарастыруға болады. Жалпы, екі ел арасындағы тауар айналымы биылғы жылдың 8 айдағы көрсеткіші бойынша 12,2 млрд АҚШ долларын құрады. Өткен жылмен салыстырғанда сәл де болса ілгерілеушілік байқалады. Дегенмен Қазақстанның биылғы экспорты мардымсыз межеден аса алмай отыр.

Ресми мәліметке сүйенсек, 2019 жыл­дың қаңтар-тамыз айларында Қазақстаннан Ресейге экспортталған тауар көлемі алдыңғы жылмен салыстыр­ғанда 1,3 пайызға төмендеп, 3,5 млрд АҚШ доллары болды. Ал керісінше, Қазақстанға Ресейден импортталған тауар көлемі аталған мерзім аралығында 1,7 пайызға өсіп, 8,7 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстаннан Ресейге негізінен шикізат экспортталады. Мы­салы, темір кендері мен концентраттары (11,3%), мыс кендері мен концентраттары (5,9%), уран (5,7%), бағалы металдардың кендері мен концентраттары (5,5%), тас көмір (4%), табиғи газ (3,5%), қара металдардың қалдықтары мен сынықтары (3,5%) секілді шикізат өнімдері тасымалданады. Ал Ресей тарапынан Қазақстанға жеңіл автомобильдер (2,9%), табиғи газ (2,2%), қара металдардан жасалған дәнекерленген құбырлар мен түтіктер (1,7%), шиналар (1,6%), темір жол немесе трамвай жүк вагондары (1,6%) тасымалданады. Бұған қоса, Ресейдің химиялық тауарлары мен азық-түлік өнімдері де үздіксіз тасымалдануда.

Ресейдің өнімін тұтынып, бірақ отандық тауарларды көрші елге өткізе алмай отырғанымызды Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов та жасырмайды. Оның айтуынша, қазақстандық өнімдерді Ресей аумағына өткізу бойынша заң аясында ешқандай кедергілер жоқ. Тек қолдан жасалған кедергілерді жергілікті басқарушы органдар туындатып отыр.

– Экспорт балансы сақталмай отырғаны белгілі. Бұл мәселені шешу үшін өңделген өнімдерді көптеп шығару керек. Дәл бүгінгі күні Ресейге темір кендері, мұнай сынды шикізаттарды экспорттап отырмыз. Кезінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында кедергілер алынып, заң негізінде барлық мәселе екшеленіп қойылған болатын. Десе де, облыс басшылары тарапынан аталған заңнама ескерілмей келеді. Бұл жолғы форум осындай олқылықтардың орнын толтыратынына сенім бар, – деді министр.

Б.Сұлтановтың айтуынша, ресейлік дүкендерде Қазақстан тауарларын қоюға небәрі 2 пайыз ғана орын берілген. Бұл да біздің өнімге қолдан жасалған қысастықтың бірі.

– Елімізде құрылғанына көп болмаған Сауда және интеграция министрлігі отандық тауарлардың мүддесін қорғау үшін жұмыс жүргізуде. Тауар айналымын одан әрі арттыру үшін екі мемлекет те бірлесе жұмыс істеуі керек. Мысалы, күні кеше Қытайға барған Қазақстан делегациясы Хубэй провинциясында кәсіпкерлер үшін шамамен 130 млн долларға келісімшарт жасасты. Айта кетерлігі, көрші Қытайға ресейлік кәсіпкерлер де өз өнімдерін кіргізуде. Ал егер біздің бірлескен жобаларымыз сыртқа шығып жатса, бұдан тек екі тарапқа да пайдалы болар еді, – деді Б.Сұлтанов.

Осы ретте Сауда және интеграция министрін неліктен қазақстандық өнімдердің Ресей нарығына емін-еркін ене алмай отырғанын сұрадық. Министрдің айтуынша, Қазақстанмен шекаралас Ресей облысының губернаторларына РФ басшылығы тарапынан бірқатар міндеттемелер қойылған. Көрші елдің сыртқы саяси ахуалы ушығып, санкциялардың астында қалуы елдің экономикалық жағдайын екі өкпеден қысқан қысылтаяң сәтте тұрғандығын аңғартады. Құрдымға кетпеудің бар амалы – Еуразиялық экономикалық одақ ел­деріне өз тауарларын ұсынып, негізгі тұ­тынушылардан айырылып қалмау. Дәл қазіргі саяси жағдайда Ресей тара­пының көрші елдерден келген бәсеке­лестеріне қысым жасаудағы басты се­бебі осы. Осы ретте ескеретіні, қазақстан­дық шағын және орта бизнес өнім­дері сапалы әрі ресейліктердің өнім­дерімен салыстырғанда анағұрлым арзан­ға түседі. Сондықтан ресейлік тұты­нушылар тарапынан сұраныс та жоғары.

 Шекара жайы алаңдатады

Форумның екінші күні «Жоғары технологиялар: Қазақстан мен Ресей өңірлерінің мүмкіндігі» атты көрмеге келген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов отандық БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Министрдің айтуынша, екі елдің өнер­кәсіптік кооперациясы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгін Ресей тарапының қатысуымен 10064 бірлескен кәсіпорын экономиканың әр саласында белгілі бір деңгейде нәтижеге қол жеткізді. Сонымен қатар, ол екі елдегі ең өзекті мәселелердің бірі шекарадағы өт­кізу пункттеріне қатысты да өз пікірін білдірді.

– Өткізу пункттері бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылады. Біздің Ресеймен екі арада 105 өткізу пункті бар. Бұл сала бойынша екі жақ та қандай мәселелер туындап отырғанынан хабардармыз. Біздің азаматтарымыздың шекарадан өтуін жеңілдету, жүк ағынын арттыру және экономика үшін қосымша серпін беру мәселесі көтерілуде. Бұл ретте бақылау-өткізу бекеттерін қаржыландыру, қайта жаңартуды толық жүргізу мәселелері де бар. Бұл мәселеге, бүгінгі күні Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметі жауап береді. 2020-2025 жылдар аралығында 6 өткізу бекетін жаңартатын боламыз, – деді Б.Атамқұлов. Оның айтуынша, алдағы уақытта мемлекет тарапынан бөлінетін қаражатқа байланысты нақты қанша өткізу пункті жаңартылатыны белгілі болмақ. Ресей тарапының бұл бағытта ешқандай жұмыс жүргізбей отырғанынан хабардар министр бұл форумда мәселе оң шешім табады деп сендірді.

 Жиырмадан аса құжатқа қол қойылды

Алдымен Қазақстан жағынан Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, Ресей тарапынан Экономикалық даму министрі М.Орешкин «Қазақстан – Ресей» шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасының тұжырымдамасымен алмасты, сонымен қатар Қазақстан мен Ресейдің Мәдениет министрліктері арасындағы 2020-2022 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламалары, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Ресей Федерациясының Көлік ми­нистрлігі арасындағы бірлескен іс-қи­мыл бағдарламалары екі тараптың өзекті мәселелерімен танысуы үшін ұсыныл­ды. Бұл бағдарламада екі ел шекара­сын­дағы өткізу пункттеріндегі пробле­ма­ларды шешу жолдары қарасты­рылған.

Қазақстан мен Ресей шекаралас өңір­лері ынтымақтастығы XVI форумы аясында екі ел жастары көшбасшыларының форумы өткен болатын. Екі елдің жас­тарын жақындастыру мақсатында Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен РФ Жастар ісі жөніндегі федералдық агенттігі (Росмолодежь) арасында Жастар саясаты саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Екі мемлекеттің өңіраралық мәселе­сін арқалаған форумда облыс әкім­дері арасындағы келісімнің орнауына басымдық берілмек. Осы ретте, Қос­танай облысының әкімі А.Мұхамбетов пен Челябі облысының губернаторы А.Текслер және Павлодар облысының әкімі Б.Бақауов пен Қорған облысының губернаторы В.Шумков облыстардың сауда-экономикалық, ғылыми-техни­калық, әлеуметтік, мәдени және гума­нитарлық ынтымақтастығын дамыту туралы өзара келісіммен алмасты. Сонымен қатар кәсіпкерлікті жандандыру мақсатында қазақстандық «Даму» қоры мен Ресей Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау банкі арасында ынтымақтастық туралы келісім орнады.

Пленарлық отырысты қорытындылау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жиында өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту үшін перспективалар мен мүмкіндіктер нақтыланғанын, болашаққа арналған мақсаттар айқындалғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар үкіметаралық деңгейде де, өңірлер деңгейінде де ынтымақтастық туралы 20-дан астам келісім жасалғанын атап өтті. Президент екі елдің өзара іс-қимылының маңызды бағыттарының бірі экология мәселесіне тоқталып, бұл саладағы проблемалар шекара талғамайтынын, сондықтан келесі форумның тақырыбын экологиялық мәселелерге арнап, оны 2020 жылы Көкшетауда өткізуді ұсынды.

Жиын соңында Мемлекет басшыларына Ресей-Қазақстан шекарасындағы өткізу пункттерінің жұмыс істеуі бо­йынша бірлескен іс-қимыл бағдарламасы таныстырылды. Жол картасында бес жыл ішінде 40-тан астам автомобиль және темір жол өткізу пункттерін толықтай қамту қарастырылған.Сондай-ақ дайын инвестициялық жобалар пулы ұсынылды.

 

Еркежан АЙТҚАЗЫ,«Egemen Qazaqstan» – Омбыдан (Ресей)