Тұғыры биік тұлғалар
Тар заманда тағдыры талқыға түссе де ұлттың мүддесін ұлықтаған тұлғалардың ерлігі әр кез ұрпақ жадынан өшпек емес. Міне, сондай қайраткерлердің шоғырында заманынан оза туған Алаш арыстары Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың ерлігі мен еңбегі бір бөлек әлем. Биыл қос арысымыздың туғанына 125 жыл толуы республикалық деңгейде әр өңірде атап өтілуде. Дегенмен, Шымкент қаласында алаштанушы ғалымдар мен зиялы қауым бас қосқан бұл жиынның жөні бөлек, жосығы ерек.
Қос тұлға да қазақ баспасөзінің қалыптасуына ықпал етіп, басшылық қызметтер атқарған, қазақ журналистикасының көшін өрге сүйреген қайраткер азаматтар. Екі қайраткер де Алашқа ой салар, ұлтының көкірек көзін ашар ағартушылық бағытта еңбек етті.
Шымкент шаһарының төрінде Алашқа адал асыл перзенттердің 125 жылдығына орай «Тұғыры биік тұлғалар» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шымкент қаласы әкімдігі ұйымдастырған конференцияны «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Д.Қыдырәлі жүргізді. Келелі жиында Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов тұшымды баяндама жасады.
«Туған елінің тәуелсіздігін армандап, сол үшін жанын пида еткен арыстарымыз Т.Рысқұлов пен С.Қожанов ұлысымның ұйытқысы саналатын Оңтүстік өлкесінен, соның ішінде қазақ елінің тарихы мен тағдырында ерекше орны бар қазыналы Қаратаудың екі басында бір жылы дүниеге келіп, бір жылы қапияда қаза тапты. Ұлы бабаларымыздың атамекені шежіре мен аңызға толы, шежірелі Қаратау, сырлы Созақ және асқақ Алатау мен қасиетті Қаратау түйіскен тұстағы Түркібасы, жер жәннаты Ақсу Жабағылы екенін біз мақтан тұтамыз. Қазіргі таңда қайраткерлердің қоғамдық-саяси қызметі мен әдеби-мәдени мұрасын зерттеу, зерделеу жұмыстары жан-жақты жүргізілуде. «Ынтымақты елдің – ырысы мол», дейді дана халқымыз. Ынтымағымыз ыдырамаса, біз үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды. Бірлігіміз жарасып, ынтымағымыз нығайса ғана Мәңгілік ел болу мұратына жетеміз. Осыдан 125 жыл бұрын бір жылы дүниеге келіп, 81 жыл бұрын бір күнде Мәскеу түрмесінде мерт болған тұлғалардың рухына арналған бүгінгі ғылыми конференция да біздің бірлікте екенімізді, ұлы бабаларымыздың аманатына адал екенімізді айғақтай түседі», деді қала әкімі.
Сөз тізгінін алған Қазақстан Ғалымдар одағының президенті, профессор Оразалы Сәбден тау тұлғалы Тұрар Рысқұловтың тұлғалық қалыптасуы мен мемлекеттік қызметтегі бейнесіне, экономикалық мұратына кеңінен тоқталып, қазақты бодандық қамытынан қалай құтқарамын деп арпалысқан тұлғаның қысқа ғұмырдағы тындырымды жұмыстары жөнінде әңгімеледі.
«Өткен жолымызды ой елегінен өткізсек, Қазақстан мен Орталық Азия халықтарын патшалық Ресейдің отарлық езгісінен азат ету идеясын жан-тәнімен іске асыруға еңбек еткен қазақ зиялыларының алғашқы легі – көрнекті мемлекет қайраткерлерінің мұраларын білудің, оларды қазіргі өмірге пайдаланудың маңызы зор. Бұл әсіресе келешекті жасайтын жастарға өнеге және қайрат-жігер береді. Солардың ішінде Тұрар Рысқұловтың сом тұлғасы ерекше көзге түседі. Нақты еңбектеріне тоқталар болсақ, Түркістандағы шаруалардың жағдайын экономикалық жағынан бағалай отырып, өлкедегі ауыл тұрғындарының шаруашылық жүргізуі үшін жер үлестіріп беруді және суармалық суға қол жеткізуді талап еткен. Тұрардың тікелей қатысуымен ортаазиялық ауылшаруашылық банкі құрылып, дихандарға несие ұйымдастырылған.Өзі басшылық жасаған кезеңде мақта шаруашылығы дамытылды. Бір сөзбен айтқанда, Тұрар Рысқұловтың талай жылдар бойғы күні-түнгі еңбектерінің көлемі – өте ауқымды, тындырған ісі – сан салалы. Ашығын айту керек, бұларды игеру үшін елімізде «Тұрартану ғылыми-зерттеу институтын» құрса, тұлғаның қыры толықтай ашылар еді», деді Оразалы Сәбден.
Қайырымды қала тұрғындарын өткен тарихпен, бабалар мұратымен сусындатқан конференцияда белгілі қожановтанушы ғалым, жазушы Бейбіт Қойшыбаев, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазіретәлі Тұрсын екі арыстың өмірі мен еңбектері хақында тарихи деректерге бай баяндама жасады.
Амантай Шәріп Түркі дүниесінің тарлан тұлғасы Мұстафа Шоқай мен Алаш арысы Сұлтанбек Қожановтың тағдырын тоғыстырған ең алдымен ел болашағын терең бағамдаған перзенттік мұраттастық пен парасатты мүдделестік екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, екі алыптың аралас-құраластығы Түркістан өлкесінде Қазан төңкерісіне дейін және одан кейін өрбіген саяси оқиғалармен сабақтасып жатқандығын айтты.
Ал Хазіретәлі Тұрсын Сұлтанбек Қожанов туралы мұрағаттар қойнауынан сыр шерткен тарихи баяндама жасады.
Жұмат Шанин атындағы Қазақ драма театрында өткен конференцияға Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан, Шымкент қалаларынан келген Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың өмір жолдарын зерттеумен айналысып жүрген ғалымдардың деректерге бай баяндамалары зал толы қауымды өткен тарихымызға саяхат жасатқандай әсерге бөледі. Бабалардың ерлігін ой елегінен өткізген жұрт жиын соңында тұлғатанушы ғалымдармен емен-жарқын пікір алмасып, рухани байып қайтты.
Айта кетерлігі, конференция жұмысының жемісі ретінде Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рыскұлов туралы тарихи тың деректер арнайы кітапқа жинақталып, іс-шара қатысушыларына ұсынылды.
Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде қазақтың бас газетінің қалыптасуына еңбек еткен Алаш арыстарын тануға арналған жиындар мен ғасырлық басылым – «Egemen Qazaqstan» газетінің мерейтойына арналған түрлі деңгейдегі мерекелік шаралар көптеп өткізілуде.
Ел газеті шырайлы Шымкентте
Біз 125 жылдығын мерекелеп отырған қос бәйтерек – С.Қожанов пен Т.Рысқұловты қазақ баспасөзінің көшбасшылары десек қателеспейміз. Анығында, қараңғы қазақ көгінде күн болып, қаймана қазақтың сауатын ашуға, хат танып, газет оқуға үйреткен де осылар-тұғын. Атынан ат үркетін Сталинге хат жазған да осы бір зиялы, қалам қуатымен қайраткерлігі қабысқан тұлғаларымыз еді.
Алғаш «Ұшқын», кейінгі саяси кезеңдерде атауы бірнеше мәрте өзгеріп, тәуелсіздік жылдары «Егеменді Қазақстан», «Егемен Қазақстан» болып жаңаша арнаға түскен байтағымыздың бас басылымының шыға бастағанына 100 жыл. Осы айтулы мерекеге орай ғасырлық басылым жыл басынан бері облыс орталықтары мен мегаполистерде түрлі шаралар шеруін өткізіп келеді.
Сондай игі шараның бірі Шымкентте өтіп, газет басшысы Дархан Қыдырәлі, басылым ардагері Сүлеймен Мәмет пен тәжірибелі журналист Қарашаш Тоқсанбай оқырмандармен жүздесті.
Әуелі шығармашылық топ кездесу өтетін кітапхана ғимаратында 100 жылдық тарихы бар басылымның өткені мен бүгінінен сыр шертетін кітап көрмесімен танысты. «Отырар» кітапханасында өткен байтағымыздың бас газетінің мерейтойлық кездесуін «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Мархабат Байғұт жүргізіп отырды.
«Замандар ағысымен ел газетінің мазмұн мен форматына өзгеріс енгіздік. Елде болып жатқан саяси-қоғамдық өзгерістерге дер кезінде үн қатып, ақпарат таратуда елдің көшін бастадық. Ең бірінші кезекте оқырман қауым үшін оқылымды, қызықты газет ұсынуға талпындық. Елімізде күрмеуі шешілмей, түйіні тарқатылмай жатқан өзекті мәселелерді газеттің бірінші бетінен беріп, үкімет пен жергілікті биліктің назарына ұсына білдік. Газетіміз ақпараттық қоғамға сай өз сайтын іске қосып, газеттің электронды жазылушылары үшін де жұмыс істей бастады. Бүгінде «Егеменді» Қытай, Моңғолия, Түркия, Еуропаның біраз елдеріндегі қандастарымыз да үзбей оқып келеді. Заман ағымымен редакцияның шығармашылық құрамына жастар қабылданып, журналистика факультетінің студенттері «Егеменнің» академиясында» дәріс алып, маман болуға машықтануда», деді Д.Қыдырәлі оқырмандармен кездесуде.
Салиқалы кездесуде ел газетінің ардагері Сүлеймен Мәмет басылымда жарық көрген тұшымды мақалаларға тоқталып, кеңестік кезеңнің өзінде де сын мақалалардың басылым бетінен жиі-жиі көрініс тапқандығын тілге тиек етті. Ұзақ жылдар бас басылымда білім, әлеуметтік сала бойынша қалам тербеген С.Мәмет өзінің шығармашылық ізденістерімен бөлісті.
Газеттің шолушысы Қарашаш Тоқсанбай Шымкенттегі оқырмандардың қазақ газеттеріне деген жанашырлығын айта келе, өзінің 30 жылға жуық газетте өткен өмірінен сыр шертті. Бір кездері облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде өндірістік тәжірибеден өткендігін еске алды.
Ал бас басылым басшысы «Егеменнің» көптеген оқырманы Оңтүстік өлкесінің тұрғындары екендігін айтып, жазылымға жанашыр ағайынға алғысын білдірді.
Оңтүстік өлкесі мен үшінші мегаполистің танымал қаламгерлері, белгілі журналистер, қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева, БАҚ өкілдері, кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар қатысқан кездесу сұрақ-жауап түріндегі еркін пікір алмасу алаңына айналды.
Жүздесу барысында қаламгерлер естеліктерімен бөлісіп, ел тарихындағы ерекше орны бар, ғасыр жасаған газеттің республика өміріндегі алатын орны мен маңызы туралы салиқалы сөз қозғады.
Кездесу барысында өңірде еңбек еткен ардагер журналистер Мархабат Байғұт, Бақтияр Тайжан, Шойбек Орынбай мен жергілікті журналистердің ақсақалы Байдулла Қонысбек «Egemen Qazaqstan» газетіне 100 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттады.
Қазақ баспасөзіне қамқор шымкенттік оқырмандар Нұр-Сұлтан қаласынан келген қонақтарға көкейде жүрген сұрақтарын қойып, жақсы сұхбатқа куәгер болды. Кездесу соңында газет ардагерлерімен естелік суретке түсіп, ғасырлық тойына құтты болсын айтып, шығармашылық табыс тіледі.
ШЫМКЕНТ