• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 15 Қараша, 2019

191 мың адам жүйеге қашан енгізіледі?

174 рет
көрсетілді

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің денсаулық сақтау саласына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетіні белгілі. Жаңа жүйеге Шығыс Қазақстан тұрғындары әзір ме? Халық бұл жүйе туралы біле ме? Оның артықшылықтары, басымдықтары қандай?

Осы және өзге де мәселелер об­лыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың төрағалығымен өт­кен міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру жүйесін енгі­зу мәселелері жөніндегі жер­гі­лікті штабтың отырысында жан-жақты талқыланды. Халық үшін маңызы зор мәселені ар­қау еткен жиынға Нұр-Сұлтан қала­сынан «Әлеуметтік медици­налық сақтандыру қоры» КеАҚ басқарма төрағасының орын­басары Марат Шоранов арнайы қатысып, әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру жүйесін енгі­зу елімізде қалай жүріп жатқа­нын, бұған меди­ци­налық нысан­дар­дың, дәрі­герлердің және тұр­ғындардың дайындығы қандай екендігін және олардың не істеу қажеттігін, нені білу керектігін тәптіштеп айтып, түсіндіріп бер­ді.

«Әр өңірде «Әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру қоры­ның» филиалдары бар. Қорға ай сайын төлем жасаған жағдайда кез келген тұрғын кеңейтілген медициналық көмек алады. Ме­дициналық сақтандыру жос­парлы стационарлық емдеумен және дәрі-дәрмекпен ғана шек­телмейді, осы жүйе арқылы жо­ғары сападағы медициналық қыз­мет­терді, оңалту жәрдем­дерін, консультациялық-диагнос­ти­калық көмек пен медбикелік күтімге де қол жеткізуге болады» дейді ол.

Міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру еліміздің әр тұрғыны үшін маңызды болғандықтан халықтың барлық топтарын, яғни еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қамтуы тиіс. «Әр тұрғын өзі­нің статусын egov.kz. порталы арқылы тексере алады. Бұл үшін өзінің ЖСН нөмірін теру қажет, сол кезде «Жұмысы бар», «Әлеуметтік төлем алушы», «18 жасқа дейінгі балалар», «Өзін өзі жұмыспен қамтушы ретінде тіркелген» деген хабарламаның бірі келеді.

Егер сізге «Статусыңыз анықталмады» деген хабарлама келсе, бұл сіздің жү­йеге тіркелмегендігіңізді көр­­сетеді. Сондықтан тез­де­тіп тіркелу қажет. Егер сіз жұмыссыз болсаңыз, Халыққа қызмет көрсету, Жұмыспен қамту орталық­тарына немесе әкімдіктерге хабарласу керек. Ал өзін өзі жұмыспен қамтыған азамат болсаңыз, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу керек немесе бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жүйесі арқылы төлеуге болады. Қор сонымен қатар «Saqtandyrý» деп аталатын арнайы плагин әзірледі. Осы плагинге ЖСН енгізу арқылы да тұрғындар статустарын анықтай алады. Өңірдегі барлық медициналық мекемелер өз сайттарына осы плагинді орналастырып қойса деген тілегіміз бар» деген Марат Шоранов 2020 жылы еліміз бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру жүйесіндегі тұр­ғындарды медициналық көмекпен қамту деңгейі 95 пайыз болады деп болжанып отырғанын жеткізді.

Ал Шығыс Қазақстан­да дәл қазіргі уақытта өңір тұрғын­­дарының 86 пайызы (1 373,5 мың адам) шартты түр­де сақтандырылыпты. Ал қалған 14 пайыз немесе 191,3 мың адам әлі де өкі­ніш­ке қарай бұл жүйеден тыс қалып келеді. Бұл 191 мың­ның ішінде жалданып жұ­мыс істейтін, шет- ­елге ба­рып-келіп жүретін адамдар да, жеке шаруа қожалықтары бар кісілер де, үйде бала күті­мімен отырған немесе аяғы ауыр әйелдер де, студенттер де, өзін өзі жұмыспен қам­тыған адамдар да бар. «Бұл ретте біз бірінші кезек­те облыстың қолдауына сү­йе­неміз. Барлық қалалар мен аудандардың әкімдері ор­та­лық ауруханалардың бас дәрігерлеріне қолдау біл­діргені жөн. Өңірдің бар­лық тұрғындары жаңа жүйе­ден тыс қалмауы, мін­детті түрде қаты­су­лары тиіс» деді М.Шоранов.

Жоғарыда атап өткен 191 мыңның 44 мыңы – өзін өзі жұмыспен қамтып отыр­ған және тіркелмеген жұмыс­сыз адам­дар. «Міндетті әлеу­­мет­тік медициналық сақтан­дыру жүйесінің енгізілуі­не аз уақыт қалды. Осы бағыт­тағы жұмыстарды ширату қажет. Облыстық Жұ­мыс­пен қамту және әлеу­мет­тік бағдарламаларды үй­лес­тіру басқармасы және об­лыстық Мемлекеттік кіріс­­тер департаментінің жауапты мамандары әлі де тір­келмеген 44 мың адам­мен дұрыстап жұмыс істеуі керек. Халық арасында тү­сіндіру жұмыстарын жүр­гізу­дің маңызы зор» деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова жиынды қорытындылаған сөзінде.

 

ӨСКЕМЕН